26 шілде. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Өзге діндегі отандасымыз Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітіне өзгеше сыйлық жасады, деп хабарлайды мешіттің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Елордамыздың келбетін көркейтіп, ажарын арттыра түскен республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің сәулеті мен сұлулығы әлі күнге әсерін жоғалтпағандай. Қайта күн санап көз біткенді өзіне қаратып, жүрек атаулы өзіне шақырып тұратын рухани орданы арнайы зиярат етіп, алыстан іздеп келетіндер саны көбейе түскен. Елорда төріндегі Бас алаңды бүйірлей жайғасқан маңғаз мешіттің ұлттық нақыштағы ерекше сәулеті мен жамағатқа жасалған жайлылықтың арқасында болар, Бас мешіттен бұл күнде адам нөпірі үзілмейді.
Бір қызығы, бұл мешіт өзге дін өкілдерінің де үнемі келіп тұратын тыныштық мекеніне айналғандай екен. Жақында ғана өткен оқиға осы айтқанымыздың тұздығы болатындай. Елорда қаласында тұратын Сергей Прусаков христиан дінін ұстанса да, «Әзірет Сұлтан» мешітіне үнемі келіп тұратын көрінеді. Құлшылық ордасынан жанына жайлылық сезініп, жиі келіп тұруға тырысады екен.
Әсемдікке жаны құштар Сергейдің суретке түсірумен әуестенетіні де бар екен. «Әзірет Сұлтан» мешітін үнемі таспаға тартып жүретін ол осы туындыларын мешітке тарту етуді жөн санапты. Дегенмен, алғашында «христиан болғандығымнан, сыйлығымды қабыл етпей қоя ма» деген қаупі де болған екен. Алайда, оның бұл күдігі мен күмәні мешіт қызметкері Жандос Тәжімұратұлымен кездесе салысымен күлдей ұшыпты.
Сергейдің ақ ниетінен туындаған тартуын қуанышпен қабылдап, ізгі тілегін білдірген Жандос ұстаз асыл дініміздің кітап иелерімен жақсы қарым-қатынаста болуға үндейтінін айтып, құлшылық ордасының есігі келем деген жанға қашанда ашық болатынын жеткізді.