25 шілде. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz - 27-шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында #Birge #TazaQazaqstan қалалық экологиялық акциясы өтеді, деп хабарлайды muslim.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Акция аясында әуежайдан Қарағанды тасжолына дейінгі айналма жол бойындағы Есіл және Қарасу өзендерінің жағалауы тазаланады. Осыған орай, қала әкімдігі елорда тұрғындарын, еріктілерді, қоғам қайраткерлерін, экологиялық белсенділерді және барлық мүдделі адамдарды экологиялық акцияға қатысуға шақырады.
Қатысушыларды жинау және автобустарға отырғызу 9.00-де, Б.Момышұлы даңғылы 1, «Astana Music Hall» мейрамханасының тұрағында өтеді. Акцияның басталуы 10.00-де.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияға 1000-нан астам адам қатысады деп жоспарланған. Олардың арасында «РОП» ЖШС, Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы, БҰҰДБ, «Жас Отан» еріктілері, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің барлық басқармаларының қызметкерлері, сондай-ақ жастар ұйымдарының өкілдері болмақ.
Естеріңізге сала кетейік, 20-шілде күні Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласында қоқыс жинауға арналған экологиялық акция өткен болатын. Қоянды су қоймасында өткен #Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясы 1200-ден астам адамды қамтып, қойма жағасы 10 тоннадан астам қоқыстан тазартылған еді. Аталмыш шараға республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің қызметкерлері мен «Рухани жастар» қанатының еріктілері де белсене атсалысып, табиғат тазалығына өз үлестерін қосып қайтқан болатын.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен елорданың айналасындағы су нысандарын тазартудың асыл миссиясын жалғастыру үшін экологиялық эстафета алды және 2019 жылдың 27 шілдесінде экологиялық тазарту форматында акция өткізеді.