Кеше «Нұр Астана» орталық мешітінде құптан намазынан кейін Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз жамағатпен бірге намаз оқып, Құран Кәрімнің құндылықтары туралы көркем уағыз айтты.
Құранның өмірлік қағидалары: «Жан жылуы – жақсы сөзде» тақырыбында өткен салиқалы уағызында Бас мүфти қасиетті Құран Кәрімнің қасиетіне тоқтала келе:
– Құран Кәрім адамзат баласына ақ пен қараның ара-жігін ажырату үшін түскен ұлық кітап. Құрансыз дүниедегі ешбір нәрсе адам баласын бақытты ете алмайды. Отбасындағы тыныштық пен берекені тек Құран ғана бере алады. Әрбір мұсылман Құранды өзі оқи білгені абзал. Құран мұсылмандарға үмітке толы өмір сыйлайды. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өсиетінде: «Құран оқу – көңілдің шипасы» деген. Бұл туралы Алла Тағала қасиетті жалғыз кітапта: «Біз Құраннан имандылар үшін шипа және мейірім түсіреміз» деп сүйіншілейді. Егер мұсылман Құранды Алла разылығы үшін оқитын болса, Құран аяттары оның тәніндегі дерттерге өздігінен шипа бола береді. Құран құндылықтарымен сусындау – құлшылық етуге тәрбиелейтін ұлы жол. Және де Құран адамдардың ең жақсысын анықтайды, ол өзін оқушыға кешірім тілейді, мол сауапқа кенелтеді. Ең кереметі, Құран оқушыны Алланың Өзі еске алады. Құранның қай сүресін алсаңыз да, бізді өмір бойы тәрбиелеп, түзу жолға салуға арналған құнды қазына іспетті. Алла Тағала Құранда: «Шын мәнінде, Біз адамды ең көркем бейнеде жараттық», – дейді. Ал сол көркемдікті қаз-қалпында ұстап тұратын, жан дүниеңізді нұрландыратын қасиетті кітап екенін ұмытпайық. Асыл дініміз Құран арқылы адамға екі дүниенің қуанышы мен сыйына, бақыты мен берекетіне жетелейтін тура жолды көрсетеді. Адамның бүкіл өмірін, амалын ізгілікке, қайырымдылыққа бағыттайды. Алла Тағала баршамызды ауызбіршілігімізден айырмасын. Тәуелсіз еліміздің егемендігі баянды, мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болғай!» деп жүрекжарды тілегін білдірді.
Қасиетті Құранның екі дүниедегі пайдасы мен сауабы туралы салиқалы уағыздан жамағат ерекше әсермен тарқасты. Көркем насихат соңында Бас мүфтиге жиналған қауым алғысын жаудырып, ақсақалдар ақ батасын арнады.
ummet.kz