27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Ыбырай Алтынсарин және «Мұсылманшылықтың тұтқасы»

Ыбырай Алтынсарин және «Мұсылманшылықтың тұтқасы»

Дәстүр даналығы
Жарнама

Қазақ әдебиеті тарихында өзіндік орны бар жазушы, ақын, ағартушы педагог Ыбырай Алтынсарин патша үкіметінің халықты діннен бездіру саясаты басталған тұста өмір сүрді.

Ол осы саясаттың қыспағында езіліп қалмай, мұсылман халқына қолдау көрсетіп, өлең жолдарымен Ислам дінін насихаттай білді. Ыбырай Алтынсариннің шығармаларын парақтағанымызда кейбір түйінді тұжырымдарының хадистердің өзегінен тамыр тартқанын байқаймыз. Мысалы ардақты Пайғамбардың (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) «Бисмиллаһпен басталмаған әрбір істің соңы келте»,[1] – деген хадисіне сүйеніп ақын насихатын былай келтіреді: «Істің болар қайыры, Бастасаңыз алдалап».[2]

Еңбекқор Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) адамдарды әрдайым еңбек етіп, маңдай терімен табыс табуға шақырған. Өзгелерге масыл болып, біреудің арқасында күн көруді еш қолдамаған. Оның (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) маржан сөздерінде бұл турасында былай делінген: «Шамаңның келгенінше ешкімнен ешнәрсе сұрама».[3] «Қажеттіліктеріңді абыроймен табыңдар (яғни басқаларына қарап телмірме), себебі барлық нәрсе Алланың жазуымен болады».[4] «Жоғарғы қол төменгі қолдан жақсы. Жоғарғы қол – берген қол, төменгі қол – алған қол».[5]

Пайғамбарымыздың осы хадистеріне орай Ыбырай атамыз да былай деген:

Қорек тап, бейнеттен де тәңірің жәрдем,

Телмірме бір адамға мұңдықпенен.[6]

... Адамға бір өзіңдей көзің сүзбе,

Бір әділ қазынасы кең патшаны ізде.

Қорексіз еш пендесін қалдырмайды,

Жаратқан бір тәңіріңнен күдер үзбе.[7]

... Қолыңнан келсе қыл қайыр,

Кісіден алушы болма.[8]

Алла Елшісі (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) бір хадисінде былай дейді: «Ей, адамдар! Раббыңыз бір, аталарыңыз бір. Бәріңіз де Адам пайғамбардан тарағансыздар...»[9] Ыбырай атамыз осы хадиспен үндестіріп ойын өрбітеді:

Бәріміз бір адамның баласымыз,

Жігіттер бір-біріңе қарасыңыз.[10]

Осылайша Құран мен хадистің ұстанымдарына сүйене отырып, мұсылманшылықты дәріптеген тәлімгер ақын Ислам дінін жастардың жете түсінуі үшін «Шариятул-Ислам» немесе «Мұсылманшылықтың тұтқасы» деген кітабын жазады. Кітапта діннің негіздері хадис пен аяттардан дәлелдер келтіріліп түсіндірілген. Осы жерде қолданған хадистердің кейбіреулерін бере кетейік:

  1. «Тәкаппаршылық дүниеде өткен жақсылықтарыңды жойып кететін мінез. Хатта пайғамбарымыз алайһиссалам айтыпты: «адамның көңілінде бір мысқалдай тәкаппаршылық болса да ұжмаққа кіре алмас» -деп».[11] Хадис: «Жүрегінде зәредей тәкаппарлық болған адам жаннатқа кірмейді».[12]
  2. «Пайғамбарымыз алайһиссалам айтыпты: (алхарису ла йадхулу ал жанната уал-хусуру йакулу л- хасаната кама йакулу н-нару л-хатаба), яғни күншіл кісі жаннатқа кірмес, күншілдік от отынды жойған ғәуішті құлшылығыңды жояды деген сөз».[13] Хадис: «Күншілдік ету – оттың отынды жегені секілді жақсылықтарды жеп бітіреді».[14]
  3. «Мұның хақында (бидғат туралы, ав.) Пайғамбарымыз алайһиссалам айтыпты (ла йақбалу Аллаһу Тағала ли сахибил-бидағата сауман уа ла хажжан уа ла ғумрат уа ла жаһадан уа ла сарфан уа ла адлан уа йахружу мин ал-ислами кама йахружу аш-шағри мин ал-ажин), яғни Құдай Тағала қасында бидағат иесі адамдардың оразасы, қажы, дінге дұшпан халықтарға қарсы соғысқа барулары, зекет-садақалары, әділдіктері болса да мұсылманшылықтан олар шығарылар бейне қамыр ішінен қыл алып шығарып тастаған рәуішті деген сөз».[15] Хадис: «Алла бидғатқа түскен адамның оразасын, намазын, қажылығын, үмрасын, жиһадын, сол жолда сарп еткендерін, сөзін қабылдамайды, ол қылдың майдан суырып алынғаны секілді оңайлықта Исламнан шығады».[16]
  4. «Пайғамбарымыз айтыпты: «хаслатани ла йажтамиғани фил-мумининил-бухлу уа суул-хулқи» яғни екі нәрсе шын мумин пенденің көңіліне қонбас: біреуі – сараңдық, біреуі – бұзықтық деп».[17] Хадис: «Мына екі сипат мұсылманның бойында болмайды: сараңдық пен жаман мінез».[18]
  5. «Пайғамбарымыз айтқан: «Ғибадат қылсаң Құдай Тағаланы көріп тұрғандай құлшылық ет, сен бұл уақытта Құдай Тағаланы көрмесең де Құдай сені көріп тұрушы» деп».[19] Хадис: «Алланың алдында Оны көріп тұрғаныңдай құлшылық қыл, сен Оны көрмесең де Ол сені көріп тұрады».[20]
  6. «Пайғамбарымыз айтқан: «ман кана фи ғауни ахиһи ал-муслими уа ла манфағатуһу фалаһу сауабалмужаһидин фи сабили аллаһи» яғни біреу мұсылман қарындасты аз нәрсемен ғана пайдаландырса, яки жәрдем берсе, ол адамдарға азат соғысқандардың сауабын беру».[21] Ы. Алтынсариннің арабша мәтінмен берген бұл хадисін хадис кітаптарынан таба алмадық, алайда сол мағынадағы хадистердің бар екенін көрдік: «Кім мұсылман бауырына жәрдем берсе, Алла да оған жәрдем етер».[22] «Кім мұсылман бауырының қажетін өтесе, Алла да оның қажетін өтеуге жәрдем етеді».[23]
  7. «Пайғамбарымыз ғалайһиссалам айтқан: «Ас-сахау шажаратун фил-жаннати фа ман кана сахийан ахаза буғуани минһа фа лам йушрак залика хатта йадхулаһулжаннати» яғни кім де кім сахи мырза болса, ол мырзалық – ұжмақта бір ағаш, мырза адам ол ағаштың бір бұтағынан ұстағанға мысал һәм ол бұтақпен ол мырза кісі ұжмаққа кірмей қалмас деген сөз».[24] Хадис: «Жомарттық – жаннаттағы ағаштардан бір ағаш, бұтақтары осы дүниеге қарай салбырап тұрады. Кім оның бір бұтағын ұстаса, ол бұтақ оны жаннатқа алып барады».[25]

Ы. Алтынсарин хадистерді негізгі арапша мәтінімен бере отырып, олардың мағынасын халыққа қазақ тілінде жеткізіп отырған. Бұл оның арабша және хадис бойынша сауаттылығын көрсетеді.

Материал «Хадис – ғұрпымыз, сүннет – салтымыз» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Имам Суюти, әл-Жамиус-сағир, II т., 97-б.

[2] Ай, заман-ай, заман-ай, II т., 6-б.

[3] М. Жан, Пейгамберимизден евренсел өғүтлер, 139-б, Стамбул, 2004.

[4] Бұл да сонда, 36-б.

[5] Бухари, Зекет, 18,

[6] Ай, заман-ай, заман-ай, II т., 13-б.

[7] Кәшфул-хафа, I т., 425-б.

[8] Ай, заман-ай, заман-ай, 14-б.

[9] Муснәд, V, 441-б.

[10] Ай, заман-ай, заман-ай, 11-б.

[11] Ы. Алтынсарин, Мұсылманшылықтың тұтқасы, 53-б., А., 1991.

[12] Муслим, Иман, 148-149, 185.

[13] Мұсылманшылықтың тұтқасы, 53-б.

[14] Ибн Мажә, Зухд, 420.

[15] Мұсылманшылықтың тұтқасы, 52-б.

[16] Ибн Мажә, Муқаддимә, 48.

[17] Мұсылманшылықтың тұтқасы, 54-б.

[18] Тирмизи, Бирр, 41.

[19] Мұсылманшылық тұтқасы, 55-б.

[20] Бухари, Бәдул-Уахи, 48.

[21] Мұсылманшылықтың тұтқасы, 55-б.

[22] Тирмизи, Худуд, 3; Әбу Дәуд, Әдеп, 60.

[23] Тирмизи, Худуд, 3.

[24] Мұсылманшылық тұтқасы, 56-б.

[25] Бәйхаки, Шуабул-Иман, VII т., 435-б.

Бөлісу: