26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қазақ тіліндегі алғашқы ғылымхал

Қазақ тіліндегі алғашқы ғылымхал

Дәстүр даналығы
Жарнама

Шығармаларын хадис және сүннетпен безендірген қазақ ойшылдарының бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлы. Ақынның өлеңдеріне терең бойлаған сайын даналық пайымдауларында хадистерді ойына қазық, тіліне тиек еткенін аңғарамыз.

Шәкәрім Құдайбердіұлы халықтың Ислам дінін терең үйренуі үшін жазған «Мұсылмандық шарты» деген кітабы 1911 жылы Орынбор қаласында басылып шыққан. Автор кітапты жазудағы мақсатын: «Олай да болса біздің қазақ халқының өз тіліменен жазылған кітап жоқ болған соң араб, парсы кітапты білмек түгіл, ноғай тіліменен жазылған кітаптарды да анықтап ұғып алған жоқ шығар деп ойлаймын. Сол себептен иман, ғибадат турасын шамам келгенше қазақ тіліменен жазайын деп ойландым»,[1] – деп баяндайды.

1993 жылы жарық көрген кітапқа алғы сөз жазған М. Мырзахметов Ы. Алтынсариннің «Мұсылманшылықтың тұтқасы» мен Ш. Құдайбердіұлының «Мұсылмандық шарты» кітаптарының жазылуын отаршыл патшалық үкіметінің халықты шоқындыру саясатына қарсы жасалған шара деп бағалайды.[2] Яғни, олар халықты Ислам дінінен алшақтату үшін жүргізілген жан-жақты саяси іс-әрекеттердің нәтижесінде туындауы мүмкін қауіптің алдын алу мақсатымен осындай кітаптарды жазуды қолға алған. Себебі, халықтың сол кезеңге дейін дінін үйрену үшін қолданып жүрген кітаптары арабша яки татарша болатын. Алайда қазақ халқының арасында Ислам дінінің әсерін әлсірету мақсатымен патша үкіметі медреселер мен мектептердегі бұл екі тілге де тыйым салып, қазақ жастары үшін үлкен бір қауіп төндірген еді.

«Мұсылмандық шарты» – ғылымхал түрінде жазылған. Тіпті оны қазақ тілінде жазылған алғашқы ғылымхал деуге де болады. Мұсылман халықтарында қалыптасқан ғылымхал үлгілеріндегі тақырыптарды қамтыған. Бұл тақырыптар: иман, мұсылмандық ахлақ, дәрет, намаз, ораза, зекет, қажылық, құрбан шалу, аң аулау, неке, сауда-саттық, қарыз алу, аманат, адам және хайуан хақтары. Осы тақырыптарды ашу барысында автор дәлел ретінде аяттар мен хадистерді қолданған. Кей жерлерінде басқа шығармаларға да сілтемелер жасаған жазушы өз ізденісінің тереңдігін көрсетеді.

Шәкәрімнің еңбегіндегі хадистерді анықтау арқылы біз халқымыздың өмір салтына, психологиясына әсер еткен хадистерді көре аламыз. Енді кітаптағы хадистерге тоқтала кетейік:

  1. «(Хазірет Пайғамбар) «Алфухр фахри», яғни мақтаным кедейлігім деп көбінесе фахрлар мен жетімдерді құрметтеуші еді».[3] Ш. Құдайбердіұлының кітабында арабша баламасымен берілген «Пақырлық – мақтанышым» деген сөз мұсылмандар арасында хадис ретінде қабылданып, әсіресе сопылардың мал-мүлікті, дүниені қолдың кірі деп осы сөзді өздеріне үлгі етіп алғандығы белгілі. Шәкәрім де бұл сөзді хадис деп біліп, кітабына дәлел ретінде келтірген. Алайда, Ибн Хажар бұл сөздің хадис еместігін айтқан.[4]
  2. «Бақсы, балгер туралы пайғамбардың хадисі мынау: «Кімде кім бір нәрсені харам қылса, яки харам қылдырса, яки бал ашса, сиқыр қылса, яки сиқыр қылдырса олар менің үмбетім емес. Және біреу бір бақсыға бал ашқызып соның айтқанына нанса, анық кәпір болды, Құранға нанбағаны үшін».[5] Табәранидің хадис жинағында осы тектес хадистің мәтіні былай: «Бал аштырған және бал ашқан, сиқыр жасаған немесе сиқыр жасатқан, болашағын болжатқан немесе болашақты болжаған бізден емес».[6]
  3. «Бірақ оқып-білген дәрігерге емдетпек сауап, обал емес. Пайғамбарымыздың хадисі: «Ей, Алланың құлдары, ауруларыңызды емдетіңіз. Алла Тағала дауасыз еш бір науқас жаратқан жоқ. Жалғыз кәрілік, ажалдан басқа».[7] Хадис: «Ауруларыңызды емдетіңіздер. Алла егер бір ауру жіберсе міндетті түрде оның емін де жібереді. Тек қана кәріліктің емі жоқ».[8]
  4. «Ол хадис: «яғни садақа бермек, ауруының халін сұрап, туысқандарын зиярат қылмақ ғұмырдың артылмағына себеп болар, – деген».[9] Хадис: «Туысқандарды зиярат ету өмірдің ұзаруына себеп болады».[10]
  5. «Және пайғамбарымыз бір кісі көлігін байламай түгел қылдым дегенде айтқан...: «Көлігіңді байлап қой да, сонан соң түгел қыл», – деген».[11] Хадис: «Алдымен түйеңді байла, сосын тәуекел ет».[12]
  6. «Сол себептен пайғамбарымыз айтқан: «...пенде өзін анық білсе, Алла Тағаланы да анық білер»,– деген».[13] Хадис: «Кім өзін таныса, Алланы да танымақ».[14]
  7. «Сол себептен пайғамбарымыз айтқан: «Өзің не нәрсені жақсы көрсең, өзгелерге де соны қыл», – деген.[15] Хадис: «Сіздерден ешбіріңіз өзі үшін қалаған нәрсесін дін бауыры үшін де қаламаса толық иман еткен болмайды».[16]
  8. «Пайғамбарымыз айтқан: «Барша мақлұқ Алла Тағаланың мақлұғы, оның ішіндегі Алла Тағалаға сүйіктісі мақлұқтарына пайдасы тигені»,– деген.[17] Хадис: «Адамдардың ең жақсысы – адамдарға пайдалы болғаны».[18]
  9. «Және бір хадис: «Анығында мұсылман жақсы мінезімен күндіз ораза болып, түнде намаз оқығандардың дәрежесіне жетеді», – деген».[19] Дәл осы мәтіндегі хадис Әбу Дәудтің «Сүнен» атты хадис жинағында бар.[20]
  10. «Және бір хадис: «Халықтың жүретұғын жолындағы бір тікенді құдай үшін алып тастаған кісінің Алла Тағала бұрынғы-соңғы күнәсін кешеді»,– деген».[21] Бұл хадис Муслимнің кітабында айтылған.[22]
  11. «Және бір хадис: «Адал уәдесін бұзбаған иманның белгісі»,– деген».[23] Хадис: «Уәдені орындау – иманның белгісі».[24]
  12. «Және хадис: «Сіздер адамдарды малменен өзіңізге қаратып ала алмассыз, бірақ жылы жүз, жақсы мінезбен қаратып аларсыз», – деген».[25] Осы хадис Әбу Нуаймның кітабында айтылған.[26]
  13. «Пайғамбарымыз «Кімнің ұяты жоқ болса, соның иманы жоқ», – деген».[27] Бұл хадис Дәйләмидің кітабында бар.[28]
  14. «Және бір хадисте: «Жеңіз, ішіңіз, садақа қылыңыз, бірақ тәкаппарланып сәнденбеңіз», – деген».[29] Хадис: «Ысырап пен тәкәппарлық етпестен ішіңіз, жеңіз және садақа беріңіз».[30]
  15. «Және бір хадис: «Кімде-кім адал ырзық іздеп шаршап келіп жатса күнәсі кешіріліп көзі ұйқыға барар», – деген».[31] Бұл хадис те жинақтарда бар.[32]
  16. «Және бір хадис: «Сіздердің ең жақсыларыңыз ақыретін дүние үшін тастамай және дүниесін де тастамай екеуін де адалдықпен алып жүргендер һәм өзгелердің мойнына жүк болмай өзі мал тапқандар», – деген».[33] Хадис: «Сіздердің ең жақсыларыңыз дүние үшін ақыретін, ақырет үшін дүниесін тастамағандарыңыз. Адамдарға масыл болмаңыздар».[34]
  17. «Және бір хадис: «Іздеңіз ғылымды қытай жұртынан болса да», – деген».[35] Бұл мәтін халық арасында хадис деп білінетін сөздерді жинақтаған Ажлунидің кітабында берілген.[36]
  18. «...Бір хадис: «Ғылымның қадірі пайдасы маған ғибадат нафілден артық көрінеді. Діннің ең жақсысы тақуалық, яғни сақтану деген. Тақуалық ғылымды толық білмекпен табылады. Сол себептен нәфіл ғибадаттан ғылым артық», – деген».[37] Хадис: «Аз ғылымның өзі көп ғибадаттан (нәпіл) артық».[38]
  19. «Пайғамбарымыз: «Дүние ақыреттің егіні, мұнда не шашсаң, онда соны орасың», – деген ғой.»[39] Хадис Ажлунидің кітабында айтылған.[40]
  20. «...Сол үшін пайғамбарымыз айтқан: «Біреу төсекке жатқанда қолында тамақ иісіменен қолын жумай жатып бір бәлеге ұшыраса, оны өзінен басқа ешкімнен көрмесін», – деген».[41] Бұл хадисті Тирмизи кітабына енгізген.[42]
  21. «Және бір хадисінде: «Алла Тағала көркем, көркемдікті ұнатады. Таза Алла Тағала тазалықты ұнатады. Көше, қораларыңызды да таза қылыңыз. Жаһиттерге ұқсап кір-кір болмаңыз, – деген».[43] Хадис: «Алла – сұлу, сұлулықты сүйеді; таза, тазалықты жақсы көреді; жомарт, жомарттықты ұнатады. Айналаңызды таза ұстаңыз. Яһудилерге ұқсамаңыз».[44]
  22. «...және пайғамбарымыз айтқан: «Сенің өзің де, малың да әкең үшін», – деген».[45] Осы хадис Ахмад ибн Ханбалдың кітабында бар.[46]
  23. «Пайғамбармыз айтқан: «Алла Тағала айтты мен екі серік бір-біріне қиянат қылмай жүрсе, үшінші болып жәрдем қылармын. Егерде қиянат қылса олардан безермін», – деген».[47] Бұл хадис те жинақтарда бар.[48]
  24. «Пайғамбарымыз айтқан: «Егер хайуанға орынсыз қылған істеріңіз кешірілсе, талай көп күнәңізден құтылар едіңіз», – деген».[49] Хадис Ахмад ибн Ханбалдың жинағында бар.[50]
  25. «Және пайғамбарымыздың бір хадисі: «Үш түрлі істі қылған пенденің Алла Тағала нысабын жеңіл қылып бейішке кіргізеді. Сені біреу құры қойса да сен оны құры қойма. Біреу саған залымдық қылса да, сен оған залымдық қылма. Біреу саған келмей сені көрмей қойса да, сен оған бар», – деген».[51] Хадис: «Мына үш жағдай кімде болса, Алла оның ақыретте есебін жеңілдетіп, мейірімімен жаннатына кіргізеді: сені мақұрым еткенге сен бер, саған зұлымдық жасағанды кешір, сенімен қарым-қатынасын үзгенді сен зиярат ет».[52]

Материал «Хадис – ғұрпымыз, сүннет – салтымыз» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Ш. Құдайбердіұлы, Мұсылмандық шарты, 7-б., А., 1993.

[2] Мұсылмандық шарты, 4-б.

[3] Мұсылмандық шарты, 14-б.

[4] Али әл-Қари, әл-Әсрарул-Мәрфуа фил-әхадисил-мәудуа, 57-б.

[5] Мұсылмандық шарты, 22-б.

[6] Табәрани, әл-Мужәмул-Кәбир, XVIII т., 162-б, (I-XXV том), Бағдат, 1978.

[7] Мұсылмандық шарты, 22-23-б.

[8] Имам Суюти, әл-Жамиус-сахих, I, 112-б

[9] Мұсылмандық шарты, 24-б.

[10] Имам Суюти, әл-Жамиус-Сағир, II т., 38-б.

[11] Мұсылмандық шарты, 24-б.

[12] Бәйхаки, Шуабул-Иман, II т., 80-б.

[13] Мұсылмандық шарты, 24-б.

[14] Әбу Нуайм, Хилятул-Әулия; X т., 208-б.

[15] Мұсылмандық шарты, 28-б.

[16] Бухари, Иман, 9; Муслим, Иман, 71-72.

[17] Мұсылмандық шарты, 29-30-б.

[18] Кәшфул-хафа, I, 472-б.

[19] Мұсылмандық шарты, 30-б.

[20] Әбу Дәуд, Әдеп, 7.

[21] Мұсылмандық шарты, 30-б.

[22] Муслим, Бирр, 3.

[23] Мұсылмандық шарты, 30-б.

[24] Бухари, Әдеп, 23; Тирмизи, Бирр, 70.

[25] Мұсылмандық шарты, 30-б.

[26] Әбу Нуайм, Хилятул-Әулия, VII т., 389-б.

[27] Мұсылмандық шарты, 31-б.

[28] Дәйләми, әл-Фирдәус, II т., 151-б.

[29] Мұсылмандық шарты, 31-б.

[30] Бухари, Китабул-Либас, 1.

[31] Мұсылмандық шарты, 31-б.

[32] Имам Суюти, әл-Жамиус-сағир, II т., 142-б.

[33] Мұсылмандық шарты, 31-б.

[34] Дәйләми, әл-Фирдәус, III, 409-б.

[35] Мұсылмандық шарты, 31-б.

[36] Кәшфул-хафа, I т., 397-б.

[37] Мұсылмандық шарты, 31-б.

[38] Бәйхаки, Шуабул-Иман, II, 265-б.

[39] Мұсылмандық шарты, 31-б.

[40] Кәшфул-хафа, I т., 425-б.

[41] Мұсылмандық шарты, 33-б.

[42] Тирмизи, Әтима, 1860.

[43] Мұсылмандық шарты, 33-б.

[44] Муслим, Зекет, 65; Тирмизи, Әдеп,41.

[45] Мұсылмандық шарты, 67-б.

[46] Муснәд, II, 204-б.

[47] Мұсылмандық шарты, 68-б.

[48] Әбу Дәуд, Бую, 26.

[49] Мұсылмандық шарты, 26-б.

[50] Муснәд, VI т., 441-б.

[51] Мұсылмандық шарты, 29-б.

[52] Дәйләми, әл-Фирдәус, II, 83-б.

Бөлісу: