25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ижтихад шарттары мен қабілеттілік нормалары

Ижтихад шарттары мен қабілеттілік нормалары

Ақида
Жарнама

Имам Шафий (р.ғ.) айтады: «Мына сипаттарға ие болған адамнан басқа біреудің Алланың дінінде пәтуа беруіне рұқсат жоқ. Яғни Алла кітабы Құрандағы аяттардың насих-мансухын, мухкам-муташабихін, аяттардың түсу себебін, Мәкки-Мәдәни екендігін білу; бұдан кейін хадистердің де дәл осы мәселелерін білу; одан кейін араб тілі мен араб шайырларының жазбаларынан Құран мен хадисті түсінуге қажетті мөлшерде білуі керек.

Бұған қоса бұларды ынсапты түрде әділдікпен қолдана алуы, халықтың даулы мәселелеріне басшылық ете алуы және бойында тумысынан біткен дарындылық болуы керек. Егер осылай болса онда оған харам-халал жайында сөйлеуі және пәтуа беруіне болады. Әйтпесе, оның пәтуа беруге құқығы жоқ». Имам Шафийдің бұл сөзі мүжтаһидте болуы керек шарттарды қысқаша қамтуда. Бұған төменде кеңірек тоқталамыз.

Бірінші шарт: Құрандағы амали үкімдерді егжейтегжейлі толығымен білу. Себебі Алла Тағала Құранды насихат және сенім негіздері болуымен қатар адамдарға заң шығарушы дереккөзі ретінде түсірді. Адамдар оны Алла Тағаламен қарым-қатынас жасауда, өз араларында қоғамдық және халықаралық қатынастарда да басшылыққа алады. Сондықтан ақида, дағуат және қисса аяттарынан басқа бес жүз шамасындағы аят шариғат заңдылықтарының негізін қалап, жалпы принциптерін белгілейді. Кейбір тақырыпта жалпылама біртұтас қарастырса, ал кейбір тақырыпта егжей-тегжейлі қарастырып нақты үкімдерін қояды. Осы бес жүзге жуық үкім аяттарын кейбір фиқһшы тәпсіршілер тәпсірлеуге ден қойды. Олардан бірі тәпсірлеуде Құрандағы реттік жүйеге қарай тәпсірлесе, бірі тақырыптақырып етіп қарастырды. Әрбірі өз мәзһаб имамының көзқарасына сай түрде зерттегеніне қарамастан өте бай фиқһи қазына қалдырып кетті. Мүжтаһид болатын кісі бұларды назардан тыс қалдыра алмайды. Сонымен қатар Құрандағы үкім аяттары бір сүреде немесе аз ғана сүреде реттеліп жинақталған емес. Әрбірі өзіне қатысты оқиға себебімен әр түрлі уақытта түсті. Одан кейін Пайғамбарымыздың (с.а.у.) уахи басшылығындағы нұсқауымен сүрелерге реттеліп қойылды. Ізденуші бір тақырыпқа байланысты аяттарды бір орында жинақталған күйде таба алмайды. Түсу мезгіліне байланысты тәртіппен табуы да оңайға соқпайды. Әрбір ижтихадпен пәтуа беруге бел байлаған адам үшін осы аяттарды және олардың фиқһи мағынасын білуі керек. Бұл іс әуелі аяттарды түгел теріп топ-топқа бөлуді қажет етеді, содан кейін үкім шығара алуы үшін тәпсірлеу керек. Одан кейін де ол аяттардың түсу себебін, аяттағы мағынаның айтылу себебін, аят пен осы аяттың тәпсірі жайында айтылған хадистердің арасын байланыстыруды меңгермейінше тәпсір жасау оңай болмайды. Бұған қоса мүхкам мен муташабих, насих пен мансух, захир мен хафи, мутлақ пен муқайяд сияқты Құранның әдеби саласына қатысты ғылымдарды меңгеруі тиіс.

Екінші шарт: Сүннеттегі амали үкімдерді біртұтас қамтып, оның егжей-тегжейлі мәселелерін толық білу. Сүннетке Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сөзі, ісәрекеті және өзгелердің ісін қолдауынан туындаған шешімінің барлығы кіреді. Себебі сүннет – Ислам құқық негіздерінің Құраннан кейінгі екінші дереккөзі болып саналады. Мүжтаһид хадис фиқһының барлығын үйренуі тиіс. Пәтуа ісіне кіріспестен бұрын хадистегі ғибадатқа, құқықтық нормаларға және әр түрлі жағдайларға қатысты бөлімдерді меңгеруі қажет. Хадистер бізге жету тұрғысынан барлығы бірдей нақтылыққа ие бола бермейді. Хадис шежіресіндегі (хадисті пайғамбарымыздан (с.а.у.) бері қарай жеткізушілердің тізімі) мәселелерге байланысты сахих (дұрыс), зағиф (әлсіз) сияқты сипаттамалар алады. Сондықтан бұл саладағы ғалымдар хадистің осы тұсына орасан зор көңіл бөлді. Хадис шежіресіндегі әрбір кісіні егжей-тегжейлі зерттеді. Хадистерді арнайы қойылған шарттар аясында топ-топқа бөлді. Олар хадисті риуаят еткен кезде оның дәрежесін, қай топқа жататынын баяндап, мутауатыр немесе мәшһүр немесе ахад хабар деп айтып кетті. Сондықтан ізденуші бұл тұрғыда соншалықты қиындыққа жолықпайды. Тақырыптарға бөліну жағынан да айтарлықтай қиыншылық көрмейді. Хадис кітаптарының көбісі фиқһи тәртіппен реттелген және фиқһ тақырыптарын арнайы баптарда қарастырған. Енді ізденуші осы хадистердің фиқһтағы мағыналарын арнайы жазылған түсіндірме кітаптары арқылы үйренуі керек. Бұған қоса мүжтаһид үшін хадистегі сөздердің мазмұнындағы жалпылық пен жалқылықты, шектеулі мен шектеусізді қайсысының үкімін жойғанын және қайсысының оның орнына қойылғанын білу шарт.

Үшінші шарт: Өзіне дейінгі бүкіл ғасырдағы мұсылман ғұламаларының ижмасымен қойылған шариғи амали үкімдерді білуі. Себебі осындай ижмамен (бүкіл мұсылман ғұламасының қолдауымен) шариғи үкім белгіленгеннен кейін бұл мәселеде жаңа ізденіс пен өзгеріс жасауға орын жоқ. Бір фиқһшы ғалымға ижмамен бекітілген мәселеде пәтуа сұралса, бекітілген ижмадан хабарсыз болғандықтан бұл үкімге қайшы пәтуа беруі мүмкін. Шариғатта бұған рұқсат етілмейді.

Төртінші шарт: Ислам шариғатының көздеген мақсат-мұраты мен басты принциптерін толық білу. Себебі егер осылардың біреуінен хабарсыз болса, ізденіс жасауда кейбір мәтіндердің сырт мағынасына қарап, қатеге түсу ықтималдылығы басым болып, нәтижеде бұл принциптерге қайшы пәтуа беруі мүмкін. Бұған шариғатта рұқсат етілмейді.

Бесінші шарт: Халықтың әдет-ғұрыпын, хал-ахуалын және олардың игілігі мен зиянына алып баратын нәрселерді толық білуі. Себебі бұларды білмейінше дұрыс пәтуа беру мүмкін емес.

Алтыншы шарт: Араб тілін толық меңгеру. Морфология (сарф), синтаксис (наһу) және араб әдебиеті арқылы сөздің мағыналық құрылысын (баян) біледі. Осы арқылы ижтихадта сөздің мазмұнына қатысты нақты шешім қабылдай алады.

Жетінші шарт: Дінінде және мінез-құлығында турашыл болу. Яғни жаман іс-әрекеттен аулақ болуы. Бұл шарт ғылыми тұрғыдан емес, бірақ пәтуасының қабыл етілуі тұрғысынан рөл атқарады.

Сегізінші шарт: Ақылының кәмілділігі. Дұрыс қорытындыға қол жеткізу өте қиын болғандықтан, парасаттылық пен даналыққа жетпеген адам мүжтаһид бола алмайды.

материал «Мәзһаб туралы таным» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: