Әһлі сүннет ғалымдары: «Алла Тағала ежелден бар әрі мәңгілік кәләм сипатымен сөйлейді. Кәләм оның затында бар болып, затының өзі де емес, одан бөлек те емес. Жоғалып та кетпейді. Кәләм сипаты әріптер мен дыбыстардан құралмайды. Бөлшектер мен бөлімдерге де бөлінуі мүмкін емес» дейді.
Мұғтазила ғалымдарының көпшілігі Алла Тағаланың ежелден мүтакаллим (сөйлеуші) болмағандығын, сөйлеу қасиетін өзі жаратып, сол арқылы сөйлегендігін, сондықтан оның кәләмін кейіннен жаратылған деп есептеп, затына тән емес деп тапқан. Бірақ, бұл туралы ғалымдарының арасында түрліше қайшылықтар туындаған. Кейбіреулері: «Алла Тағаланың кәләмі – дыбыстар мен әріптерден тұрады. Бірақ, бұл әріптер мен дыбыстарды айтатын орында (мәселен, Жәбірейілдің уахиді пайғамбардың көкейіне салуы арқылы) жарату арқылы мүтакаллим болады» десе, тағы бір тобы: «Оның кәләмі әріптер мен таңбалардан тұрады. Сол әріптерді ләухы-махфузда жарату арқылы мүтакаллим сипатын иеленеді» деген.
Кейбір ғалымдар: «Алла Тағаланың кәләм сипаты бар екендігіне жүрекпен сеніп, тілмен бекітіп айтамыз. Бірақ, оның хадис немесе қадим, жаратылған немесе жаратылмағандығы туралы ешнәрсе айтпаймыз» деген. Бұл мәселеде әһлі сүннет көзқарасы ретінде айтарымыз, Тірі деген сипатқа ие Алла Тағаланың кәләм сипаты жоқ деу, оны «сөйлемейтін», «үндемейтін» немесе «сөйлеуі жетілмеген» деген сипаттармен сипаттағандық саналады. Ал мұндай сипаттар әлсіздік, кемшілікті білдіреді. Алла Тағала ондайдан ада әрі пәк.
Сондай-ақ, «Алла Тағала ежелде кәләмді керек етпей кейіннен кәләм сипатын иеленген» деу Оның заты өзгеріске ұшыраған дегенді білдіріде. Ал өзгеріске ұшырау, өзгеру – жаратылғандарға тән қасиет. Алланың сипаттарының бірі болып есептелетін Кәләм сипаты кейіннен пайда (хадис) болды делінсе, онда мынадай үш түрлі тұжырым шығады:
а) Каррамия ағымының айтқаны секілді, сөйлеу сипаты оның затында (Өз бойында) пайда болады. Осылайша Оның заты, яғни Өзі (өзгеріске ұшырап, кейіннен жаратылатын) қасиеттерді иеленген саналады (Бұл мүлде дұрыс емес).
ә) Ешқандай орынсыз-ақ пайда болады. Бұл әрі мүмкін емес әрі мұндай пікірді ешкім алға тартқан да емес. Сондай-ақ, мұндай «кәләм» еш жерде жоқ болғандықтан, онымен бір затты сипаттауға да, екінші бір заттың сипаты ретінде көруге де ешқандай негіз жоқ.
б) Немесе Алланың затынан тыс бір жерде пайда болған болса, Ол жаратушы Алланың емес сол орынның сипаты болып қалар еді. Мысалы заттардың бойындағы «қара түсті болу», «қозғалыста болу» секілді сипаттар да дәл осындай. (Яғни, бұл сипаттарды жаратушы – Алла. Бірақ, бұл сипаттар Алланың затында емес басқа денелердің бойында болғандықтан сол дененің яки заттың сипаты болып есептеледі. Оларды жаратушы – Алланың сипаттары емес, Алланың өзі).
Кәләмнің мәні – Алланың затымен бірге бар, әріптер мен дыбыстар арқылы дыбысталатын мағына деген сөз. Осыған қатысты бір ақынның өлең жолында былай келеді: Сөз негізі жүректе соны білгейсің, Ал тіл жүректің жаршысы. Осыған орай тіл мамандары «кәләм» – деп көкіректегі ойды айтқан. Құран Кәрімде де нәфси кәләм анық айтылған. Алла Тағала былай дейді: «Өз нәпсілерінде былай дейді...».
Кейде адамдар бір-біріне: «Саған айтар (ойымда жүрген) бірер ауыз сөзім (кәләмім) бар еді. Соны айтсам деп едім» деп жатады (бұл да – сөздің, кәләмнің – әріптер мен дыбыстарды емес, көкейдегі ойды, мағынаны білдіретіндігіне дәлел). Аталған сөздердің кәләм деп аталуының себебі, жүрек түкпіріндегі мағынаны меңзегендіктен. Осыған байланысты, барлық мұсылмандар мусхафтың ішіндегі сөдерді, Құран сөзін «Алланың кәләмі» деп атаумен қатар, адамдар тарапынан оқылған Құранды да «Кәләмулла» деген. Кәләм сипаты төңірегінде пікір қайшылығына түсіп отырған топпен арамыздағы бір ортақ нәрсе – Алланың кәләмінің бір ғана мағынасының және бір ғана ақиқатының бар екендігіне қатысты. Қағаз бетіне жазылған таңбалар мен әріптердің табиғаты – ауыз қуысындағы (тамақтағы) дыбыстардан өзгеше нәрсе.
Егер таңбалар арқылы бейнеленген жазулар шын мәнінде кәләм болса, ауыз қуысында пайда болған дыбыстар кәләм болып есептелмес еді. Ал мұны керісінше айтсақ та дәл солай. Сондай-ақ, қағазға жазылған таңбалар және әріптермен бейнеленген жазу да, ауыздан шыққан дыбыстар да «кәләм» (сөз) деп аталады. Екеуіне де ортақ нәрсе – екеуінің белгілі бір мағынаны білдіруі. Өйткені, бір сөздің жазылуы мен оқылуы бір мағынаны білдіреді. Олай болса, әріптер мен дыбыстар ойдағы мағынаны білдіргендіктен «кәләм» деп аталады. Алдыңғы буынның ізгі өкілдері айтқан мына сөз де осындай мағынаны меңзейді: «Шын мәнінде Алланың кәләмі – мусхафтарда жазылған, тілімізбен айтылған, көңілімізге тоқылған (жадымызда жатталған). Бірақ ол бұлардың ешқайсысына енбеген». Мысалы, тілімізбен «от» деп айтып, қағаз бетіне жазамыз. Алайда оттың бұларға еніп, өртемейтіндігі мәлім.
«Құран» сөзі – кейде «оқылған нәрсе», кейде «оқу» деген мағынаны білдірсе, тағы бір жерде «жазылған» нәрсенің атауы ретінде де қолданылады. Егер «Құран» сөзі оқылған нәрсені білдіретін мағынада қолданылса, ол – қадим әрі жаратылмаған болып саналады. Бұл біздің «Құран – Алла Тағаланың кәләмі һәм жаратылмаған» дегендегі Құран сөзінің мағынасына сай. Ал «Құранның тең жартысын, үштен бірін, төрттен бірін оқыдым» деген кезде қолданылғандай «оқу» деген мағынаны білдірсе немесе «дәретсіз немесе жүніп кісінің Құранға қол тигізуі – харам» деген сөйлемде келгендей жазылған нәрсені білдіретін болса, Алланың кәләмін білдіретін сөз ретінде хадис әрі жаратылған саналады.
материал «Матуридия ақидасы» кітабынан алынды,
ummet.kz