25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Динара Нұрғалиева: Қазақы тәрбие жат ағым жетегіне жібермейді

Динара Нұрғалиева: Қазақы тәрбие жат ағым жетегіне жібермейді

Сұхбат
Жарнама

Ұлттың ұйытқысы, салт-дәстүрді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші, қоғамның іргетасы, әрбір ошақтың шырағы - Ана. Болашақ ана болар, ақ шылауышты салихалы кейуанаға айналар аруларымыздың тәрбиесі мен дүниетанымын дұрыс қалыптастыру үлкен жауапкершілікті қажет еттіреді.

Осы орайда, Астана қаласының қаракөздерімен жан-жақты рухани әрі әлеуметтік жұмыс істеп жүрген «Жібек» қыз-келіншектер клубының жетекшісі, «Нұр Астана» орталық мешітінің ұстазы Динара Нұрғалиевамен сұхбаттасқан едік. Әңгіме барысы негізінен «Жібек» қыз-келіншектер клубының жұмысы жайында өрбіді.

 - «Жібек» қыз-келіншектер клубының мақсаты мен жұмыс істейтін бағыттары жайында түсіндіріп өтсеңіз?

 - 2016 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында Әйел-қыздар секторы ашылған еді, соның аясында  2016 жылдың 12 қыркүйегінде «Нұр Астана» орталық мешітінің жанынан «Жібек» қыз-келіншектер клубы жұмысын бастады. Кейіннен Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бастамасымен Насихат және қоғаммен байланыс бөлімі Әйел-қыздар секторы болып өзгерді. «Ұл туса – ұрпағым өседі, қыз туса – ұлтым өседі» демекші, ұлттық ерекшелігіміз бен құндылықтарымызды сақтап қалу әйел баласының тәрбиесіне тікелей байланысты. Сол себепті де клубымыздың негізгі мақсаты – қоғамдағы ене мектебі, келін мектебі, ана мен қыздың арасындағы сыйластықты дамыту. Сонымен бірге, әйел жамағатының әлеуметтік белсенділігін арттырып, қайырымдылық істерде атсалысу. Біз негізінен 4 бағытта жұмыс жасаймыз: мәдени, қоғамдық, қайырымдылық және теріс ағым. Мәдени бағытта еліміздегі діни мерекелер мен ресми атаулы күндерді  дін мен дәстүрді ұштастыра отырып құттықтау. Мерекелік шараларға клуб мүшелері де атсалысып, өз пікірлерімен, өнерлерімен бөлісіп жатады. Әрі Тәуелсіздік күні, ораза айт, құрбан айт, Наурыз мерекесі, 8 наурыз, т.б. атаулы күндерде қайырымдылық жәрмеңкелер ұйымдастырамыз. Жәрмеңкелер бізге қоғамдық шаралар ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Онан түскен қаржымен көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға және басқа да көмек сұрап келген кісілерге қол ұшын созып, шамамыз жеткенше демеуге тырысамыз. Ана мен бала ғылыми орталығының балалар онкологиялық бөліміндегі сәбилердің еміне, отасына қаражаты жетпей жатқан жерін толтырып жібереміз. Онкологиялық дертке шалдыққандар ұзақ емделеді әрі дәрі-дәрмектері де қымбат екені бәріне мәлім. Ауруханадағы балалардың көңіл-күйлерін көтеріп, бір мезгіл болса да қуаныш сыйлау ниетімен сый-сыяпат, ойыншықтар апарамыз.

 - Клуб мүшелігіне кез-келген кісі қабылдана бере ме?

 - Қаламыздың барлық әйелдеріне клубымыздың есігі ашық. Клуб мүшесі болу үшін ешқандай арнайы шартымыз жоқ. Клубымыздың мүшелері негізінен мешіт жамағаты  мен сауат ашу курстарына келетін қыз-келіншектер. Олардың арасында әртүрлі саланың білікті мамандары бар. Профессорлар, дәрігерлер, ұстаздармен қатар психолог та, тігінші де, аспаз да бар. Сонымен бірге, қаламыздың барлық университетінен студенттер де келіп жатады. Олармен бірлесе отырып, салауатты өмір салтын ұстану мақсатында  спорттық ойындар ұйымдастырамыз, түрлі мастер-кластар, семинар-тренингтер өткізіп тұрамыз. Бір жағынан клуб мүшелері өз білімдерімен бөліссе, екінші жағынан мешіт жамағатының дүниетанымы артып, әр түрлі саладан тың мағлұматтар алып жатады. Кейде мәдени-қоғамдық шараларға белгілі, танымал аруларымыз бен аналарымызды шақырамыз. Олар да Алла ризалығы үшін қолдарынан келгенше көмектесіп, демеп жатады.

 - Клубқа «Жібек» атауын кездейсоқ таңдамаған шығарсыздар?

 - Иә, «Жібек» клубы дегенде көбі Қыз Жібекпен байланыстырып жатады. Клубтың атауын дініміз бен дәстүрімізге сүйене отырып таңдадық. Дана халқымыз ибалы қыз, инабатты келін, биязы аруларға «мінезі жібектей» деп жатады ғой. Дана халқымыз көркем мінезді неліктен жібекке теңеді? Себебі, жібек - ғасырлардан бері қолданыстан және сұраныстан түспеген асыл мата әрі жайлы, жұмсақ мата. Сондықтан,«мінезі жібектей» дегенде тектілікті, жұмсақмінезділікті меңзеген. Мұның бәрі имандылықпен келетін қасиеттер. Біздің негізгі мақсатымыз жас қыз-келіншектеріміздің бойына осы асыл қасиеттерді сіңіру. Тәрбиелі әрі иманды, қыз ибалы келін болады, уақыт өте келе салихалы анаға, данагөй әжеге айналады. Оның үстіне «Нұр» сүресінде «Сондай-ақ еріксіз көрінетін жерлерінен тыс, әшекейлері мен сымбат-көріктерін көрсетпесін һәм орамалдарын омырауларына дейін түсіріп тартсын» дейді. Ал, әйел баласы киюге ең лайықты мата – жібек. Және жәннатығы киімнің бірі жібек деп суреттеледі. Талғамы мен танымы үйлескен, иманы мен ибасы бірлескен қыз-келіншектеріміздің көбеюіне атсалысайық деген ниетпен клубымыздың атын «Жібек» деп атадық.

 - Жаңа теріс ағым мүшелерімен де жұмыс істейміз дедіңіз. Осы жағына тоқталып өтсеңіз?

 - Теріс ағымға кетіп қалған қыз-келіншектермен жұмыс ұзақ жүреді. Бастапқыда сөйлесу арқылы дәрежелері мен бағыттарын біліп аламыз. Егер жарты жыл ғана араласқан болса, ашық, нақты дұрыс-бұрыс деп айтамыз. Ал, бірнеше жылдан бері жат ұғымдарды бойына сіңірген болса, оларға Құран аяттарынан, хадистерден дәлелдер келтіріп, түсіндіреміз.

Жалпы жұмыс барысында түсінгенім – жат ағымның жетегінде  кеткен бойжеткендер көбіне толыққанды емес жанұялардан шыққан және ұлттық тәрбиеден алыс қалғандар. Яғни әкесі немесе шешесі жоқ, болмаса ажырасқан ата-ананың қыздары. Өзім жұмыс жасаған қыздардың 90-95 пайызы орысша тәрбие көргендер.Ата-әжесі тарапынан тыйым көрмеген, ата-ана тарапынан уақытылы тәрбие алмаған, өз бетімен өскен балалар бірбеткей болады ғой. Міне, көбіне жат ағымның жетегінде кететіндер осылар.

Ал, ата-әжесі мейірлене басынан сипаған, қазақы тәрбие көрген жастар мейірімді, жанашыр болып келеді, басқа адамдарға сүйіспеншілікпен қарайды. Ата-әженің тәлімін алған, әке-шешенің сыйластығын сезген, бауырларының жанашырлығын көрген яғни қазақы отбасында тәрбиеленген жастардың бойында жұмсақ мінезділік, бауырмалдық, сүйіспеншілік сезімдері басым болады. Мен мұндай арулардың жат ағым жетегінде кеткенін көрген емеспін.

 - Жат ағымның әсерімен көптеген қаракөздеріміз ата-анасының рұқсатынсыз, жете танымайтын азаматтардың етегінен ұстап, кейін опынып қалып жатады. Бұл жайында не дейсіз?

 - Иә, теріс ағымға еріп кеткен сіңлілеріміздің көбіне жалғызбасты ана болып отырғанын байқаймыз. Белгісіз кісілерге тұрмысқа шығып, кейіннен ажырасып жатады. Әу баста өз таңдауларын жасағанда бейтаныс немесе шала-шарпы танитын кісінің етегінен ұстаған соң нәтижесі ажырасумен тынады. Жолдасы ханафи мазһабында болмағаннан кейін ол кісілермен жұмыс жасау қиын. Оларды таныстырған кісілер де басқа ағымнан. Көбіне теріс ағымдағы ер азаматтар неке, аманат дегенге жеңіл қарайды, отбасына деген жауапкершілік аз.

Мынау менің Алла алдындағы аманатым деген түсінік болмаған жерде неке де ұзаққа созылмайды. 

Жүректе жылу болмаған жерде телефоннан талақ беру, жұбайын  келесі бір әйелмен ауыстыру сынды жағдайлар орын алып жатады. Осындай жеңіл көзқарастың салдары әрине қоғамға үлкен зиянын тигізеді. Себебі, ортада ешкімі жоқ жалғызілікті аналар мен қараусыз өсетін балалардың саны көбеюде. Сондықтан шамамыз жеткенше қыз-келіншектердің діни сауаттылығын арттыруға тырысамыз. Мешітте Құран сабағынан бөлек, Ақида, Тәжуид, Фиқһ дәрістерін белгіленген күндері тұрақты өткіземіз. Діни, шариғи мәселелерде сұрақтар туындаған кезде қаракөздеріміз келіп мамандарына жүгінсе екен дейміз. Сырттан белгісіз кісілерден пәтуа алып, тағдырларын жат кісілердің қолына тапсырғандары жанымызды ауыртады. Соңы, өкінішке орай, осындай аянышты болып аяқталады.

 - Тәжірибеңізде теріс ағымда жүргенін түсініп, Ханафи мәзһабын мойындағандар болды ма?

 - 2016-2017 жылдар арасында менде 4 қыз болды. Екеуі кәдімгідей «блокқа» түсіп қалған. Яғни теріс түсініктер танымына терең сіңіп кеткен. Олардың пікірін өзгерту қиын. Ал, екеуі енді бастап жатқан еді. Осы төрт қызбен бір жыл бойы жұмыс жасадым . Бір сіңліміз қазір Ханафи мәзһабын, дәстүрлі Исламды ұстанады, біздің клубымыздың мүшесі ретінде жұмыс жасайды. Мамандығы - психолог, сол жағынан көмектесіп жүр. Өнер жағына жақын болғаннан кейін әртүрлі мәдени шараларда бізге атсалысады. Онан кейін екінші қызымызға үнемі азық-түлікпен көмектесіп отырамыз. Ол тұрақты біздің бақылауымызда. Күйеуі Ақтөбеде түрмеде, Сирияға кетіп бара жатқан жерінен ұсталған екен. Түрмеде өзінің дұрыс емес жолда жүргенін түсініп, әйеліне мешітке барып әсіресе Ақида сабақтарын ал деп айтыпты. Содан өзі арнайы іздеп келіп, менен біраз сабақ алып, қазір Әбу Ханифа мәзһабын ұстанады. Ал, қалған екі сіңліміздің беті толық бері қараған жоқ. Олармен Құран сабағына келгендерінде таныстым. Әлі де сабақ алып жүр. Бірақ Ақида, Фиқһ сабағына қатыспайды. Құран сабағын алуға келгенде арасында мастер кластарға, басқа да іс-шараларға шақырамыз. Соның арасында ақидаға қатысты кей мәселелерге қысқа ғана тоқталып өтемін.  «Ұстанған бағытың дұрыс емес, қате» деп ашық түрде айтсаң, қабылдай алмайды. Сол себепті, оларды өзімізге тарту үшін жақсы қарым-қатынас құру, жан-жақты көмектесу, жақсы мәміледе болу арқылы байланыс ұстаймыз.

 - Діни сауатын ашқысы келетін қыз-келіншектер кейде мешітке келуге уақыттары болмай, жекелеген кісілерден үйреніп жатады. Осындайда теріс ағымның жетегіне кетпеу үшін оларды қалай ажыратуға болады?

 - Жалпы діни, шариғи мәселелерді жеке кісілерден үйренген дұрыс емес. Мүмкіндігінше мешітке келіп сабақ алған жөн.

Ал, қалай ажыратуға болады дегенге келсек, жат ағым мүшелерін мынадай сыртқы сипаттарынан тани аласыз: киім үлгісі, сөйлеу үлгісі, намаз оқу үлгісі. Бұл жағынан дәстүрлі Исламды ұстанатындардан өзгеше. Киімдерін бірінің үстіне бірін қабаттап, беттерін тұмшалап киінеді, ұлттық дүниетанымымызда қаралы жағдайда ғана киетін қап-қара түсті көйлектер киіп, қара орамалдар тағады. Тіпті тереңдеп кеткендер қара қолғап киіп алады. Сөйлегенде «ухти, ахи» деп сөйлеседі. Намаз оқығанда Ханафи мәзһабындағы әйелдердің намаз оқу үлгісін сақтамайды яғни қайта-қайта қолын көтеріп, аяқтарын талтайтып тұрады. Қазақы, ұлттық ерекешеліктерімізді мойындай бермейді. Осы белгілері арқылы оларды тануға болады. Олардан білім алуға баратын болсаңыз мешітке қарсы қояды яғни дәстүрлі Исламға қарсы қояды. Өздері жеке үйлерде жиналып, сабақ өткізеді. Сосын Мәдинадан, Саудиядан оқып келген кісілердің немесе арабтардың ғалымдарын ғана тыңдайды. Дәріс барысында өздерінің саясиланған көзқарастары мен қоғамның күңгірт жақтарын ғана сөз етіп, қоғамға, ата-анаға қарсы қойып жатады. Бұл жерде мынаны ескеру керек, әр ғалым өз аудиториясына қарай уағыз жасайды яғни шетелдің шейхтары біздің ұлттық ерекшелігімізді ескеріп жатпайды. Сондықтан, өз ғалымдарымызды тыңдаған дұрыс. Себебі, олар ғасырлар бойы ұлттық құндылықтарымызбен, қазақи тәрбиемізбен, менталитетіміз яғни ділімізбен біте қайнасқан діни құндылықтарды жергілікті халықтың психологиясы мен деңгейіне сай түсіндіреді.

- Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Жұмабекқызы Индира.

Бөлісу: