Бүгін «Нұр Астана» мешіті жанындағы «Жібек» қыз-келіншектер клубының ұйымдастыруымен «Адамзаттың тәлімгерін танып біл» атты интеллектуалдық білім сайысы өтті.
Қасиетті Мәуліт мерекесінің құрметіне орай өткізілген игі шараға елорда мешіттерінің әйел ұстаздары мен «Нұр Астана» мешітінің шәкірттері қатысты. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) жеткен хадисте: «Сендердің араларыңнан бір кісі, мені әкесінен, баласынан, және бүкіл адамдардан артық жақсы көрмейінше иман еткен болып саналмайды» деген еді. Білім сайысының басты мақсаты – осы хадиске амал етіп Пайғамбарымызды (с.ғ.с) жақыннан танып, оның өмірінен өнеге алып, шәкірттер арасында адамзаттың тәлімгеріне деген махаббы арттыру.
Сауапқа толы салтанатты шарада шәкірттер үш топқа бөлініп, үш сайыстық кезең бойынша бақ сынасты. Шәкірттерге алдын ала белгілі мерзімге «Адамзаттың асыл тәжі» кітабы оқуға берілген болатын. Бірінші кезең – кітаптың бірінші тарауы пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дүниеге келуі, балалық және жастық шағынан он сұрақ қойылды. Екінші кезеңде – Пайғамбарға (с.ғ.с) пайғамбарлықтың түсуі, алғашқы мұсылмандар жайында, ал сайыстың үшінші кезеңінде – Меккелік кезең туралы сұрақтар қойылды.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өнегелі өмір тарихын қамтыған білім сайысында жүзден жүйрік болып, білімімен дараланған үздік шәкірттер арнайы дипломмен, сыйлықтармен марапатталды. Осындай қасиетті айда сауапты да, салмақты шараны ұйымдастырғаны үшін мешіт ұстазы, «Жібек» қыз-келіншектер клубының жетекшісі Әйгерім Қайратқызына шәкірттер зор алғысын білдірді.
ummet.kz