Қазақ ұлтын Абайдай алып тұлға атымен әлемге әйгілі еткен халық жазушысы Мұхтар Әуезов «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп, әйел мен әлемнің үндестігіне дәл анықтама беріп кетті. Адамзат қоғамының өркениетті болып қалыптасуында әйел қауымының міндеті мен жауапкершілігі, сонысымен қоса қадір-қасиеті де ерекше. Дана қазақ «Алып анадан туады» десе, асыл дін тәмсілінде «Жұмақ – аналардың табанының астында» деп көрсетеді.
Қазақы салт-сананы жаңғыртып, ұлт, ұрпақ тәрбиесіне бабалар салған сара жолмен жету мұратын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Дін мен дәстүр жылы» аясында атқарып келеді. Осындай орайлы шараның кезегі ҚМДБ наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Әйел – отбасының шамшырағы» тақырыбындағы пікірлесу коучингісіне арналды.
Астаналық нәзік жанды қауымға арналған игі шара «Азияпарк» сауда орталығы «Арман» кинопаркінде өтті. Қасиетті Құран аяттарын оқумен бастау алған коучингте «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Төлеби Оспан кездесудің мақсатына тоқталды. «Баршамызға белгілі, дініміз ислам – бейбішілік пен мейірімнің, тыныштық пен тұрақтылықтың діні. Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет білдіру ата дініміз бен баба салтымызбен сіңіскен ұғымдар. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда және әлемдік ортада дін атын жамылған дүдәмал топтар ел арасында, ұлт ішінде іріткі салып, соңы ислам діні мен мұсылман халқына күйе жағу мен түрлі фобиялық түсініктерге ұласуда. Көңіл қынжылтатыны, исламдағы қасиетті ұғымдарды өздерінің ешбір адамилыққа жатпайтын қылықтарына телуі де жиі көрініс табуда. Осы мақсатта радикалды топтар еш нәрседен аяқ тартпастан, ана деген аяулы атты, әйел деген көркем жанды да жалған жиһад, сұрапыл соғыстарына араластырды. Біздің бүгінгі кеш дінімізге де, дәстүрімізге де жат әрекеттермен қоғам болып күресуге үндейді» деді наиб имам.
Бүгінде БАҚ беттерінде жиі көтерілетін тақырып та осы дін атын жамылған жат ағымдар төңірегінде. Терроризм қаупі көлеңке түсермеген ел кемде-кем. Сол себепті де халықаралық ұйымдар мінберінде радикалды террористік топтарға қарсы әлемдік қорғаныс қалыптастыру мәселесі жиі көтеріледі. Өз елімізден де отбасы, ошақ қамын күйттеудің орнына қару асынып, Сирия асып кеткен ер азаматтар да, отбасымен Отанын тастап кеткендері де жоқ емес. Кеш барысында әйел жамағатына ұсынылған "Зов шакалов" және "Шайтан жолындағы жыныстық жиһад" бейнефильмдері қасиетті ұғым мен қылмыстың ара-жігін ашып берді.
Коучингте ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелерін зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсылқызы, «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстаздары Ақбөпе Тілегенова мен Элмира Бұхарбаева қазақ әйелінің қадір-қасиеті мен ар-ұяты, діндегі һәм ұлт танымындағы орны жайында кеңінен баяндады.
Сөз соңында өзекті мәселелер төңірегінде ой-пікірлер ортаға салынып, аудиторияның сұрақ-жауабымен кеш қорытындыланды. Кеш қонақтарына дәстүрлі діни танымдық газет-журналдар мен экстремистік ұйымдар туралы арнайы диск таспалары мен кітапшалары таратылды.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі