25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

БАЛҒАБЕК МЫРЗАЕВ: ДІНДАРЛАР ЕСЕПКЕ АЛЫНСА ДА, КҮДІККЕ ІЛІНБЕЙДІ

БАЛҒАБЕК МЫРЗАЕВ: ДІНДАРЛАР ЕСЕПКЕ АЛЫНСА ДА, КҮДІККЕ ІЛІНБЕЙДІ

Сұхбат
Жарнама

Мәжіліс қарауында жатқан дін саласына қатысты заң жобасының түсініспеушілік тудырған нормалары мен актілерін талдау, сараптау, түсіндіру шаралары жалғасып келеді. Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары, теология ғылымының докторы Балғабек Әбдіқайымұлы Мырзаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында көпшілік көкейіндегі өзекті сауалдар мен кейбір күмәнді сұрақтарды кеңінен  қамтуға тырысты. 

– «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бірнеше айдан бері түрлі талқылаулардан, сүзгіден, екшеуден өтуде. Осы орайда, қоғам тарапынан әлі де түсініспеушілік тудырып жатқан тұстар бар ма?

– Сауалыңыз орынды. Бұл ретте аталған жоба шеңберінде қарастырылып отырған үш жаңа нормаға назар аударғым келіп отыр. Біріншісі, жобада «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» 2010 жылғы 29 сәуірдегі Заңның 26-1-бабына мынадай мазмұндағы толықтыру енгізу көзделген: «Ресми алдын ала ескертуді жазбаша нысанда жариялау туралы шешімді ішкі істер органының уәкілетті басшысы тексеру аяқталғаннан кейін және тергеп-тексерілуі ішкі істер органдарының құзыретіне жатқызылған экстремистік және террористік қылмыстарды, сондай-ақ, діни қызмет саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасауға жағдай жасайтын жеке тұлғаның әрекеттері туралы алынған мәліметтер расталғаннан кейін қабылдайды. Ресми алдын алу ескертуге Ішкі істер министрі немесе оның орынбасарлары, Ішкі істер министрлігінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы, ішкі істер аумақтық органдарының бастықтары қол қояды.

Ресми алдын ала ескерту тергеп-тексерілуі ішкі істер органдарының құзыретіне жатқызылған экстремистік және террористік қылмыстарды, сондай-ақ, діни қызмет саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасауға жағдай жасайтын әрекеттерге жол бермеу туралы және оны жасаған жағдайда жауаптылық туралы  нақты жеке тұлғаға жолдануы тиіс. Ішкі істер органдары жарияланған ресми алдын ала ескертулердің есебін жүргізеді».

Осы толықтырудан заң талаптарын сақтап жүрген діндарларға келіп-кетер ешқандай кедергі жоқ.  Біріншіден, бұл норма кез келген адам ұсталып, оған ескерту беріледі дегенді білдірмейді. Екіншіден, аталған норманың ерекшелігі, ол – теріс пиғылда жүрген азаматтардың қылмысқа баруын алдын алуға мүмкіндік береді. Осылайша, діни қызметпен байланысты құқықбұзушылықтарды алдын алу бойынша полицейлер күдікті адамдардың артынан заңды түрде бақылау орнату арқылы қылмысты жасауға жол бермейді. Яғни, күдікті адамдардың әрекеті әкімшілік құқықбұзушылық жасау оқиғасын тудыратын жағдайда оларға ресми ескерту беріледі. Егер күдіктінің әрекеті одан да ауыр құқықбұзушылықтарды тудыратын болса, полиция оларды криминалдық есепке қоя алады және оған қажетті тергеу амалдарын жүргізеді.

– Мұндай тәртіп тәжірибеде бар ма? Заң нормасының нәтижелі болатынына қалай көз жеткіземіз?

– Ұқсас тәжірибе шет елдерде қолданылады. Мысалы, британдық «Counter-Terrorism and Security Act 2015» террористік қызметке тартылу қаупі бар тұлғаларды есепке алу құқығын береді. Мұндай есепке алу осы тұлғаларды қорғау мақсатында жүргізіледі және профилактикалық болып табылады.

Бүгінгі күні қазақстандықтардың басым көпшілігі діни көзқарастары бойынша сабырлы болып саналады. Дегенмен соған қарамастан кейбір тұлғалардың мемлекеттің зайырлы заңдарын бұзуға ниетті болуы секілді қатерлердің бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, 2017 жылдың басынан республика бойынша деструктивті діни ағымдардың қылмыс жасаған 744 мүшесі анықталды және аталған санаттың әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 11 145 адамы тіркелді. Осылайша, тек осы жылы деструктивті діни ағымдардың 50 пайыздан көбі (жалпы саны – 22 945) қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылық әрекеттеріне барған.

– Деструктивті діни ағымдарды жақтаушылардың арасында қылмыс жасауға бейімділер осыншалық көп пе? Олардың жолын кесіп, құрықтауға арналған жобадағы тағы қандай бапқа тоқталар едіңіз?

– Екіншісі, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» 2011 жылғы 11 қазандағы Заңның 1-бабына мынадай толықтыру енгізілмек: «Діни радикализм – тұлғаның өзге адамдарға діни ұйғарымдар мен догмаларды сөзсіз орындауды таңуды үндеулермен және іс-әрекеттермен сүйемелдейтін, діни көзқарастар мен наным-сенімге ұшқары, ымырасыздықпен ұстанушылық». Бұл жолдар арқылы дін саласындағы деструктивті қызметті нақты анықтауға және оған құқықтық баға беруге және қарсы іс-қимыл жүргізуге мүмкіндік аламыз.

Егер адам діни қағидаларды мемлекет заңдарының талаптарынан жоғары қоятын болса, өздерінің діни көзқарастарын алға тартып, азаматтық міндеттерін орындаудан, оның ішінде заңдарды сақтаудан, еліміздің мемлекеттік рәміздерін құрметтеуден, балалары мен ата-анасын қорғаудан, әскерде қызмет етуден, халқымыздың тарихын және мәдени  мұрасын сақтаудан бас тартса, сонымен бірге басқаларды «діннен безгендер» немесе «адасқандар» деп айыптаса, онда бұл белгілер деструктивті діни ағымдарға қатыстылығын анықтауда негіз болуы мүмкін. Мұнда діндарлардың шынайы сенім және деструктивизм мен радикализмды ажырата білуі маңызды.

Діни радикализм мен деструктивті діни ағымдардың белгілеріне өзгелерді күштеп, өзінің діни сеніміне сендіру, күнәларымен айыптау, тозаққа түсумен қорқыту, ерік-жігерін басу үшін «дінсіз», «күнәһар», «діннен безген» және басқа да сөздерді қолдану жатады. Аталған қатерлер, ең алдымен, теологиялық танымның жеткіліксіздігінен діндар халықтың белгілі бір бөлігінің радикалдануын көбейту қатерімен сипатталады.

Бұдан басқа, талдау деструктивті және радикалды діни ағымдардың ізбасарларына өзінің діни ықыласын және көзқарасын мемлекеттің зайырлы принциптеріне және дәстүрлі рухани құндылықтарға дау айту және қарсы шығу тән екенін көрсетті. Деструктивті діни ағымдардың радикалды қолдаушылары құқыққа қайшы, соның ішінде мемлекет, қоғам және азаматқа қарсы күш қолдану актілерін ұйымдастыруға дайын тұрады. Бұл ретте тек қана террористік немесе экстремистік қылмыстар ғана емес, пайдақор және пайдақор-күштеу түріндегі жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтар да бар.

– Қалай ойлайсыз, осы Заң жобасы қабылданған соң кез келген діндар «деструктивті діни ағым» мүшесі деген күдіктілердің тізіміне ілініп кетпей ме?

– Заң жобасында «деструктивті діни ағым» деген жаңа ұғым енгізу көзделген. Жалпы, деструктивті діни ағым дегеніміз – мемлекеттің қауіпсіздігіне, Конституциялық құрылымына және адамның заңмен қорғалатын құқықтары мен бостандығына қатер төндіретін, рухани және мәдени құндылықтар мен дәстүрлерді әлсіретуге және бұзуға бағытталған діни көзқарастардың, идеялардың, сондай-ақ, ілімнің жиынтығы. Бұл ұғымды енгізу дін саласындағы деструктивті қызметті нақты анықтауға, оған құқықтық баға беруге және қарсы іс-қимыл жүргізуге мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, бүгінгі күні өздерінің діни ұстанымдарын еліміздің қолданыстағы заңнамаларынан жоғары қоятындар шыға бастады. Ондайларды бүгінгі бейбіт заманға қалай жеткенінің байыбына бара алмағандар дер едім.

Кейбір діни ағым ұстанушылар білім беру мекемелерінің талаптарын орындаудан бас тартып жатады. Мәселен, белгілі бір күндері құдайға құлшылық ету күні деп балаларының мектепке баруына тыйым салады. Немесе мектептегі бірыңғай киім үлгісіне қарамастан, өздерінің балаларына діни киім элементтерін кигізеді, ата-аналарымен бірге тамақ ішуден бас тартады, оларды діни қағидаларды орындамайды деп айыптайды, қысқасы қоғамды екіге бөледі. Сондай-ақ, белгілі бір діни сенімді басқаларға зорлап міндеттеуімен, ең ымырасыз көзқарастар мен іс-әрекеттерді ұстанатындығы байқалады. Заңға осы ұғымды енгізу арқылы идеологиялық, ұйымдастырушылық, рәсімдік-жоралық және жүріс-тұрыс белгілерімен кешендік тұрғыда олардың деструктивті діни ағымға қатыстылығы айқындалатын болады.

Сондықтан бір мәселеге қатысты ешкім де радикал болып есептелмейді. Шешім белгілердің жиынтығы негізінде ғана қабылданатын болады. Сондай-ақ, кезінде осы заң жобасын талқылауға қатысқан сарапшылардың басым көпшілігі ешқандай жазбаша ұсыныс білдірмеген еді. Енді «біткен іске – сыншы көп» дегендей, бәрі аяқталған соң әртүрлі ақпарат құралдарына сын-пікірлерін білдіріп қалуда.

– Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Жобадағы кейбір нормалар арқылы кейбір қоғам мүшелерінің  құқығын шектеп, бұзбаймыз ба?

– Рас, Конституцияда негізгі құқықтық қағидаттар анықталған. Ондағы мемлекет алдындағы азаматтық құқықтар мен міндеттер салалық заңдарда көрсетілген. Заң әркімге діни сенім бостандығы құқығын растайды, діни нанымына қарамастан, әркімнің теңқұқықтылығына кепілдік береді, конфессияаралық келісімнің, діни төзімділіктің және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын таниды.

Алайда Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 20 маусымда №500 Жарлығымен бекітілген дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидатының бірі – дінді деструктивті мақсаттарда пайдалануға жол бермеу тұрғысынан халықтың барлық нысаналы топтарын атаулы және жаппай қамту болып табылады.

Тағы бір назар аударатын мәселе, заң жобасында ұсынылған нормалардың мазмұны дін саласындағы білікті сарапшылар, діни бірлестіктердің өкілдері және белгілі қоғам қайраткерлері тараптарынан егжей-тегжей қаралды. Сонымен қатар, әзірленген нормативтік-құқықтық актінің жобасы көпшілік танысу үшін министрліктің веб-сайтында ресми түрде жарияланды. Келіп түскен барлық ұсыныстар мен ескертулер назарға алынды. Бүгінгі күні жоба Парламент мәжілісінде қаралуда. Мәжіліс депутаттары да өз тарапынан осы нормаларды мұқият қарап, жеті рет өлшеп барып кесетініне күмән жоқ. Сондықтан жоқтан уайым тудыруға әлі ерте деп санаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Динара Мыңжасарқызы

Бөлісу: