25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Жапал Әмзебекұлы: Көшпенділер өркениеті кез-келген өркениетпен бәсекеге түсе алады

Жапал Әмзебекұлы: Көшпенділер өркениеті кез-келген өркениетпен бәсекеге түсе алады

Сұхбат
Жарнама

Астана қаласы әкімдігінің Дін проблемаларын зерттеу орталығының КММ басшысы Долиев Жапал Әмзебекұлымен орталықтың жұмысы жайында сұхбат.

- Жапал Әмзебекұлы, дін проблемаларын зерттеу орталығы қандай мәселелерді қарастырады?

- Көбінесе атауымыз жөнінде айтып жатады. Біз негізінен ешқандай діни проблеманы қарастырмаймыз, тек қаладағы діни ахуалды зерттейміз. Бұл орталық 2013 жылы жұмысын бастады. Осындай орталықтың негізгі ашылу мақсаты – Астана қаласында діни тұрақтылықты қамтамасыз ету яғни елордада тіркелген діни бірлестіктер мен олардың жұмыстарын, қаладағы жалпы діни ахуалды зерделеу. Орталық Астана қаласы қоғамдық даму істері басқармасының ведомстволық бағынысты ұйымы болып табылады. Әлеуметтік зерттеулер және басқа да зерттеу түрлері арқылы діни ахуалды сараптап отырамыз.

- Орталық қандай бағыттарда жұмыс істейтініне тоқталып өтсеңіз?

- Біздің жұмысымыз негізгі бағыттарына тоқталсақ, біріншісі – діни бірлестіктермен тұрақты байланыс нәтижесінде ортақ тиімді ықпалдастықты қалыптастыру. Ашығырақ айтсақ, әр түрлі діни бірлестіктермен байланысып қана қоймаймыз, олардың немен айналысатынын, қандай бағытта жұмыс істейтінін айқындап, бірлескен іс-шаралар ұйымдастырамыз. Барлығымыздың ортақ мақсатымыз азаматтық қоғамның дамуына атсалысу, мемлекетімізде тұрақтылықты, ауызбірлік пен ынтымақты дамыту. Сондықтан осы қоғамның ажырамас бөлігі ретінде олардың да пікірін, көзқарасын тыңдап, еліміздің ілгері қадам басуына мүдделі болуларын қарастыру.

Ал екінші бағытымыз,  халық арасында әр түрлі сауалнамалар, зерттеулер жүргізу арқылы дінге қатысты сұрақтардың жауабын алу. Мысалы, жастардың дінге деген көзқарасы қандай, жалпы қоғамның дінге көзқарасы қандай деген сияқты нақты сұрақтардың жауабын алу, соны талдау. Талдау-зерделеу жұмыстарынан кейін барып, соның қорытындысынан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басталады. Зерделеп, анықтап алған қолымыздағы нәтижелер мен қоғам талабын ескере отырып Астана қаласында бүкіл мемлекеттік органдар, жеке кәсіпкерліктер мен жеке бизнесте ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргіземіз. Ақпараттық-түсіндіру жұмысының мақсаты мемлекетімізге қауіп төндіретін жат ағымдарға еріп кетпеу, арбауына түспеу жолдары, рухани иммунитетті қалыптастыру, рухани фильтрді яғни рухани сүзгі дейміз ғой, кез-келген ақпаратты бірден қабылдай салмай, сүзгіден өткізіп отыруды насихаттау. Діни мекемелермен байланысу барысында осы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу негізгі бағытымыз.

- Түсіндіру жұмысын қандай топтарға жүргізесіздер, кімдерді ақпараттандырасыздар?

- Өзіміздің нысаналы топтарымыз бар. Олар: жастар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жеке кәсіпкерлік субьектілер, мемлекеттік орган қызметкерлері. Түрлі өндіріс орындарына барып, жат ағымнан қорғану тақырыбы аясында лекциялар, жиындар өткіземіз. Бұл жерде негізгі мақсат астаналық тұрғындардың бойында ұлттық менталитетімізге, түсінік-пайымымызға үйлеспейтін жат ағымдардың жетегінде кетпесі үшін рухани иммунитетті қалыптастыру. Осы жұмысқа Астана қаласы бойынша арнайы ақпараттық-түсіндіру тобы жинақталды. Қазіргі уақытта 53 кісі мүше болып тіркелген, сол мамандар арқылы жұмыс істейміз. Біздің ақпараттық-түсіндіру тобының құрамында дінтанушылармен қатар әлеуметтанушылар, тарихшылар, саясаттанушылар да бар. Бұл жерде біз мәселеге әріден келуді жөн көріп отырмыз яғни қазір деструктивті ағымдар жайлы қанша мағлұмат берілгенімен, тұлғаның бойында белгілі бір құндылықтар болмайынша жат ағым жетегіне еріп кету қаупі бар. Сол себепті оның бойында иммунитет қалыптастыру керек. Сонда ол өздігімен, ешбір ақпаратсыз-ақ түсінігі мен болмысына жат ұйымның жетегінде кетпейді. Тұлғаның рухани иммунитеті жоғары болуы үшін өзінің ұлттық болмысы, руханияты, тарихы мен төл дінін білуі керек.

Білікті мамандар арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу барысында мемлекеттік құндылықтармен қоса отбасылық құндылықтарды да жеткізуге тырысамыз. Сол себепті әрбір нысаналы топпен арнайы тақырыптар қамтылады. Мысалы, жастарға ұлттық код, рухани жаңғыру тақырыптары ұнайды. Оларға ted форматта, talk форматта, 3-4 лектор бірлесіп жүргізетін топтық жұмыстар қызығырақ. Ақпаратымыздың кез-келген ортаға өтімді болуы үшін осы форматтарды қарастырып жатырмыз. Қазіргі біздің жаңалығымыздың бірі – орталықта студия ашып, видеороликтер әзірлеп, әлеуметтік желілер арқылы ақпараттар тарату.  Яғни тек қана лекциялар арқылы емес, әлеуметтік желілерді қолдана отырып түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Орталықтың қазіргі ұсынып отырған шешімі халқымызға тән рухани байлығымызды заманауи коммуникация, әдіс-тәсілдер арқылы қоғамға жеткізу. Біз қазір мәселенің салдарымен күресіп жатқан жоқпыз, мақсатымыз – себебімен күресу.

- Демек ақпараттық-түсіндіру тобы рухани иммунитетті қалыптастыру және жат ағыммен күрес мәселесі бойынша жұмыс істейді ғой?

- Иә, дұрыс айтасыз. Осы жерде жалпы жат ағым дегеніміз не деген сұраққа тоқталып өтсек. Жат ағым деп кез-келген мемлекеттің құндылықтарына қарсы келетін, мемлекеттің қауіпсіздігіне, тәуелсіздігіне өз қаупін төндіретін ұйымдарды айтады. Сондықтан біздің негізгі жұмыс бағытымыз бірінші кезекте рухани иммунитетті қалыптастыру. Оның ішінде рухани жаңғыру бар, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық болмыс, ұлттық сана бар. Міне, кездесулер барысында көтеретін тақырыптарымыз осы. Бұл жерде жат ағым дегенде тек діни ұйымдар емес, халқымыздың болмысына жат, мемлекеттігімізге қауіп төндіруі мүмкін барлық ұйымдарды қарастыруға болады деп пайымдаймын.Мекемеміз зерттеу орталығы болғандықтан қаладағы діни ауа-райын яғни діни ахуалды ескеріп, нысаналы топтармен ғана мақсатты түрде жұмыс істейміз.

- Қазақ ұлтының рухани байлығы халқымызға 10 ғасырдан бері төл діні болып сіңісіп кеткен Ислам дінімен астарласып жатқаны мәлім дүние. Осы жағынан қалай қарастырасыздар?

- Қазақ елінің руханияты ол – қазақтың тарихы, тілі, діні, ділі. Сосын барлығы бірлесіп тіні болады. Сондықтан біз оларды бір-бірінен ажыратып қарастыра алмаймыз. Бірақ ескеруіміз керек жайт, біздің дініміз болсын, діліміз болсын, бәрі ұлттық өсуге алып келген. Ұлттық өсу еліміздің мүддесі болса, сол мүддеге жету жолында жаңағы негіздердің әр қайсысының өзіндік функциясы болған. Сондықтан оларды бір-бірінен ажырамас бөлігі деп есептейміз. Демек руханият тек тарихпен шектелмейді. Жаңа айтып өткендей ақпараттық-түсіндіру тобының ішінде теолог мамандар да бар. Бұл жағынан біз ҚМДБ-мен бірлесіп жұмыс істейміз. Бірақ негізгі мақсат, ол – бірлік, ынтымақ, өсім. Қазір көшпенділер мәдениеті, өркениеті кез-келген өркениетпен бәсекеге түсе алатынын дәлелдеді. Мемлекеттің ендігі мақсаты соны жаңа форматта жандандыру, заманауи қоғамның, адамдардың сұранысына, талабына сәйкес қалыптастырып беру. Күнімізде Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде ақпараттық ағын, ақпараттық күрес бірінші кезекке шығып отыр. Кімге дұрыс ақпарат жетеді, кім ақпаратты өзінің талабына сәйкестендіріп бере алады, сол жеңімпаз. Сондықтан осы әлемдік ақпараттық трендтермен теңесуге, өзіміздің тиісті ақпараттық жұмыстарымызды қоғамға жеткізуге талпынамыз. Ақпараттық-түсіндіру жұмысы барысында Отанды қорғау, отбасы институтын сақтау, қазақстандық қоғам институтын, оның ішінде әжелер академиясы, аталар мектебі сияқты тәрбие құралдарын жандандыруға атсалысамыз. Мысалы, қазақтың Шоқан, Абай сияқты ұлы тұлғаларының негізгі тәрбие мектебі әжелері болғанын білеміз. Осындай маңызды ұлттық тәрбие құралдарымызды қоғамға, соның ішінде жастарға дұрыс жеткізіп, ұлттық болмысты сақтау, жандыру жолында еңбектеніп жатырмыз. 

- Елімізде әр түрлі діни конфессиялар көп қой. Солардың бәрімен басқосулар, жиындар өткізесіздер ме?

- Иә, қаламыздағы діни бірлестіктер арасында еркін форматтағы сұхбат алаңын құру мақсатында «Парасат» атты клуб ашылды. Соның аясында жуырда ғана кездесуіміз өтіп, жиын барысында келелі мәселелер талқыланды. Олар да өз пікірлерін айтып, діни бірлікті, өзара ықпалдастықты қалыптастыруға үлкен ниеттерін білдірді. Яғни бірлесіп жұмыс істеуге, өзара ынтымақты, бірлікті сақтауға мүдделі. Бұл басқосулар арқылы әр түрлі конфессиялардың сұранысынан хабардар болып, оларға мемлекеттің мүддесін жеткізіп отырмыз. Барлығымыздың негізгі мақсатымыз біреу, ол – еліміздегі тыныштықты сақтау. Бұл да біздің істеп отырған жұмысымыздың нәтижесі деуге болады.

- Яғни олардың бағыт-бағдары мемлекетіміз ұстанып отырған рухани жаңғыру, ұлттық кодымызды жандандыру саясатына қарсы келмейді ме?

- Иә, қайшы түспейді. Өзіңіз білесіз, біз зайырлы қоғамбыз. Әрбір азаматтың қандай да бір діни бағытты ұстану еркі Ата Заңымызбен бекітілген яғни заң бойынша шектеу қойылмайды. Бірақ бәрінен жоғары тұратын нәрсе – мемлекеттік құндылық, Отан. Бұл дегеніміз – тәуелсіздік, тұтастылық. Осы мәселеге келгенде еліміздегі заң бойынша тіркелген діни ұйымдардың бәрі бірауыздан бір пікірде. Олар қазіргі бейбіт күнге өте риза.

Сұхбаттасқан Индира Жұмабекқызы

Бөлісу: