25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Яхия қажы Исмайлов: Ислам - Халықтық дін

Яхия қажы Исмайлов: Ислам - Халықтық дін

Сұхбат
Жарнама

Бүгінгі күні рухани түлеу басты ұстанымға айналды. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани жаңғыру идеясының аясында өрістеп отыр. Бұл істе қасиетті дініміздің алатын орны ерекше. Имандылыққа баулитын, ізеттілікке үйрететін Құран хадистерінің жөні бөлек. Біз осындай жаңғыру жолына түскен мемлекетіміздегі діни ұғымдарымыздың жайын Астана қаласындағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалы саналатын «Шейх Құнта қажы» мешітінің бас имамы Яхия қажы Исмайловпен тілдескенде әңгімемізге арқау еткен едік. 

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани жаңғыру жөніндегі мақаласы бізді де жұдырықтай жұмылдыра түсті. Бүгінімізді біліп қана қоймай, өткенімізді тануға даңғыл жол ашты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкерлері ол мақаламен танысып қана қоймай, иманды істің ұйытқысы болуға күш салып отыр. Көп ұлтты Қазақстан халқының басын біріктіру мақсатында тәуел­сіз­діктің алғашқы күнінен бастап Президент әр­түрлі елдік институттар ашып, оған бәрі­міз­ді топтастырды. Солардың ішінде бір үй­дің баласындай, бір қолдың саласындай ұйымшылдықпен елдікке қызмет етіп келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясы дер едім. Елімізде қандай да бір маңызды оқиға болса, қол ұстасып, достасып шыға ке­леміз. Бұл іске қасиетті дініміздің де қо­сып отырған үлесі баршылық. Ақиқатына кел­сек, имандылыққа бастайтын дін – ұлт пен ұлысты қалыптастыруда әлеуеті бар мық­ты ұстаным екені рас. Алланың ақ жо­лы адалдыққа, адамдыққа жетелейді. Жат ағымдарға ұрынбай жақсы жаққа қарай өзге­ру­ді ислам діні бірінші кезекке қойған. Әр ұлт­тың адамы өз салт-дәстүрін, мәдениетін да­мытуға ешқандай тосқауыл қоймайды. Өйткені тіл, дін, мәдениет бір-бірімен тығыз байланысқан. Ал діннің орталығы мешіт десек, мешіт руханияттың барлық озығын жинап, тозығының кемшілігін көрсетіп отырады.

Діннің шын мәніндегі бағытын білген жамағат ешуақытта адаспайды. Ислам дінінің қазақ даласына келгеніне де он екі ғасырдан асты. Біздің елімізде бұл дінге деген құрмет артып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жұмыс істеп жатуы сөзіме мысал бола алады. Министрлік қасиетті дініміздің отанымызда сауатты жүргізілуін, адал ниеттің орындалуын, кейбір теріс пиғылдардың іс-әрекетіне заңдық тұрғыдан тосқауыл қоюды қамтамасыз етуде. Осы арада мына бір ойды да ортаға сала кетсем деймін. Еуропа халқына, бүкіл Араб әлеміне аты мәшһүр ғұлама ғалымдар туралы тереңнен әңгіме қозғап, олардың өмір жолын зерттеп, зердеден өткізсек еш артықтығы жоқ. Сол ұлы ғұламалар қай елден, қай жерден екендігін нақтылап, олардың ерекше болмысын, ғылым-білімге қосқан үлесін, еңбектерін көрсетіп отырсақ, Орталық Азия жұртының да дін саласында алыптары болғанын дәйектер едік. Егер біз бұл жұмысты дәл қазір қолға алмасақ, кейінгі жас оларды мүлде білмей қала ма деген қаупім бар. Біздің министрлік осыны қолға алып дін саласында мықтылардың болғанын жан-жақты зерттейтін институт ашып, сонда ата тарихымызбен қатар, ислам тарихын зерделеп, өзіміздің ғұламалар ілімін бүкіл дүниеге танытсақ ұтылмаймыз. Өз ғұламаларымыз, ғалымдарымыз жарқырап шығып жатса, ұлт тарихы үшін абырой болары ақиқат. Әрине бұған қаржы керектігі белгілі. Дегенмен ұлт тарихы үшін қажет іске қаржы табылар деген үміттемін.

– Жалпы, бүгінгі күні дін саласындағы жұмыстар жүйелі жолға түсіп, өзекті мәселелер шешімін таба бастағанын көріп отырмыз. Дегенмен бұл бағыттағы іс-қимылды күшейте түсу керек деген пікір бар. Бұған не дейсіз?

– Айтары жоқ. Бүлінген елдер берекесінің болмай жатқанын көріп те, біліп те отырмыз. Қазақ мына өмірді қамшының сабына теңейді. Қарапайым естілгенімен керемет философиялық астар жатыр. Мен әр азаматқа осы қанатты қағиданы танып-білсе, тар көңіл кеңіп, жаратқан берген жан өлшеулі уақытында армансыз болар еді. бұл жердегі біздің басты міндет әділ дінді бұрмалайтын идеялардан қорғану – бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып тұр. Бұл – алдыңғы толқын бізге жүктелген іс. Шындығына келгенде басты байлығымыз да, құндылығымыз да елдің ынтымағы мен бірлігі, татулығы, тұрақтылығы. Бүгінгі таңда өздерін салафиміз дейтін кейбір мұсылман бауырларымыздың жүріп-тұруына киім үлгілеріне қарап бұл қандай мұсылмандық деп ойланасың. Жүздеріне қарасаң суық, мейірімсіздеу көрінеді. Ғұламалар тиянақтаған қағидаттарға сүйенсең, мұсылман адамдар талас-тартыстан аулақ жүру керек. Оны орындамағандар елдің ынтымағына нұқсан келтіру деп түсінемін. Кейбіреулерінің жүректерінен мейірім кеткендіктен болар, ешкімге жаны ашымайтындай, қатыгездеу көрінетінін несін жа­сырамыз. Мұндай жат қылықтан, әсіресе кей­інгі ұрпақты сақтандырсақ екен. Оған ұл-қыз өсіріп отырған ата-аналар алдымен күш салуы керек.

– Біздің елімізде таяуда Еуразия мұсыл­ман ғұламаларының форумы өтті. Онда қандай мәселелер талқыланғанын айта отырсаңыз.

– Діні бір мұсылман жұртының ғұламалары айбынды Астанамызда басқосуы біз үшін абырой болды. «Еуразия кеңістігіндегі Ислам өркениеті: өткені, бүгіні және болашағы» атты тақырып аясында болған алқалы жиынға Еуразияның 21 елінен 35-тен астам делегат, сол секілді еліміздің беделді дін ғалымдары мен Ғұламалар кеңесінің мүшелері, жалпы 250-ден астам адам қатысты. Бұл жиынды тарихи күн деуге болады. Бұл басқосуды да Елбасының рухани жаңғыру идеясының аясындағы іс-шара деуіміз керек. Форумның басты мақсаты туралы еліміздің Бас мүфтиі Серікбай қажы Ораз баяндама жасап, ислам дінінің арғы-бергі тарихына тереңдеп ба­рып форумның мақсатын атап айтты. Жа­ңа замандағы мұсылман қауымының жа-
у­апкершілігі, өзара түсіністікте жұмыс іс­теу, әлемдегі сын-қатерлерге байламда­рын білдіріп, мұсылман үмбетінің діни экс­тре­мизм мен терроризмге қашанда қосыл­май­тынын, зиянды әрекеттерден аулақ болу басты міндет саналатынын тілге тиек етіп, Еуразия елдерінің ортақ пәтуалар базасын қалыптастыру, рухани қауіпсіздікті басты бағытта ұстау, жат діни ағымдардың идео­ло­гиясына төтеп беру жолында бір болу, бұ­ған қоса тарихи орындарды қадірлеу ісі де қозғалды.

Дүние құбылып тұрған тұста діні бір халықтардың түсінікте қатар жүруі, әсіресе кейінгілерге үлгі екені сөзсіз. Қасиетті діні­міз­дің адамдыққа баулитын қасиеттерін жал­ғастыра білсек, оны кейінгі жастардың са­на­сына таза күйінде сіңірсек, бізге кімнің тісі батады? Жалпы, дін ісін жүргізушінің өзі сауатты болуы керек. Көп нәрсені бүл­ді­­рет­ін осы сауатсыздық. Бірден айтайын, ислам діні догма емес. Жағдаймен есеп­те­се­ді, мүмкін дегенді үзілді-кесілді жоққа шы­ғармайды. Егер сауатың шамалы болып, Құран қағидаларына тереңдей алмай тұ­рып болжаммен кесіп-пішсең жұртты адас­тырасың. Ислам діні, жоғарыда айттым, тағы қайталаймын, білім мен ғылымға шек қой­майды. Қайта оқы, біл дейді. Оған тал­пын­ған адамға ұзынды күн мешітте отыр демейді. Бес уақыт намазыңды жиып оқуға да кеңшілік береді. Алла тағала Құранда «Егер білмесеңдер ілім иелерінен сұраңдар. Ғалымдар халықтың ішінде көп емес, олар санаулы, сондықтан білмейтін шариғат үкімдерін ғалымдардан, білімі бар адамдардан сұраңдар. Бұл – Алла тағаланың әмірі, бұйрығы» дейді. Міне, алдағы пікірімізге осы дәйек болады деп ойлаймыз. Алла жолынан адаспау үшін дін ғұламасы Әбу Ханафи мәзһабын терең білуің керек.

Тәңірім әр кез қолдасын, көп көрмесін, қазақ жерінде, шүкір дейін, діни негіздегі қақтығыстар болған емес, болмасын да. Деген­мен әртүрлі бөлінушіліктер байқалады. Кері бағыттар аңғарылады. Фанаттар елес береді. Осыдан сақ болсақ екен. Әсіресе аңғал жастардың жат діннің жетегінде кетпеуін барша жұрт қадағалауы керек-ақ. Жаратқан иемізге мың да бір шүкір. Тәуелсіздік алғалы руханиятқа шөлдеген халқымыз уақыт өткен сайын имандылыққа бет бұруда. Қазақ елінде ислам діні қанат жайып мешітке келушілердің саны артуда. Мұсылман кісі өзгелерге тіл тигізіп сауап таппайды. Керісінше күнәға ұрынады. Ислам – діні нағыз халықтық дін. Ешкімге, жауына да жамандық тілемейді. Тек жақсылық сұрайды. «Дінге зорлық жоқ» дейді Құран хадистерінде. Алда айтқанымыздай дін «... иелерімен ең көркем түрде, сыпайылық пен әдептілік сақтап пікір алысыңдар», дейді тағы да Құран қағидасы. Бұл дана хал­қы­мыз­дың «Еркіндік қайда болса, елдік сонда, бір­лік қайда болса, ерлік сонда» деген аталы сө­зі­мен ұштасып, тұғырымыз – тыныштық, тірлігіміз – тұрақтылық, тілегіміз татулық секілді ұлы мақсатқа жалғасып, ол мақсатта мәңгілігімізге айналсын дейік.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Бөлісу: