25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Аллаға құлшылық қылып, намаз оқып өткен Кенен Әзірбаев

Аллаға құлшылық қылып, намаз оқып өткен Кенен Әзірбаев

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Бала Кененнің молдадан сабақ алуы

Деректерге жүгінсек, ақынның атасы Мандабай мен одан туған үш ұл – Әзірбай, Ниязбай, Абданбайлар да өлеңші, әнші, сауыққой, өнерпаз жандар болыпты. Бәйбішесі Алуа мен екі ұлы (жастай) өмірден өтіп, алпысты алқымдап қалған Әзірбай Ақыш деген батырдың Ұлдар атты қызын алады. Халық ақыны, әнші және композитор Кенен Әзірбаев 1884 жылы 19 маусымда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мәтібұлақ ауылында Әзірбай мен Ұлдардың шаңырығында дүниеге келген. К.Әзірбаевтың өзі анасы жөнінде: «Анам бойшаң, көрікті, өзі әнші, дауысы өте келісті, өлеңді суырып салып айта беретін кісі екен. Сол ауылдың той-жиынының гүлі болатын. Мен туған соң «Әзірбай шал ұлды болды» деп ел қуаныпты» деп еске алады.

Бала Кенен ерке болып өседі. Алайда бақытты кезең ұзаққа созылмай, Ұлдар да, Кененнен кейін туған Бибісара да көз жұмады. Ағайынның қолына қарап қалған Кенен жетімдіктің зардабын әбден тартады. Өзі сол уақыт туралы:

Ол кезде әкем менің алпыс жаста,

Байғұстың баласы жоқ менен басқа.

Баға алмай мен жетімді шешесі өлген,

Жыласа көзі толған қанды жасқа, – деп толғанады. Кенен 9-10 жасқа келгенде Құлжабай, Әймен деген ағайындарының қозысын бағады. Ауыл балаларымен бірге Бейімбет молдадан сабақ алуға барған Кенен молданың шыбығынан қашып құтылған соң, ол жаққа қайта беттемейді. Ол туралы ақынның өзі естелігінде: «Балалармен бірге мен де Бейімбет молдаға бардым. Әкем алып келді. Молда арабша жазылған бір жапырақ қағазды дуалға іліп қойып, соны оқытады екен. Қи қорада қырық-елу бала қозыдай шулап, қатар дауыстап оқимыз. Сейіт деген бала екі жылдан бері «әліпбиден» ары өтпепті. Әріптерге тілі келмей, күнде таяқ жейді. Байғұс күнде бақырып жылап шығады. Соны көріп молдаға бармай қойдым», – деп жазады. Осыған қарап-ақ сол замандағы бай баласы да, кедей баласы да молда алдын көріп, сауатын мұсылманша ашқанын байқаймыз.

Әзірбай ақсақалдың ұлын ұрлықтан тыюы

Кенекеңнің кейін өзі жазған естеліктері арқылы Әзірбай ақсақалдың ұлын адалдыққа тәрбиелеп, мұсылманның ізгі қасиеттерін бойына сіңіруге көп күш жұмсағанын байқаймыз. Жоқшылықтың зардабын көп тартып, көрсеқызарлықпен ұрлық жасаған сәтін Кенен Әзірбаев былай еске алады: «Бір күні Сүйкім деген кемпірдің үйіне келсем, далада жіп иіріп отыр екен. «Қарағым, қарның ашса үйге кіріп, айран құйып іше ғой. Анаң қандай кісі еді, Құдай ол сорлыға сенің қызығыңды көруді де жазбапты, тым ерте кетті. Тәртіпті, жақсы болып өс», – деп күрсініп қойды. Қасық тік тұратын қою айранды тойғанымша сіміріп ішіп жатып жоғарыда ілулі тұрған бір затқа көзім түсті. Ашып қарасам, күміс сапты кездік екен. Қызығып кеттім де, дереу кездікті қойныма тығып жібердім. Өзім айранға тойып, «әже, рақмет» деп жөнелдім. Екі күндей әлгі кездікпен қамыстан сырнай, қурайдан таяқ жасап мәз болып жүрдім. Үшінші күні Сүйкім апам Ыбырайым деген баласы екеуі іздеп келіп: «Кездігімді неге ұрладың, ақымақ? «Есіркеме жетімді» деген осы екен ғой», – деп қайдағы-жайдағыны айтып қарғап, сабап, қонышымдағы кездікті тауып алып кетті. Бетім от болып жанып, істеген ісіме қатты өкініп қала бердім. Әшіржан деген құрбым Сәт деген байдың қойын жаятын еді. Қойлары ылғи қара бұйра қозы табады. Қатты қызығамын. Бір күні онымен әңгімелескен болып, қозыларымды қатарластыра жайып, аңқау Әшіржанның бір қара қозысын қосып айдап кеттім. Оңашаға апарып, жас қозыны сойып, елтірісін алып, Күлдаяқ деген жеңешеме жалынып, «терісін илеп, бөрік істеп берші» деп апарып бердім. Сөйтіп жүргенде он бес лақ, үш қозым ел аман, жұрт тынышта өзінен-өзі өліп қалмасы бар ма? Таңғалдық. Әкем: «Бұл қалай болды, шырағым? Осы сен бір сұмдық істесең керек, шыныңды айтшы, қане, ұрыспаймын, ұрмаймын», – деп қинады. Болған оқиғаның бәрін – кездік ұрлағанымды, қозы ұрлағанымды да айтып бердім. Бұдан былай ұрлыққа жоламасқа ант бердім. Әкем: «Балам, біздің тұқымға ұрлық, саудагерлік деген жақпайды. Аштан өлсең де, адал жүріп, адал тұр. «Ұрлық түбі – қорлық» дегенді халқымыз бекер айтпаған. Антың соңғы болсын», – деп қасына шақырып алып, бетімнен, маңдайымнан сүйді. Мен жылап жібердім». Осындай әке өсиетінен кейін расымен де, Кенен ақын жаман әдеттерден бойын аулақ ұстайды.

 

«Базар-Назар» әні үшін «Аллаға тілім тиді ме?» деп қорыққан Кенен

Кененнің Нәсихаға үйленгеннен кейін дүниеге келген балалары – Болысбек, Тұрсын атты ұлдары тұрақтамай, қайтыс бола береді. Әсіресе үш жарым жастағы Базары мен бір жарым жастағы Назарының шешек ауруынан бір күнде көз жұмуы Кенекеңнің қабырғасын қайыстырады. Қатты қайғырған ақын «Ақ ешкінің зары» деген атақты жоқтау әнін шығарады. Кейін бұл ән халық арасына «Базар-Назар» деген атпен тарап кетеді. «Базар-Назардың» сөзі қандай зарлы болса, әні де сондай мұңды еді. Кененнің ұлы Бақытжан бұл ән туралы әкесінен естігенін: «Әннің қалай туғанын әкемнің өз аузынан естіген едім. Кішірек кезім. Бір күні үйге күйген күлшедей жұп-жұқа, арық әйел келді. Қапыда жалғыз ұлынан айырылып қалған әлгі әйел қалада тұратын қызының қолына бара жатыр екен. Кетерінде: «Кеудемдегі жараның уытын басар, атақты «Базар-Назарыңызды» өз аузыңыздан естігім келіп отыр. Бар бұйымтайым осы», – деді. Оған әкем: «Қарағым, буынсыз жерге пышақ ұрдың-ау. Бұл әнді айтпай кеткеніме 30 жылдан асты. Айт десең, ән аз ба? Жүзден астам әнімнің кез келгенін айтып берейін. Қапалы кезде туған ән ғой ол. Қазір сондағыдай дауыс қайда? Бүгінде Құдайға айтар мұңым жоқ. Ұлым да, қызым да, немерелерім де бар. Қинама, қалқам», – деді. Бірақ қонақ әйел бұған көне қоймады. «Бір ғана тілегім» деп, қиылып отырып алды. Әкем амалсыздан домбырасын қолына алып, сөйлеп кетті. «Базар-Назар – егіз қозыдай қатар өскен ұлдарымның аты. Ақ ешкі болса, Базарыма деп атаған бәсіре еді. Екі ұлымнан бірдей айырылатын жылы ақ ешкі де егіз лақ туды. Сұм ажал төртеуін тағдырлас қылды. Екі-үш ай ел аралап, сағынған ауылыма келдім. Кеш қалыппын, шешек ауруынан екі балам да бір күнде дүние салыпты. Дымы кеппеген қос мүрденің жанындағы төбеде күнде отыратынды шығардым. Ән туар күні де сол төбенің басында отыр едім, төменде өлген лақтарын іздеп, безектеп жүрген ақ ешкіге көзім түсті. Бейшараның дауысы қандай ащы еді! Тілі жоқ болса да, екеуміздің тағдырымыз, қайғы-мұңымыз бір екен. Жан дүниемді орасан күш жұлқып жібергендей болды. Көмейіме «Зарланасың ақ ешкі...» деген бас-аяғы жоқ тіркес келе берді. Орнымнан қарғып тұрып, домбырама жүгірдім. Жан дүниемді сыздатқан зарлы үн домбырама орала берді. Ән осылай туып еді. «Айт» деп қоймадың ғой, қарағым. Ендеше, тыңда!» – деп айтып берген еді.

Әкем «Базар-Назарын» көзі тірісінде көп айтпай кетті. Өзгенің де айтқанын аса қалай бермейтін. «Тағдырдың қысастығына күйініп жүріп, іштегі зарымды айтамын деп, Құдайға тілім тиіп кеткендей сезінемін. Алла тағалаға өкпе жүрмейді, ешкім бұйрық бере алмайды. Біздікі әншейін пендешілік қой», – деп отырушы еді жарықтық».

Жылдар өте балалы-шағалы болып тамырын тереңге жайған Кенекең осы ән үшін Алладан талай кешірім сұрап, намазында да, жұрт алдында да айтып отырады екен.

 

Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де...

Кенекең сексенге келсе де аттан түспепті. Жұбайы Нәсиха апаның «Кенен-ау, өзіңді баяғы жиырма бестегі жас жігітпін деп ойлайсың-ау деймін. Оқыс аттан құлап мертіксең не боламыз? Қартайған шағыңда мұныңа ел күлмей ме? Мәшинеңе неге мінбейсің?» деген сөзіне қарт ақын: «Ат адамнан да ақылды. Мәшинеңе болайын. Оған тегіс тас жол керек. Ат баратын жерге жете алмайды. Ойжайлауға түспеген соң, оның кәусар бұлағынан су ішпеген соң оның несі қызық?» деп жауап беріпті. Кенекеңнің сексен жасында шығарған «Бес қуаныш», «Қайран, жастық», «Қазақстан аймағы» секілді әндерін де халқы қазынаға балады.

Кенекеңнің 90 жылдық мерейтойы 1974 жылы Қордай ауданындағы Бөлдек тауының етегінде республика көлемінде аталып өтті. Сонда тойға арнап 217 үй тігіліпті. Бәйге өткізіліп, балуандар боз кілем үстінде атой салды. Ұлттық ойындар ойналып, әншілер әнін шырқап, бишілер биін билеп,думандатқан той болды. Халқы Кенендей өнерпазына лайық құрмет көрсетті. Қордай өңірі мұндай ұлан-асыр тойды бұрын-соңды көрмеген еді. Той соңында «Тоқсан жас деген қалай болады екен? Қамшылауға келе ме екен өзі?» деп сұрай келгендерге арқалы ақын:

Оңаша үйде отырмын,

Өткенімді сағынып.

Тоқсан жасқа келгенде,

Нәсихаға бағынып, – деп өлеңдетіп жауап берген екен. Өмірінің соңғы жылдары туралы ұлы Бақытжан: «Тоқсан екіге келгеннен кейін, жарықтық сезді ме, бір дәптерге қырғыздардан бастап, Күнгей Алатауы, Тоқмақ, Бішкек деп, өзі араласқан барлық адамдардың аты-жөнін жазып кетті. «Мен өлгеннен кейін сендер мұның барлығын қайдан білесіңдер? Білмейсіңдер ғой. Ашаршылық кезде, көтеріліс кезінде маған көп жанашырлық көрсеткен қырғыз ағайындар бар. Өнерімді жоғары бағалаған азаматтар бар. Бәрін сендер жазып алыңдар. Анау-мынау болып кетсем, осыларға хабар бересіңдер», – деп үйретіп кетті. «Анау-мынау шаруаның бәрін үкімет өз қолына алады. Мен халықтың арасында өскен, өмір бойы Алла тағалаға құлшылық етіп, намаз оқып өткен адаммын. Сондықтан келген үкіметтен бір күн рұқсат сұраңдар. Менің жаназамды аударады, мұсылмандық жолымен шығарыңдар. Қалғанын үкімет өзі білер», – деді. Қанша молда келетініне дейін, оған қанша тиын тебен берілетініне дейін айтып кетті. Тура солай болды. 17-18 молда келді. Кәделердің бәрін істеді. Ертеңіне Мәдениет сарайына сүйегін алып кетті», – деп баяндайды.  

Балаларының айтуынша, намазын қаза қылмаған, Құдайдың алдындағы күпірліктен қатты сақтанған, «сал-серілердің соңғысы» атанған Кенекеңнің ақтық сапары да өзі қалағанындай, жаназасы шығарылып, Құран хатым етіліп, өткізіліпті. Талай жыл Кеңес үкіметінің әнін айтып, идеологиясын жырға қосса да, ақиқатты танып, Құдайды тапқан жүрегі оны өмірінің соңында да адастырмады. Соңғы сапарға да даналықпен аттанды. Ақынның өзі:

Міне, келдім сексенге,

Жүрегім таза, өкпем де.

Екі Кенен тумайды,

Алатауға ексең де... – деп жазғандай талай дүлдүл өмірге әлі келер-ау. Бірақ Кененнің қайта тумасы анық.

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: