25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Алланың сипаттарын қалай түсінеміз?

Алланың сипаттарын қалай түсінеміз?

Күдікпен күрес
Жарнама

Алланың затына, сипатттарына, немесе іс-әрекеттеріне қатысты кейбір Құранның аяттары мен Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінде келген сөздердің кейбірінің тура мағынасы Аллаға  жараспайтын сияқты көрінсе, енді біреулері Жаратушыны  жаратылыстарына ұқсатқандай түсінік беруі мүмкін.

Өйткені, аят-хадистерде келген Алланың затына қатысты әл-уәжһ, әл-иәд, әл-айн, әл-жәнб, әл-қодам, ас-сақ, әл-исбағайн, ас-сурату т.б. сөздер мен сипатына қатысты әл-курһу, ад-дохику, әл-ғажәбу т.б. сөздер, іс-әрекетіне қатысты әл-истиуә, әл-фауқия, әл-мәжиу, ан-нузул, ад-дохику, ат-тақаррубу т.б. сипаттар тура мағынасы белгілі бір ағза-мүшені не болмаса жаратылғандарға тән іс-әрекеттерді білдіреді.

Жоғарыдағы сөздердің тікелей мағыналары ағза-мүшелерді (бет, қол, аяқ, саусақ т.б.) және жаратылғандарда кездесетін кейбір іс-қимыл (жоғары көтерілу, жүріп келу, түсу, жақындау т.б.) мен сипатты (күлу, таңқалу, жек көру т.б.) білдіреді.

Қасиетті мәтіндерде мұндай муташабиһ (мағынасы айқын болмаған, тіке мағынасы жаратыстардың аға-мүшелерін, сипаттарымен тұлғалас сөз болатын) сөздер (аяттар мен хадистер) кездесетіндігі жөнінде Құранда баяндалған:

هُوَ الَّذِيَ أَنزَلَ عَلَيْكَ الْكِتَابَ مِنْهُ آيَاتٌ مُّحْكَمَاتٌ هُنَّ أُمُّ الْكِتَابِ وَأُخَرُ مُتَشَابِهَاتٌ

«(Ей, Мұхаммед!(с.ғ.с.) Ол саған кітап түсірді. Оның ішінде мағынасы анық аяттар бар. Олар – Кітаптың анасы (негізі). Әрі өзге, мағынасы астарлы (аяттар да бар)».

Әһли сүннет ғалымдары мәтіндерде кездесетін мұндай муташабиһ сөздерге қатысты төмендегідей екі жолды ұстанған:

Бірінші жол: Аят-хадистердің мәтінінде келген жоғардағыдай астарлы мағыналы  сөздерге жалпылай иман келтіре отырып, Аллаға дене мен ағза телуден аулақ болып, пәктеу, мағынасын Алла Тағалаға тапсыру. Қалай келген болса сол күйінде оқып өте шығу. 

Бұл жолды қуаттаушылардың көзқарасы негізсіз емес. Яғни, өзіндік дәлел-дәйектері бар. Солардың бір парасы мынадай:

Әл-Әузағъиден (р.а.) жеткен хабарда: Бірде Мәкхул мен әз-Зуһри мұндай сөздердің түсінігі жайлы сұралған екен. Сонда ол кісілер: «Қалай келген болса сол күйінде үстінен оқып өтіңіздер» деп жауап бергені айтылады. Улид ибн Муслимнен жеткен риуаятта ол кісі былай дейді: «Мәлик ибн Әнастан, Суфиян әс-Сәуриден, әл-Ләйс ибн Сағдтан, әл-Аузағиден Алланың сипаттары келтірілген хабарлар жайында сұрадым. Олардың барлығы: «Еш кейіп берместен қалай келген болса сол күйінде оқып өтіңдер!», - деді.

Әз-Зуһри мен Мәкхул ол екеуі де өз замандарының ең білімді табиғиндері еді.Ал, қалған төртеуі табиғи ат-табиғиндердің уақытындағы ең білімді ғалым-ғұламалар болып табылады.

Имам Әбу Ханифаның шәкірті Мухаммад ибн әл-Хасан былай дейді: «Шығыс пен батысқа дейінгі фақиһ ғалымдардың күллісі бір ауыздан келісті: Құранда және сенімді адамдар арқылы аса құдыретті Раббы сипатына қатысты Алла Елшісінен (с.ғ.с.) келген хадистердегі (сөздерді) ешқандай ұғым-тәпсір, сипат берместен, ұқсатпастан иман келтіру».

Имам аш-Шафиғидың бұл мәселедегі пікірі мынадай: «Аллаға иман еттім әрі Алладан келгенге де (Құранға) Алланың қалауына сай иман келтірдім. Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) иман еттім және Алла Елшісінен (с.ғ.с.) келгенге де (хадистерге) Алла Елшісінің (с.ғ.с.) қалауындағыдай иман келтірдім».

Имам Ахмад ибн Ханбал осындай сипаттар турасында сұралғанда былай деп айтқан екен: «Еш кейіп және мағына берместен иман келтіріп, растаймыз. Оның ешбірін жоққа шығармаймыз. Елшілердің әкелгені хақ деп білеміз. Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) қарсы келіп, теріске шығармаймыз. Оған ешқандай шекара мен шек жүрмегеніндей Алланы  Өзі сипаттағанынан артық сипаттай алмаймыз»

Суфиян ибн әл-Ғъуяйна былай деді: «Алла Тағала кітабында Өзін сипаттағанның барлығының тәпсір-ұғымы – оның оқылуы және (ол жайында сөз қылмастан) үнсіздікте қалу».

Екінші жол: Әуелі бұл мәтіндерге иман келтіру, Аллаға дене мен ағза телуден ойды аулақ ұстай отырып, Алланы мінсіз (танзиһ етіп) пәктеу, сонымен бірге Құран Кәрімнің тілі болған араб тілі қағидаларына сәйкес, астарлы мән-мағынасын іздеп, жорамал жасау. Яғни, шектен шықпаған түрде тәуил жасау. Муташабиһ аят-хадистегі сөздердің сыртқы мағынасы мұрат етілмеген жағдайда тілдік мағыналары арасында Алланың затына лайық болған сөзді жорамал негізінде таңдау.

Әлбетте, муташабиһ  мәтіндердің Жаратушы Иеміздің ұлылығына сай етіп тура мағынасын ашып түсіндіру үлкен жауапкершілік екендігі сөзсіз. Бірақ, бұл таңдалған жорамал аталмыш мағынасы астарлы сөздердің мағынасы үзілді-кесілді осы ғана дегенді білдірмейді. Анығын тек Алла Тағаланың Өзі ғана білуші.

Демек, тура мағынасы Алланы жаратылыстарына ұқсататындай ұғым білдірген аят-хадистердің мәтініндеріне қатысты әһли-сүннет ғалымдары жоғарыдағы екі жолдың бірін ұстанған.

Аталған екі жолда да ғалымдар Алла Тағаланың кемелділігіне қайшы келетін сипаттарды Одан алыстатып, нұқсандық сипаттардан пәктеуді басты мақсатқа алған. Муташабиһ сөздің тура мағынасы мұрат етілмейтіндігі жөнінде бір ауыздан келіскен.

Ескерте кететін жайт, сүннет жолын ұстанатын жамағаттың ғұламалары осы мәселеде уақыт пен күш-жігерді сырап ететін, мұсылмандардың жүректерінде ыза-кек тудыратын дау-дамайға жол бермеу керектігін ескертеді. 

Ендеше, бұл нәзік мәселде ғалымдар көзқарасын басшылыққа алып, білімді негіз еткен абзал.

Нұрлан Рамазанов 

«Нұр Астана» мешітінің Бас имамы

Бөлісу: