19 тамыз. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ішіндегі Бейне тарих құжырасына шеберлер дайындаған оюлы ағаш орындықтар қойылды, деп хабарлады «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің құжыра бөлмесінде «Қазақфильм» және «Оңтүстікфильм» киностудиялары түсірген деректі және анимациялық фильмдер зияратшылар мен туристерге тұрақты түрде көрсетіліп келеді.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне келген әрбір келуші жәдігерлермен қатар тарихи фильмдерді де көре алады. 2016 жылдан бастау алған бастама аясында Түркістанға қатысты деректі фильмдер тамашаланса, 2018-2019 жылдары «Алмас қылыш», «Көшпенділер», «Жаужүрек 1000 бала» көркем фильмдері мен «Күлтегін», «Мұзбалақ», «Көне құмыраның сыры», «Қажымұқан», «Қазақ Елі», «Отырарды қорғау», «Түркістан», «Оқсыз» анимациялық фильмдері ұсынылады», - делінген таратылған ақпаратта.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Цифрлы Қазақстан» жобасы негізінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген қазақтың хан-сұлтандары мен би-абыздары, батырлары мен игі жақсылары тізімі цифрлы форматта үш тілде әзірленсе, кесене ішінде 2 ақпаратты киоскі, шағын кинозал, 3D тур қызмет көрсетуде. Сондай-ақ, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің жаңартылған ресми сайтының мобильді қосымшасы да іске қосылған.
Дереккөз: baq.kz