25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Төрәлі ҚЫДЫР: Алтын Орда – дәстүрлі дініміздің діңгегі

Төрәлі ҚЫДЫР: Алтын Орда – дәстүрлі дініміздің діңгегі

Сұхбат
Жарнама

М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Ежелгі дәуір әдебиеті және түркология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, доцент Төрәлі ҚЫДЫРМЕН болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

— Биыл мемлекеттік деңгейде тойланатын мерейтойларымыздың бірі – Алтын Орданың 750 жылдығы. Әңгімемізді сол дәуірдегі діни жағдайдан бастасақ.

— Дұрыс айтасыз, биыл мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін атаулы үш мерекеміз бар. Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы, сондай-ақ Абайдың 175 жылдығы. Түсіне білген адамға осы үш атаулы мерекенің өзіндік мәні бар. Біз айтып та, жазып та жүргеніміздей, Әл-Фараби – Ислам өркениетінде екіндігімізді түсіндіретін, Алтын Орда – бір кездері алып мемлекет болғандығымызды білдіретін, ал Абай – ұлтымыздың басын біріктіретін «феномендер».

Өкінішке орай, бүгінде әлемді шарлаған індетке байланысты бұл атаулы шараларды атап өту кейінгі қалдырылып отыр. Бұл да бір Жаратқанның сынағы болар. Атаулы мерейтойларды дүрілдетіп тойламасақ та, бабаларымыздың рухани мұрасының астарына терең бойлап, замана көшінен кеш қалып қоймау – басты мақсатымыз.

Әл-Фараби мен Абайдың шығармаларын жәй ғана оқып тамсана бермей, олар армандаған «Қайырымды мемлекеттің имани гүлді бойына сіңірген толық адамы» бола білсек, бабалар аманатының орындалғаны емес пе? Ал, Алтын Орда мемлекетін терең зерделеп, кеңінен насихаттаудың да маңызы жоғары. Сол кезеңде түркілік рух пен ислами таным тұтастанды. Соның нәтижесінде дәстүрлі дініміздің негізі қаланды.

— «Дәстүрлі дін» дегенімізді қалай түсінеміз? Кейбіреулер «дәстүрлі Ислам» деп жатады.

— Дәстүрлі дін дегеніміз – дәстүр мен діннің тұтастануы. Ұлттық құндылықтарымыз бен діни дүниетанымның ұштасуы. Яғни мыңдаған жылдар бойына жинақталған салт-дәстүріміздің, әдет-ғұрыптарымыз бен ырым-тыйымдарымыздың ислами астар алуы немесе кейбір шарғи амалдардың сол ұлттық болмысымызға қарай ойысуы, икемделуі десек те болады. Тіпті кейбір көне жырларымыз бен аңыз-әпсаналарымыздың Ислам дінінің келуімен жаңаша сипат алуы да сол дәстүрлі діннің жемісі.

Дәстүрлі дініміздің негізі қараһандықтар билігі тұсында қаланғанымен, Алтын Орда кезінде нықтап бекіді. Түркілер Исламды алғаш қабылдаған жылдары ел көлемінде бір-екі фиқһтық мектептің өкілдері болса, Алтын Орданың сүзгісінен тек қана ханафи мәзһабы өтті. Сенімдегі ашғари һәм матуриди мектептерінен Дешті қыпшақ даласында соңғысының бағы жанды.

Бүгінде біз ұстанып жүрген амалдағы Әбу Ханифа мәзһабы мен сенімдегі Имам Матуриди мектебі, міне, сол Алтын Орда билігі тұсында тамырын тереңге жіберді. XV ғасырда Керей мен Жәнібек хандар орталықтан бөлініп шыққан уақытта өздерімен бірге сол аманатты да көтеріп келді. Сондықтан да қазақтың сайын даласында Имам Ағзам мәзһабы мен Имам Матуриди сенімі кеңінен тарады. Амалдағы һәм сенімдегі осы екі мектеп қазақтың дәстүрлі дініне айналды, ата-бабаларымыздың рухани қажеттілігін толығымен өтеді, содан басқа мәзһабтардың келуіне, осы өлкеде таралуына қажеттілік те болмады.

— Алтын Ордадағы қалыптасқан дәстүрлі дін қазақ халқымен қатар қандай ұлыстарға әсер етті? Осы жайлы тоқталып өтсеңіз.

— Алтын Орда алып мемлекет болғаны мәлім. Сол империядан өз еншілерін алған халықтардың да сенімі осы екі мектептің негізінде қалыптасты. Қазақ даласы, Еділ-Бұлғар, Мәурәннәһір мен Хорасанды айтпағанның өзінде, қиырдағы Африка құрлығында орналасқан Мысыр жұртында да Әбу Ханифа мектебінің кеңінен тарауына Алтын Орда билігінің әсері болды.

Мысырдағы мәмлүк-қыпшақтар билігі мен Жошы ұлысының арасында саяси-мәдени байланыстардың жақсарып, жанданғаны тарихтан белгілі. Оның басты себебі – генетикалық туыстық жағында, яғни екеуі де қыпшақ тектес болды. Сондай-ақ екі елдің де бір мәзһабты ұстануы жақындықты арттырды. Өйткені қаншалықты бірге туса да, ұстанған діндері әртүрлі болса, ол елдер арасында айтарлықтай барыс-келіс орнай қоймайтындығы тарихтан белгілі. Алтын Ордада отырған Жошы ұрпақтарының, бір атадан тараған Аббасид халифатын құлатқан Хулагуге қарағанда, Мысырда билікке келген Сұлтан Бейбарысқа бүйрегі бұрып тұруының астарында осындай мәселе жатыр еді.

Мысырда қыпшақтар билікке келгенге дейін шиғалыққа бүйрегі бұрып тұратын Фатимидтер билігі орнаған болатын. Егер сол бағытпен кеткенде бүгінгі Египет руханият жағынан әһлі тәшәийуғ, яғни шиғалық жолды ұстанып кетуі мүмкін еді. Бірақ қыпшақтардың билікке келуімен сүнниттік, соның ішінде ханафилік мектеп орнады, бертін келе тамырын тереңге жіберді.

ХІV ғасырда, анығы 1313 жылы Алтын Ордада ханафи мәзһабының шарғи амалдарын кеңінен түсіндіретін «Муғинул-мурид» («Мүридке көмекші») атты туынды жазылды. Бұл шығармада иман, намаз, ораза, зекет, қажылық мәселелері өлең сөзбен өрнектелді, сондықтан да халық арасына кеңінен тарады. Оның тарауына билік те мүдделі болды. Себебі әртүрлі сенімдегі халыққа қарағанда, бір имани ұстында болған халықты басқарған тиімді.

Ал, сол кездегі Мысырда да Ханафи мәзһабы кеңінен насихатталды. Дешті қыпшақ даласындағы Сығанақта жазылған Құтбтың «Хұсрау-Шырын» дастанын Мысырда қайта көшірген Фақиһ ибн Берке әл-Қыпчақи, мәмлүктердің басты идеологтарының бірі ретінде үлкен еңбек жазды. Әбу Ханифа мәзһабындағы амалдардың орындалу барысын егжей-тегжейлі түсіндіріп беретін «Иршадул-мулук уәс-сәлатин», яғни «Патшалар мен сұлтандарға тарту» деген туындысын Мысыр билеушілеріне ұсынды. Яғни, Мысырды басқаратын патшалар мен сұлтандар осы мәзһабты ұстануы керек дегені ғой. Бертін келе Ханафи мәзһабының фақиһы Әбу Ләис Самарқандидың «Китәби муқәддимәи Әбу Ләис Сәмәрқәнди» деген еңбегі Мысырда арабшадан түркі әдеби тіліне тәржімаланды. Содан Мысырда Ханафи мәзһабы үстемдік құра бастады.

Бүгінде біздің діни-ағартушылық саласына қадам басқан жастарымыздың Мысырдағы «Әл-Әзһар» медресесіне барып, білім алуға талпынуының астарында, кешегі бабаларымыздың руханият жолындағы ерен еңбегінің жемісі жатыр деп қараған дұрыс. Ал, Алтын Ордадан тікелей еншісін алған Қазақ хандығында «Раунақул-Ислам» («Исламның шырағы») деген шығарма кеңінен тарады. 1465 жылы жазылған бұл туынды жаңа біз айтып кеткен «Муғинул-муридтің» үлгісінде жазылып еді. Құлшылық жасаудың үлгілері Ханафи мәзһабы бойынша таратылған «Раунақул-Ислам» туындысы ХХ ғасырдың басына дейін медреселерде кеңінен оқытылған.

— Алтын Орда тұсындағы діннің насихатталуы туралы айтсаңыз.

— Дін – жалаң сөзбен емес, көркем тілмен насихатталса, көпшіліктің көкейінен орын алады. Айтар ойыңызды, берер жауабыңызды қара сөзбен емес, өлең сөзбен жеткізсеңіз, анағұрлым әсерлі болары анық. «Халықтың өлең сөзді жақсы көретінін біліп, молдалар дінді өлеңмен үйреткен», – деп Ахмет Байтұрсынұлы босқа айтпасы керек-ті. Яғни, Хақ дінді таратудағы бірінші құрал – әдебиет.

Жалаң сөзбен айтылған, құр догмадан тұратын дүниені жұрт онша қабылдай бермейді. Сондай-ақ, дін сол халықтың салт-дәстүрімен, фольклорымен ұштастырыла отырып насихатталуы қажет. Әрі жалаң догмалардың жетегінде қалып қоймау үшін онда пенденің рухани кемелдену жолдары да, яғни руханият мәселесі де кеңінен насихатталуы керек.

Ең маңыздысы – халыққа түсінікті тілде жеткізілуі қажет. Егер осы шарттарды «дінді таратудағы басты қағидалар» деп алсақ, Алтын Орда тұсындағы жазба жәдігерлер осы шарттардың бәрін қамтыған. Мысалы, «Мүридке көмекші», «Түркише Гүлістан», «Махаббатнама», «Жұмжұма», «Пайғамбарлар қиссасы» секілді туындылар көркем тілмен жазылған. Дінді насихаттағысы келген қалам иелері Жаратқанның бірлігін һәм барлығын, пайғамбардың адамзат баласының ардақтысы екендігін, сахабалардың ерен ерлігін, әулиелердің кереметін, кемелдік ұстындарын көркем сөзбен жеткізуге тырысқан.

«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп Абай айтпақшы, өлеңмен жазылған дүние ел арасында кеңінен тараған. Жазған дүниелерінің арасына Құран аяттары мен пайғамбар хадистерінен бөлек, көнеден келе жатқан аңыз-әпсана, хикаяларды да қосып отырған. 1310 жылы жазылған Рабғұзидың «Рабғұзи қиссасында» атақты пайғамбарлардың өнегелі өмірімен бірге, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр», «Көгершіннің аяғы неге түкті» деген секілді көне аңыздарды, сондай-ақ түркілік жыл қайырудың, Наурызды тойлаудың ерекшелігі секілді ұлттық құндылықтарды да қатар насихаттаған.

Жалпы, Рабғұзи түркілік рух пен ислами танымды ұштастыруға тырысқан. Сондықтан да ХІV ғасырдың бас жағында жазылған Рабғұзидың бұл туындысы, әуелі қолжазба қалпында, ал ХХ ғасырдың басында тасбаспа кітап ретінде ел арасына кеңінен тараған.

Дін адамды кемелдікке шақыруы керек. «Кәмил инсан», яғни «Кемел адам» ұғымының астарында да пендені кемелдікке баулу, Абайша айтсақ, «Толық адам» етіп тәрбиелеу мәселесі жатыр. Кемелдік ұстындары рухани ілімсіз жүзеге аспайды. Алтын Орда тұсында жазылған «Махаббатнама», «Түркише Гүлістан», «Жұмақтардың ашық жолы» шығармаларында сопылықтың сырлы әлемі мен әдеп, көркем мінез мәселелері кеңінен насихатталған. «Махаббатпен жаратқан адамзаттың» (Абай) өз Жаратушысын махаббатпен табу керектігі, Оған шынайы ғашық болу мәселесі баса айтылған. Жаратқанның ғазабынан қорқу басқа да, Оның Иләһи болмысына шынайы ғашық болу басқа.

Шынайы ғашық жан ешуақытта сүйіктісіне қиянат жасамайды. Шарттардың соңғысы «халыққа түсінікті тілде жеткізу» дедік. Біз санамалап өткен жәдігерлердің бәрі де ауам халық түсінетін тілде, яғни түркі әдеби тілінде жазылған. Ол заманда Ислам әлемінде араб, парсы тілі басқа тілдерден оқ бойы озық тұрды. Бірақ қалам иелері өздерінің ана тілдерінде қалам тербегенді артық көрді. Соның нәтижесінде дін Алтын Ордада кеңінен тарады. Руханият мәселесі кеңінен көтерілген, көне аңыз-әпсаналармен өрілген, өздеріне түсінікті тілде жазылған, ол аздай өлең сөзбен өрнектелген шығармаларды халық жылы қабылдап, жүректерінің төрінен орын берді. Соның нәтижесінде Дешті қыпшақ даласында имани-сенім берік орнады.

— Осы дәстүр кешегі күнге дейін жалғасты ғой?

— Иә, дінді көркем сөзбен жеткізу дәстүрі ХХ ғасырдың басына дейін жалғасты. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген «Кітәби шайырлар», «Сыр сүлейлері» секілді діни-ағартушы ақындар Исламның негіздері мен шариғат шарттарын, кемелдік ұстындарын кеңінен насихаттады. Алтын Орда тұсында көтерілген мәселелер олардың шығармаларында қайта жаңғырып, форма мен мазмұн жағынан байи түсті. Пайғамбарлар өмірі үлкен қисса-дәстүрлерге ұласты. Бірақ кешегі дінсіздік қоғамда бұл дәстүрден біраз қол жазып қалғандай едік. Құдайға шүкір, бүгінде қайта жанданып келеді.

— Бүгінгі дін тарату ісінде қандай дүниелер ескерілуі тиіс деп ойлайсыз?

— Бүгінгі имамдарымыз білімді, сауатты. Көпшілігі еліміздегі «Нұр-Мүбарак» университетінің түлегі. Кейбірі шетелдің әлемге белгілі діни оқу орындарын бітірген. Араб тіліне жүйрік. Уағыз айтқанда Алланың азабымен қорқытып емес, Алтын Орда тұсындағы жәдігерлердей, Жаратушыға ғашық болу қажеттілігін көп қозғаса дейміз. Сондай-ақ, уағыздарында келтірілетін мысалдар мен дерек-дәйектер, негізінен, өзге елдерден алынып жатады.

Құран аяттары мен пайғамбар хадистерінің арабша берілетіндігіне таласымыз жоқ. Десек те, дін тарату саласында ұлттық құндылықтарымызға, төл жазба мұраларымызға да көбірек орын берсе, әсерлі шығатын еді. Көпшілігі VІІІ ғасырдағы Ибн Кутейбаның жорығын, түркілердің дінді қабылдауын айтады да, содан ортадағы мың жылды тастап, Абай мен Мәшһүр Жүсіптің заманына бір-ақ секіреді. Осы екі ортада Алтын Ордадай үлкен қазынамыз жатыр. Мұны да ескеру қажет.

Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен ҚМДБ Ғұламалар кеңесімен бірігіп, «Дәстүрлі Ислам жауһарларын» шығарып едік. Бұл кітапқа қараһандықтар, Алтын Орда және Қазақ хандығы тұсындағы негізгі деген діни-дидактикалық, діни-танымдық және діни-сопылық ескерткішті жинақтап берген болатынбыз. Ең болмаса, осы еңбекті бір қарап шықса болар еді.

— Сұхбат бергеніңізге рахмет! Алла разы болсын! Сізге шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ

 

Бөлісу: