18 қыркүйек. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі XVIII хатшылығының отырысы өтіп жатыр. Отырысқа ҚР Парламенті Сенатының төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы Дариға Назарбаева төрағалық етуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
«Осы күндері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бірінші съезі өткен кезден бері 16 жыл өтіп отыр. Сол сәтте қонақжай қазақ жері алғаш рет бейбітшіл, достық пейілді және жемісті конфессияаралық диалогты жүргізу үшін ашық алаңға айналған болатын. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу идеясының авторы болды. Өткен жылдары Қазақстанның орасан зор ядролық қару арсеналынан бас тартуына бастамашы болған, бүкіл әлем мойындаған бітімгер, Тәуелсіздік жылдары ішінде өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықтың тірегіне айналған елдің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын ең ірі әлемдік діндер мен конфессиялардың басшылары қолдады», деді отырысты ашқан Сенат спикері.
Сонымен қатар, ол Елбасының конфессияаралық диалог өткізу туралы идеясын сол сәтте барша әлем қызу қолдағанын еске салды.
«Содан бері Қазақстанның Тұңғыш Президентінің стратегиялық салмақты әрі көрген бастамасы өзінің өзектілігін жоғалтқан емес. Жаңа мыңжылдық басында ең жоғары деңгейде конфессияаралық ашық диалог өткізу нағыз революциялық іс еді. Ал бүгінгі күні ірі әлемдік конфессиялар басшыларының Еуразия кіндігінде кездесуі ізгі дәстүрге айналды», - деді Дариға Назарбаева.
Айта кетейік, бүгінгі отырыста Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съез қорытындылары мен Хатшылық қызметінің келешегі туралы пікір алмасылады. Содан кейін 2021 жылғы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезін өткізу бойынша ұсыныстар талқыланады.