29 тамыз. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz - Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде Нұр-Сұлтан өкілдігінің әйел ұстаздарына арналған жалпы жиналысы өтті, деп хабарлайды muslim.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Қаладағы 11 мешіт бойынша ұстаздық қызмет атқарып, дініміздің дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан ұстаздар қауымы жаңа оқу жылы қарсаңында жоспарларын бекітіп, жаңа жобалар жайын пысықтады.
Бас шаһардағы 11 мешіт бойынша Әйелдер-қыздар секторының жауапты маманы, ұстаз Динара Нұрғалиеваның жетекшілігімен өткен жиналысқа «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев қатысып, жұмыс бағыттарымен танысты.
Атап айтқанда, бірер күннен соң барлық мешіттерде басталатын Діни сауат ашу курсының жұмыстары, дәрістер мен сабақ жүйесі талқыланды. Сондай-ақ, әйел жамағаты арасында теріс ағым зардаптарынан сақтандыру мақсатында үгіт-насихат жұмыстарының жүйесі күн тәртібіндегі мәселелердің бірі болды. Отбасы құндылықтарын дәріптеу, әйел жамағатының білімін арттыру, түрлі мәдени шаралар ұйымдастыру, т.б. түйткілді тақырыптар қозғалған жиналыс барысында ұстаздар қауымы өз ойларын ортаға салды.