Мәуліт – күллі мұсылман халқы үшін қадірлі мереке. Өйткені осы күні ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген.
Мүбәрак мейрамды атап өтуді жыл сайын назардан тыс қалдырмайтын «Нұр Астана» мешіті бүгін Мәуліт кешін ұйымдастырды. Мешіттің бас имамы Нұрлан Рамазановтың игі бастамасымен өткен шараға зиялы қауым өкілдері, абыз, ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер және жастардан құралған мешіт жамағаты қатысты.
Сауапқа толы ізгі шарада Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сирасынан (өмірбаяны) сыр шерткен Мәуліт жыры оқылып, жиылған жамағат Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат, сәлем жолдады.
Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген күнінің құрметіне өткен рухани кеште жамағат арнайы жайылған ақ дастарханнан дәм татты. Рухани кештің өтуіне атсалысқан «Сауап» белсенділер тобы да әдеттегідей жомарттық танытып, сауапты шарада бой көрсетті. Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат жолдап, қарияларға құрмет көрсетіп батасын алған мешіт ұжымына келген қонақтар дән ризашылықтарын білдірді.
ummet.kz