25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Шариғаттың білгірі атанған Құнанбай

Шариғаттың білгірі атанған Құнанбай

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Абайдың әкесі Құнанбай дініне берік, дана кісі болған. «Абай жолында» сол кездегі саясаттың кесірінен дұрыс көрсетілмей қалған тағы бір ақиқат осы Құнанбай бейнесі. «Абай жолының» алғашқы томында Қодар мен Қамқаға тас атылып өлтіріліп, бала Абайдың өлтіруші топтың үстінен түсіп, ауырып қалатын тұсы бар еді ғой.

Екі мұңлықты өлтірткен Құнанбайды оқып отырған оқырман, яғни біз жек көріп кетуші едік қой. Міне, Абай жеріне бара жатып осы оқиға ауық-ауық ойыма оралып отырды. Көкірегіне талай сырды толтырып, үн-түнсіз дала жатыр. Ал мен бұл өлкенің әр жықпылынан тарихи сыр іздеп келемін. Негізінде Қодар мен Қамқа оқиғасы өмірде болса да, М.Әуезов суреттегендей емес, басқаша орын алған. Себебі Әуезовтің жазуында шариғатқа қайшы тұстар кездеседі. Ілгеріде осы Қодар мен Қамқа оқиғасы жөнінде жазушы Тұрсын Жұртбаймен сұхбаттасқаным бар еді. Сонда ғалым бұл атышулы оқиғаның тарихта расымен болғанын тілге тиек етіп: «Әуезовке ешкім мін таға алмайды. Өйткені бірде-бір авторлық мәтінде «Қодар-Қамқа оқиғасы болмады» деген сөз жоқ. Басқа кейіпкерлердің ойына салып берген. Қодар – атасы, Қамқа – келіні, жалғыз ұл қайтыс болған. Сол келініне Қодар алып қашып үйленген. Біздің өңірде Қодардың Қамқаны алып қашқан тауы әлі де бар. Қодар Қамқамен қоса сол ауылдың он шақты қыз-жігіттерін де бірге алып кеткен. Тауға барып, ол жердің бүгінгі біздің «Саин көшесіне», яғни жынойнаққа айналдырған ғой. Егер атасы өзінің келініне үйленсе, оған тиым салынбаса, жаза қолданылмаса, Құнанбай елді қайтіп билейді, елдің арын қайтіп ұстайды, ұрпаққа қайтіп иман үйретеді?» – деген еді. Сөйтсек олар жазаға лайық екен. Ал сондай жаза дайындаған Құнанбай шариғаттың білгірі екен. Құнанбайды жек көріп жүрген басым осы әңгімеден кейін оны ақтай бастады. Мынандай да оқиға айтылады. Бірде Абай әкесі кітап оқып, ой құшағында жүр дегенді естіп, ауылға келеді. Құнанбайдың кітаптан күніне бір-екі бет қана оқып, ой үстінде жүргенін байқайды. Бір апта өткеннен кейін Абай әкесіне: «Тәте, мына кітапты ұзақ оқыдыңыз ғой. Мағынасы терең кітап па?» - деп сұраса, қажы: «Иә, бұл кітаптың маңынасы терең, тариқат қой» - деп жауап беріпті. «Тәте, сізді дін ғылымының данышпаны, ақиқаттың алдында жүр ғой десем, әлі тариқатта жүрсіз бе?» дейді Абай. Сонда Құнанбай басын шайқап: «Әй, Абайжан. Мен сені толық сауатты ма десем, әлі кемеліңе жетпепсің ғой. Танымның негізі осы тариқат емес пе? Тариқатсыз шариғат та, мағрифат та, ақиқат та жоқ. Осыны ұқпаған екенсің ғой» - дейді. Сонда Абай үнсіз қалып, былай шыға бере: «Тәтемнің ғылымы неткен терең еді?! Орынсыз сұрақ қоюға болмайды екен, «Ақиқаттың алдында тұрсыз» дегенім – өлім тілегенім екен ғой» деп қатты өкініпті. «Төрт кітаптың шындығына көзі жеткен дана Абайдың өзін орнына қойып, жүрегін суытқан Құнанбайдың білім дәрежесі сонда қандай деңгейде болғаны?» - деп ерекше таңданыс білдірген еді Тұрсын аға.

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

 

Бөлісу: