ҚМДБ жанынан құрылған «Зейін» оқырмандар клубы Мәуліт айының құрметіне орай «Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірі» тақырыбында рухани басқосу өткізді.
Астана қаласының кітапсүйер жастары жиналған рухани жиынға ҚМДБ Құран секторының меңгерушісі Серік қари Ахмет қатысып, ардақты Пайғамбарымыздың өнегеге толы өмір жолынан ғибратты мысалдарды бөлісті. Екі дүние сәруарының бір күні қалай өткенін, адамдармен мәмілесі, қоршаған ортаға құрметі қандай деңгейде болғанына тоқталды.
«Алла елшісінің өмір жолын баяндауға бір күн арнасақ та, таңды таңға ұрып жырласақ та жалықпаймыз. Сол себепті Ислам ғұламалары әрбір жазып қалдырған еңбектеріне Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірдерегін бағыт-бағдары еткен» деді Серік қари Полатханұлы.
Бұдан кейін жиын дастарқан басында жалғасып, мәуліт жыры оқылды. Жастар Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат пен сәлем жолдап, ел амандығы үшін дұға тіледі.