25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ілияс Отаров: Қоғам көптеген ауыртпалықтардан құтылар еді

Ілияс Отаров: Қоғам көптеген ауыртпалықтардан құтылар еді

Сұхбат
Жарнама

– Бүгінде қайырымдылық жасаушы қоғамдық, діни ұйымдар да, әр түрлі қорлар мен жекелеген тұлғалар да жетерлік. Шариғат бойынша, қайырымдылық ең әуелі кімге жасалуы тиіс?

– Құранның «Тәубе» сүресі 60-аятында «Шын мәнінде садақалар (зекеттер), Алла тарапынан бір парыз: Қолы тар пақырларға, түгі жоқ міскіндерге, оны жинауға белгіленгендерге, көңілдері алынатындарға (жаңа Мұсылмандарға), құлды азат етуге, борыштыларға, Алла жолына және жолда қалғандарға беріледі» деп айтылған.

Алайда, ең әуелі жақын адамдардың ішіндегі шын мұқтаж адамдарға беру абзал екенін де ұмытпаған жөн. Қасында туыс-туғандары қиналып отырып, танымайтын, алыс адамдарға қол ұшын бергеннен (әрине бұл жақсы, бар болса оған да берсін) жақын туысын қамтамасыз еткен әлдеқайда жақсы. Туысқанға көмектесудің, көрші отыратын болса көршілік қақының да сауабын қоса алады.

Енді, мүмкіндігі жететін адамдар үшін жоғарыдағы аятта келтірілген категориядағы адамның қайсына болмасын садақа беру – имандылықтың, адамгершіліктің, отансүйгіштіктің бір парасы болумен қатар Исламды жеткізудің бір құралы, мүмкіндігі.

– Садақа түс көргенде,  жолға шыққанда, басына іс түскенде ғана беріле ме, әлде?

– Жалпы садақа яғни қайырымдылық жасауда белгілі бір уақыт шектемесі жоқ. Жылдың төрт маусымында, аптаның әр күнінде, түнде де, күндіз де беруге болады. Яғни, әрбір сәтте, әрдайым жасалып отыруы абзал. Себебі, «Садақа бәле - жаладан қайтарады» деген хадис бар.

– Садақа тек ақшамен ғана беріле ме? Бүгінгі таңдағы садақаның формаларынан атап өтсеңіз...

– «Садақа» - сөздікте  «растау», «дұрыс айту» деген мағынада. Шариғатта Алланың берген нығметіне (денсаулығы, бала-шаға, өмірі мен рызық-несібесіне) шүкіршілік ете отырып, өзінен жағдайы төмен кісілерге көмек қолын созу, қарайласу.

«Садақа» кең ауқымды қамтитын үлкен категориядағы ұғым. Ол ақшамен ғана өлшенбейді. Жабырқағанды жұбату, жылы сөз айту, күлімсіреп қараудың өзі - садақа. Қарайласу, мейірім көрсету, қолғабыс ету, білім беру, еңбек сіңіру үшін уақыт бөлу де - садақа. Ал, жағдайы жететін және жағдайы жетпесе де сауаптан үмітті жандар үшін дүние-мүлкімен, қаржылай садақаны атауға болады. Ал, бүгінде онлайн садақа түрлері бар. Терминалдар, қалтафон қосымшалары, банк есепшоттары арқылы жасалатын садақаларға да елдің көзі де, көңілі де үйір болып келеді.

Алайда, еліміздің болашағына тіреу болатын білім орталықтарын ашу, әлеуметтік құрылыс нысандарын салу, балабақша, смартфондарға арналған пайдалы қосымшалар жасау(жасату),  Абай атамызша айтқандай елдің ертеңі үшін «өнеге шашудың» өзі – садақа. Осылай көптеген форматтарын айтуға болады.  

Қорыта айтқанда, садақа ізгі ой (ниеттің Алла үшін болуы), жақсы сөзімен, дұрыс ісімен және дүние-мүлкімен де атқарылады.

– Садақа беріп жүрмін деп зекет, ұшыр бермеуге бола ма?

– Зекет – жылына бір рет қана берілетін парыз (егер бай болса ғана). Ал, ұшыр – егіннен жинап болғанда берілетін амал. Садақа парыз емес, бәлкім өз қалауымен қалаған уақытта беруге болады. Бірақ зекеттің уақыты келгенде парыздығы мойнынан түспейді. Яғни сол кезде есептеп, жоғарыда аталған топтарға беріледі.

– Қоғамда қайыр сұраушылар немесе әлеуметтік жағдайы төмен топтан арылудың тетіктері бар ма?

– Қазақ халқында қайыр сұраушылар болмаған. Яғни әрбір ауыл немесе ру өздерінің арасындағы жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын созып, асарлатып мәселесін бірлесе, жұмыла шешіп беріп отырған. Яғни, «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген қанатты сөздің аясында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, дененің бір жері ауырса, басқа ағзалардың иммунитеті көмекке келетіні сияқты қоғамның бір мүшесі қиналса, басқа кісілер жәрдем беріп отырған.

Қазір мешіттер мен базар жағалап қалталы азаматтарға қолын жайып садақа сұрауды әдетке айналдырған, қайыршылықты белгілі дәрежеде кәсіп қылатын адамдардың ісінің алдын алып, оларды жүйелі түрде тізімдеп, реттеп әрі оларды жұмыспен қамту, ауырған баласы немесе туысы барларды емдету, т.б. себептерін шешу арқылы оларға қайыр сұраудың жолын жауып тастау керек. Яғни, айтқан сылтауына  жауап беріп отыру және жұмысқа немесе кәсіпке тартуға болады.

Сонымен қоса, ауқатты кісілер уақытылы зекет берсе, қоғам көптеген ауыртпалықтардан құтылар еді.

Ысырап жасап ресторандар мен кафелерде неше жүз мыңдап, миллиондап ақша жұмсайтын, жарыса мола тұрғызатын, атақ-даңқ үшін жасалған амалдарды Алла разылығы үшін және қоғамға пайдасы болмаса садақа деп есептей алмаймыз. Керісінше, ішін құрт қаузаған жемістің қабығы іспеттес бос шаршау мен зиянды шаруалардың қатарына қосылары заңды...

Сұхбаттасқан: Оразбек САПАРХАН

Бөлісу: