25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Асқар Мұқанов: Рамазан оразасының сауабы мол

Асқар Мұқанов: Рамазан оразасының сауабы мол

Сұхбат
Жарнама

Рақым айында Алла Тағаланы жиі еске алып, Құран оқып, оны тыңдап, мағынасына ой жүгіртіп, оған амал қылған абзал. Пайдалы дәрістерді тыңдау үшін аузы берік адам бос уақытын мешітте өткізгені жөн. Тарауық намазы – рамазан айында оқылатын сауабы мол ғибадат. Тарауық рухымызға азық беріп, пендені бұ дүниенің қарбалас тірлігінен алыстатып, Аллаға жақындатады.

– Рамазан айында құптан намазынан кейін көпшілік жамағат болып тарауих намазын оқиды. Жыл сайын Астанада тарауихқа қатысып, құлшылық еткісі келген халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында мешіт маңынан әртүрлі бағытқа арнаулы автобустар қатынайтыны белгілі. Биыл осы үрдіс жалғаса ма?
– Әссәләмуғалейкум уә рахматуллаһи уә бә­ракәтуһ! Міне, күллі әлемдегі мұсылман бауырлар асыға күткен айлардың сұлтаны – қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. Алладан сауап, пайғамбардан рахым күткен, рухани сусаған немесе жан-жүрегін иман нұрына бөлеп, тура жолмен өмір сүргісі келетіндер, мұсылман қауымы осы айда Рамазан оразасын ұстап, Аллаға құлшылығын арттырады. Осы қасиетті айда күн шыққаннан күн батқанға дейін ауыз бекітіп, мінәжат қылады. Сол секілді, сауабы орасан зор сүннет амалдардың бірі – тара­уих намазын оқиды. Астана қаласында Рамазан айында көпшіліктің мешітке келіп, тарауих намазына қатысатынын ескере отырып, жыл сайын арнайы автобустар дайындалып жүр. Ол үрдіс биыл да жалғасады. Алла нәсіп етсе, оразаның алғашқы күнінен бастап төрт мешіттің алдында тарауих намазына келіп қатысып, одан тарағанша халықты тегін таситын автобустар қойылады.
– Автобустар атап айт­қанда қай мешіттердің алдына қойылады?
– Автобустар ел ең көп жиналатын Әзірет Сұлтан мешітінің, С.Ғылмани атындағы қалалық мешіттің, «Нұр Астана» орталық мешіті және соңғы ашылып отырған Ырыскелді қажы мешітінің алдынан жүреді. Олар түнгі 12-ден 1.30-ға дейін мешіт маңынан халықты тегін тасымалдайды.
– Астана қаласында қайырымдылық мақсатында ауызашар беріліп тұра ма? Мәселен, «студенттерге немесе белгілі бір мекемелерге ауыз­ашар берейін, сіздер ұйымдастыруға көмектесіңіздерші» деп мешітке келетін азаматтар бола ма?
– Жалпы, Астана қаласы бойынша қайырымдылық мақсатта ауызашарлар ұйымдастырылып тұрады. Қазір қалада тоғыз мешіт болса, Әзірет Сұлтан мешітінде 800-ге жуық адамға, «Нұр Астана» мешітінде 400-ге жуық адамға, басқа мешіттерде де 150, 200, тіпті 300-ге жуық адамға ауызашар беріледі. Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қалалық өкілдігі орналасқан «Нұр Астана» мешіті атынан белгілі бір қоғамдық орындарға – қарттар үйіне, жетімдер үйінде, тағы басқа да мекемелерге барып немесе сондағы ораза ұстағандарды өзіміз шақырып, ауыз­ашар беріп тұрамыз. Биыл да осындай ауызашарлар беру біздің алдағы жоспарымызда бар.
– Айлардың сұлтаны – Рамазанда көпшіліктің дінге, имандылыққа көбірек ден қоятыны, мешітке баратын мұсылмандар саны артатыны түсінікті. Осыған орай, мешіттегі діни уағыз тақырыптары алдын ала пысықталып, реттеле ме? Жалпы, осы айда мешіттегі уағыздардың сауаттылығы мен тақырыптық өзектілігіне қаншалық мән беріледі?
– Иә, Рамазан – рухани маусым айы. Сондықтан осы айда көпшіліктің тыныс-тіршілігінде айтарлықтай өзгерістер болуы заңды. Мұсылман бауырларымыздың мешітке ағылатыны, ғибадат орнына жиірек бас сұғып, көбірек уақытын құлшылыққа арнайтыны белгілі. Соны ескергендіктен, Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасы тарапынан осы айда, өзіңіз айтқандай, діни уағыздар өте мұқият дайындалады. Басқарманың Астана қалалық өкілдігі қазір бір айлық уағыз жоспарын жасап отыр.
– Олардың тақырыптары қандай болуы мүмкін? Мысал келтіре кетсеңіз.
– Уағызда жалпы иманды арттыру, рухани дүниені байыту, адамгершілік, ізгі қасиеттер қалыптастыру жөнінде айтылады. Ол, әрине, мешіт уағыздарының негізгі тақырыбы. Осыған қоса, бізде Әбу-Ханифа мәзхабын дәріптейтін, тіпті теріс ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыруды мақсат еткен тақырыптық дәрістер болады. Олар үш деңгейде өтеді. Біріншісі – жұма уағызы. Екіншісі – ауызашар кезінде дастарқан үстінде айтылатын уағыз, үшіншісі – тарауих намазы кезіндегі уағыз. Уағыз-дәрістер тақырыбы мен жоспары алдын ала белгіленіп, Астана қаласындағы барлық мешіттерге міндеттелген. Рамазан айында осы бағыт бойынша жұмыс жасалатын болады.
– Биылғы пітір садақасының қаржылық көлемі қанша? Осы пітір садақасын берерде арнайы ниет етіп беру қажет пе, әлде жасаған жақсылық, бі­реу­ге көрсеткен қамқорлық пен қайырымдылық та пітірге жата ма?
– Пітір садақасы биылғы мөлшер бойынша кем дегенде адам басына 300 теңге деп белгіленіп отыр. Яғни бұл екі килограмм бидайдың құнымен есептелген. Сіз айтқандай, елге жақсылық жасау, қайырымдылық, қамқорлық көрсету сауапты іс екені анық. Алайда пітір садақасын берерде арнайы ниет етілуі керек. Шариғатта көрсетілгендей, «биылғы Рамазан айындағы жан садақам», «пітір садақам» деп ниет етіліп берілмесе, ол пітір болып саналмайды. Және пітір садақасын шариғатта көрсетілген орындарға, мешіт-медреселерге, кедей-кепшіктерге, жоқ-жітік жандарға, жетім-жесірлерге берсе, құба-құп.
– Бұрын ораза кезінде түкірікті жұтуға, жуынуға, темекі шегуге бола ма деген сұрақтар жиі қойылатын. Қазір көпшіліктің діни сауаты артты. Алайда, қазірге дейін кейде жастар арасында «арықтау үшін ораза ұстағым келеді» деп жатқандарды ұшырас­тырып қаламыз. Біздің ораза ұстағанымыз, негізінде, Алла Тағалаға қажет емес, өзімізге қажет нәрсе ғой. Шариғаттағы парыз бен тыйымның бәрі адамның өз игілігі үшін жасалған. Демек, денсаулықты жақсарту үшін, артық салмақтан арылып, арықтау үшін ораза ұстау әбестік емес деп түсінетіндерге не айтасыз? Бұл дұрыс ниет болып санала ма?
– Жалпы, ораза ұстағанда міндетті түрде ниет етілуі керек. Алланың ризашылығына бөленуге, сауап алуға үміт еткен адам ниет етеді. Сонымен бірге, адам өзінің қандай ораза ұстайтынын білуі қажет. Өйткені оразаның да түрлері көп. Басқаны айтпағанда, Рамазан оразасын ұстап жатыр ма, әлде нәпіл оразасын ұстай ма – соны көңіліне тоқуы шарт. Рамазан оразасында күнделікті сәресі алдында ниет ету ислам шариғатына енгені сондықтан. Ал енді арықтау мақсатында немесе «үйдегілердің бәрі ораза ұстап жатыр, мен де ұстай салайын, кішкене денсаулығым жақсарсын, асқазаным тазарсын» дейтін адам болса, ол ораза құлшылығы боп саналмайды, ол сауапсыз қалады. Өйткені ниеті Алланың ризалығы үшін, құлшылық мақсатында емес, ол өз қалауымен ұсталған ораза болып есептеледі. Ондай ораза басқа діндерде де бар және адам ондай оразаны кез келген уақытта ұстай алады. Сондықтан амалдың қабыл болуы ниетке байланысты. Кез келген құлшылықта алдымен ниет ете білу қажет.
– Рамазан айында замандастарымыздың көбі ғайбат сөзден, жаман әдеттерден, сол секілді күнәнің барлық түрінен өзін тыюға тырысады. Рамазан айы аяқталғаннан кейін де сол тазалықты, сабырды, кешірімділік пен көркем мінезді өз бойында сақтап қалуы үшін оған не қажет? Адам жыл он екі ай бойы ораза кезіндегідей сауапқа ұмтылып, дұрыс өмір сүруі үшін қандай болуы керек? Ерік-жігерге қалай ие болуға болады?
– Иә, Рамазан айы – адамды адамгершілікке, көркем мінезге, имандылыққа тәрбиелеу үшін Алланың адамға бұйырған құлшылығы. Рамазан айында адам сабырлылыққа, шүкірлікке, шыдамды­лық­қа, әдептілікке, тақуа­лыққа тәрбиеленеді. Жыл он екі ай сол деңгейде қа­лу үшін адам баласы тек қана ішіп-жеуден өзін тыйып, асқазан оразасын ұстап қана қоймай, Рамазан айында көзімен де, құлағымен де, аяғымен де, қолымен де, тілімен де ораза ұстауы керек. Яғни жаман қылықтардан тыйылып, солай жалғасуы үшін иманмен, ықыласпен, құлшыныспен беріліп, шын ниет етуі керек. Жақсылықты әдетке айналдыру адамның ішкі ниетіне және ерік-жігеріне байланысты.

Әңгімелескен
Нәзира БАЙЫРБЕК

«Астана ақшамы»

Бөлісу: