25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Алла Тағаланың мүмин пенделеріне көрінетіндігіне дәлелдер

Алла Тағаланың мүмин пенделеріне көрінетіндігіне дәлелдер

Ақида
Жарнама

Әһли сүннет ғалымдары Алла Тағаланың мүмин пенделеріне көрінетіндігіне мынадай дҽлелдерді келтіреді:

1. Құранда: «Қиямет күні кейбір жүздер жарқылдап, Раббына қарайды» («Қиямет» сүресі, 22-23 аяттар) мағынасында айтылған аят,- мүминдердің қиямет күні жәннатта Алланы көре алатындығының дәлелі.

2. «Сондай жақсы іс істегендерге жақсылық әрі артығы да бар» («Юнус» сүресі, 26-аят) аятында айтылған артық – сөзінің екінші бір мағынасы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) айтқаны секілді Алланы көру. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Жәннаттықтар жәннәтқа кірген кезде Алла Тағала жәннаттықтарға: Тағы да беруімізді қалаған бір нәрсе бар ма?- дейді. Олар: Сен біздің жүзімізді ағартпадың ба? Бізді жәннатқа кіргізіп, оттан құтқармадың ба? Тағы не сұраймыз?-дейді. Осыдан кейін Алла пердені ашады. Бұдан кейін жәннаттықтарға Раббыларына қараудан да ұнамды болатын бір нәрсе берілгендей болмайды», деп айтып болған соң, жоғарыда айтылған аятты оқыған» (Муслим, Иман. 80; Тирмизи,16).

3. Бұл тақырыпқа келесі бір дәлел – Мұсаның (а.с.) Алла Тағаладан өзіне көрінуін өтінуі. «Ағраф» сүресінің 143-ші аятында Мұса (а.с.): «Раббым маған өзіңді көрсет. Сені көрейін»,- дейді. Шындығында Мұса (а.с.) Алланың ең ұлы елшілерінің бірі болғандықтан Алланы жетік біліп, жаратылғандарға ұқсаудан пҽк екендігін айдан анық білетін. Сонда да ол Алланың көріну сипатына сеніп, өзіне көрінуін өтінеді. Егер Алланы көру мүмкін болмағанда, Мұса (а.с.) мұндай тілек білдірмес еді. Имам Матуриди бұл аят Алла Тағаланың көрінетіндігінің мүмкін екендігіне дәлел бола алады дейді. Өйткені, Мұса (а.с.) Алладан мүмкін емес нәрсені талап етуі, Оның Жаратушы Иесін толық білмейді деген ұғымға келеді. Ал сауатсыз бола тұра, оның пайғамбар болуы ақылға қонымсыз жайт.

4. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Алланың ақыретте көрінетіндігі жайлы басқа бір хадисте былай дейді: «Жәрир ибн Абдулланың (р.а.) былай дегені риуаят етіледі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жанында отырған едік. Сол түні толған айға қарап былай дейді: «Әлбетте, сіздер мына айды көрген сияқты Раббыңызды да осылай көресіздер. Оны көруде қиыншылыққа кездеспейсіздер. Күн шықпастан және батпастан бұрын сіздерге ауырлық келтірмейінше, күшіңіз жетсе, намаздарыңызды уақытында оқыңыз, уақытын жіберіп алмаңыздар» (Бұхари, Мауақитус-Салат. 16; Муслим, 211). Жәрир: «Алланың Елшісі осыдан кейін мына аятты оқыды», - дейді. «Күн шығудан бұрын да, батудан бұрын да Раббыңды мадақта» («Таһа» сүресі, 130-аят).

5. Сүннит кәламшыларының көпшілігі бұл жайында «уужуд» дәлелі деген дәлелді алға тарта отырып, Алланың ақыретте көрінетіндігін айтады. Бұл дәлел бойынша, бір нәрсенің көрінуінің басты себебі, оның бар болуында. Алла Тағала бар болғандықтан Оның көрінуі хақ.

6. Сахабалар Пайғамбардың (с.ғ.с) Миғражда Алланы көріп-көрмегендігі жайында тартысады. Бұл дегеніміз Алланың көрінетіндігіне дәлел бола алады. Себебі ақылды кісілер тек мүмкін болатын нәрсе жайында ғана тартысады.

7. Бір күні имам Шафиғиға қолдарында қағаз ұстаған бірнеше адам келіп, имамнан «Жоқ олай емес. Негізінде олар ол күні Раббыларының дидарынан махрұм қалады» («Мутаффифин» сүресі, 15-аят) деген аят жайлы сұрайды. Имам Шафиғи олардың қолдарындағы қағазына былай деп жаздырады: «Олай болса кейбіреулер азапқа душар болғандықтан, Оны көруге күнәләрі кедергі болады. Ал Оның разылығын алғандар Оны көретіндігі осы мағынадан шығып тұр». Сонда әлгілер имамнан: «Тақсыр, сіз осыған сенесіз бе?» деп сұрайды. Имам Шафиғи: «Аллаға ант етемін. Мұхаммед ибн Идрис (Шафиғи) қиямет күні Раббысын көретіндігіне толық сенбегенде, дүниеде Оған ешқандай құлшылық пен ғибадат етпес еді»,- деп жауап береді.

Қорыта айтқанда, мүминдердің Алла Тағаланы көздерімен бе әлде жүрек көзімен бе көретіндігі беймәлім. Оған ақыл жетпейді.

материал «Асылдың сынығы Имам Матуриди» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: