25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Тәуил туралы бір сөз

Тәуил туралы бір сөз

Күдікпен күрес
Жарнама

Ғұлама Файрузабади «Басаир зауай ат-тамииз фи латаиф әл-Китаб әл-Азиз» атты кітабында былай дейді:

«Тәуил – аяттағы тура мағынаны аяттың қабылдай алатын өзге  ықтимал мағынасымен алмастыру. Ол алдыңғы және кейінгі аятқа мағынасы жағынан ұштас болады. «Тәуил» сөзі «әл-әул» деген түбірден туындаған. Ол «қайту» деген мағынаны білдіреді. Демек, тәуил дегеніміз  аяттың мәні мен мақсатына оралатын мағынаны баяндау болып табылады.  

Пайғамбардың (с.ғ.с.) астарлап сөйлеуі

Алланың Елшісі (с.ғ.с.) астарлап сөйлеген хадистер жеткілікті. Мәтінінің сыртқы мағынасы Пайғамбар (с.ғ.с.) дүниеден озғаннан соң  айқындалған хадистер де бар. Сондай хадистердің бірі, Айша анамыздың риуаяты бойынша, Алланың Елшісі (с.ғ.с.): 

أَسْرَعُكُنَّ لَحَاقًا بِي أَطْوَلُكُنَّ يَدًا

«Менімен қолы ұзындар алдымен (ең әуелі) қауышады», - деген еді.  Айша (р.а.) айтады: «Қолдарымызды қабырғаға қойып, бір-бірімізбен салыстыратынбыз. Зейнеп қайтыс болғанға дейін бұл әдетімізді тоқтатқан жоқпыз. Зейнеп аласа бойлы еді. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) қолы ұзын деген сөзбен көп садақа берушіні меңзегендігін кейін түсіндік. Зейнеп (р.а.) ісмер әйел болатын. Тері илейтін, одан қажетке жарайтын әлдебір бұйым тігетін және оларды Алла жолында жұмсайтын».

Бұл хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.) сөзінде айтылған «қолы ұзын» сөзінің мағынасының астарлы мағынада айтылғанын мұсылмандардың аналары кейіннен Зейнеп бинту Жахш қайтыс болғаннан соң барып түсінген. 

Тафсир мен тәуилдің айырмашылығы

Тафсир дегеніміз – аяттың түсу себебін зерттеу және лексикалық-грамматикалық терең талдау жасау.

Тәуил болса – аяттар мен ондағы сөздердің сырларын зерттеп, аяттың қабылдай алатын ықтимал мағыналарының бірін анықтау. Әрине, бұл түрлі мағына білдіретін аяттарда ғана кездеседі».

Әш-Шариф әл-Журжани «әт-Таърифат» атты еңбегінде былай дейді: 

«Тәуил сөзінің асылы «қайтару» деген мағынаны білдіреді. Шариғаттағы анықтамасы – сөздің тура мағынасын Құран мен сүннетке сай болған мағынаға алмастыру. Мысалы, Алла Тағаланың:

يُخْرِجُ الْحَيَّ مِنَ الْمَيِّتِ

«Ол, өліден тіріні шығарады»  деген аятына қатысты «мұндағы мақсат: «жұмыртқадан құсты шығарады» десе – бұл тафсир болып табылады. Ал, егер «мұндағы мақсат: «кәпірден мұсылманды немесе наданнан ғалымды шығарады» десе, онда бұл –  тәуил болып есептеледі».

Біздің де мақсат етіп отырған тәуиліміз – осы. Яғни, Құран мен хадисті (тура және ауыспалы мағыналарын) түсіну үшін ғалымдардың атап өткен қағидаларының біріне жүгіну, мағынасы неге қайтатынын анықтау.

Тәуил жасау уәжіп болатын тұстар

Тәуил жамау әрбір аятқа қатысты деген сөз емес. Ол тек зәру (дарури) жағдайда ғана қолданылады. Кейбір аят мәтінде баяндалған (қатғъи әс-субут) үкім нақты (яғни мәтіннің өзі нақты сенімді) болғанымен, ішіндегі дәлелі (занни әд-дәләлә - мағынасы) баяндалып жатқан іске бағытталғаны нақты, анық болмайтын немесе оның тура мағынасы қуатты ақылдың айғағына қайшы келетін жағдайлар кездеседі. Осындай жағдайда мәтін дұрыс ақылмен үйлесімділік табуы үшін тәуил жасаймыз. Осылайша, ақыл мен мәтіннің сыртқы мағынасындағы қайшылықты жоямыз.

Мысалы, Алла Тағаланың: 

مَا يَكُونُ مِن نَّجْوَىٰ ثَلَاثَةٍ إِلَّا هُوَ رَابِعُهُمْ وَلَا خَمْسَةٍ إِلَّا هُوَ سَادِسُهُمْ وَلَا أَدْنَىٰ مِن ذَٰلِكَ وَلَا أَكْثَرَ إِلَّا هُوَ مَعَهُمْ أَيْنَ مَا كَانُوا

«Үш кісі сыбырласса, сөз жоқ төртіншісі (Алла), әлбетте бестің алтыншысы Алла. Тағы бұлардан аз, я көп тіпті қайда болса да әрине Ол, олармен бірге болады»  деген аятының сыртқы мағынасы ақылдың: «Алла жаратылыстың ішіне кіріп, одан орын алуы мүмкін емес» деген дәлеліне қайшы келеді. Бұл тұста мәтіннің сыртқы мағынасын алмастан жалпы тәуил (тәуил ижмәли) жасап, мағынасын Аллаға тапсырамыз.

Немесе жалқы (егжей-тегжейлі) түрде тәуил (тәуил тафсыли) жасалып, мұндағы «Алла олармен бірге болады» деген аяттағы «бірге болу» сөзімен көзделген мақсат «ілім» деп түсіндіріледі. Яғни, «Алла  ілімімен бірге». Оған аяттың басы мен соңы куә. Келісі  Алланың:

نَسُوا اللَّهَ فَنَسِيَهُمْ

«Олар Алланы ұмытты. Сондықтан, Алла оларды ұмытты»  аяты  мен

فَذُوقُوا بِمَا نَسِيتُمْ لِقَاءَ يَوْمِكُمْ هَٰذَا إِنَّا نَسِينَاكُمْ

«Өздеріңнің осы күндеріңе жолығуды ұмытқандарың үшін (азапты) татыңдар. Анығында, біз де сендерді ұмыттық»  деген аятты алып қарайық. 

Мұндағы «ұмыту» кемшілікті білдіретін сипат, сол үшін ол Аллаға жарыспайды. «Алла Өзіне лайықты ұмытумен ұмытады» деуге де болмайды. Сол себепті бұл мәтіндегі «ұмыту» сөзіне жалпы (ижмәли) тәуил немесе жалқы (тафсыли) тәуил жасау уәжіп. Әйтпесе, ол ақыл және нақылға  да қайшы келеді. Себебі, Алла Тағала Құранның басқа аяттарында:

وَمَا كَانَ رَبُّكَ نَسِيًّا

 «Сондай-ақ, Раббың ұмытпайды»,

لَّا يَضِلُّ رَبِّي وَلَا يَنسَى

«Раббым  жаңылмайды да, ұмытпайды» делінеді.

Аталмыш аяттарда (тауил тафсыли) Алла мен ақыретті ұмытқан пенделерді Хақ Тағала мәңгілік азапқа тастап, елеусіз қалдыратындығы баян етілуде.

Сол сияқты тәуил жасауды қажет ететін хадистерде кездеседі. Мысалға: Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.):

سَبْعَةٌ يُظِلُّهُمْ اللَّهُ فِي ظِلِّهِ يَوْمَ لا ظِلَّ إِلا ظِلُّهُ

«Адамның жеті тобы бар, оларды Алла Өз көлеңкесінен басқа көлеңке болмаған күнде Өз көлеңкесіне алады» деген хадисы. Расында көленке тек денелерде ғана болатыны белгілі. Ендеше, Алланың Өзіне лайықты көлеңкесі бар деуге келе ме?! Олай десек Аллаға дене берген боламыз. Ендеше, бұл хадисте де тәуилге салып басқа мағынасын аламыз.

Сол сияқты: 

عَلَيْكُمْ مِنْ الْعَمَلِ مَا تُطِيقُونَ فَوَاللَّهِ لَا يَمَلُّ اللَّهُ حَتَّى تَمَلُّوا

«Шамаларың жеткенінше орындаңдар! Алламен ант етейін, Алла сендер жалықпайынша жалықпайды» деген хадисі бар. «Жалығу» да кемшілікті білдіретін нұқсан сипаты. Енді, Алланың Өзіне жарасатын жалығуы бар дегеніміз жөн бе, әлде тәуил жасағанымыз дұрыс па?! Және де:

يَا ابْنَ آدَمَ مَرِضْتُ فَلَمْ تَعُدْنِي        

«Әй, адам баласы, мен ауырған едім, жағдайымды сұрап келмедің» деген құдси-хадисті көруге болады. Ауру деген Аллаға еш жараспайтын кемшілік сипат. Ендеше, Алланың Өзіне лайық ауруы бар дегеніміз дұрыс па, әлде тәуил жасағанымыз ба?! 

Әлбетте, тәуил жасап, хадисте мұрат етілген мағынаны анықтаған жөн.

Нұрлан Рамазанов 

«Нұр Астана» мешітінің Бас имамы

Бөлісу: