19 қыркүйек. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Түркістанның тарихы мың жарым жыл емес, 2 мың жылдан әрі асады. Түркі халқының көне ордасы – Күлтөбе қалашағындағы қазба жұмыстары осыны тағы бір рет дәделдеді. Қазір археологтар біздің дәуірге дейінгі 1-2 ғасырға жататын құнды жәдігерлерді тапты, деп хабарлайды Ұлттық арнаға сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Әз Тәукенің тұсында үш жүздің хан-сұлтандары, би-батырлары осында жиі бас қосқан деседі. «Күлтөбенің басында күнде жиын» деген сөз содан қалған. Алайда бұл қоныстың тарихы аталған тіркестен де терең. Күлтөбе – көне Яссы қаласының оңтүстік бекінісі. Әйгілі Қожа Ахмет Йассауи кесенесі небәрі 350 метр жерде мен мұндалап тұр.
Гүлжазира Ғалиқызы, тілші:
Ортағасырлық Йассауи кесенесін көру үшін әлемнің әр бұрышынан ағылған туристер, сол кесененің тура іргесінде, тарихы одан да терең, тіпті біздің дәуірімізден да әрі асып кететін қала барын білмейді. Міне, тарихтың терең қатпарынан қазылып алынған ежелгі Яссы қамалы. Бірнеше ғибадатханасы, дәліздері, баспалдақтарына дейін бар биік бекініс болғаны көрініп тұр.
Қуаныш Әбдіқалиұлы бастаған 188 адам қазір қамалды одан әрі індете қазып жатыр. Қазған сайын қазына шығып жатыр. Археолог қаншама үй, неге түрлі пішіндегі бөлмелерді, ошақ, құдық, тіпті бүтін бір көшені қазып алды.
Қуаныш Әбдіқалиұлы, археолог:
Батыс бөлігінен үлкен көше анықталды. Ұзындығы – 106 м, ені – 9,80. Жиектеріне домалақ тастар, «брусчатка» иек тастар қойылған. Айнала базар болған. Тұйық көшелер болған.
Жақында осы аулалардың бірінен әйелдің алтын әшекейлері, моншақтары мен тұмар бөлшектері табылған. Бұл қаңлы замананың сарқыншақтары. Жалпы қазба жүмыстары кезінде 3 бірдей дәуірге тән 6 мың артефакты анықталған. Олар күміс, қола тиындар, тандыр пештері, қыш құмыралар, балалардың ысқырық ойыншықтары. Ең үлкен олжа – араб қарпімен жазылған 2 кітаптың мұқабасы. Аталған жәдігерлер қалпына келтірілген соң, музей қорына тапсырылады.
Қырым Алтынбеков, суретші- реставратор:
Суреттерді жіберіп, қалай сақтап қалу керек деп ұсыныс айтқанда біз блокпен алып кеткенбіз. Қазір лабораторияда қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Күлтөбенің жалпы аумағы - 27 гектар. Археологтар биыл соның 9 гектарын аршып бітті. Қазба жұмыстары 3 жылға созылады. Содан соң мұнда «Күлтөбе қонысы» деп аталатын ашық аспан астындағы археологиялық парк құрылады. Сол кезде ғана тарихтың тереңінен қазылып алынған қаланы Түркістанға келгендердің бәрі тамашалайды.
Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ