25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қадір түніндегі ең жақсы амал қайсы?!

Мақалалар
Жарнама

►Қадір түніндегі ең жақсы амалдың бірі – Құран оқу, оның аудармасын оқып, мағынасын түсінуге ұмтылу. Қадір түні жүрегіңізді нұрландыратын жолдың алғашқысы – Құранды көбірек оқыңыз.  Құран – бұл дүние өзінің соңына жеткенше жасайтын, күллі адамзат үшін өмірдің барлық салаларында (қоғамдық, әлеуметтік, экономикалық және моральдық) ең жоғары дәрежелі кемел үлгісі болатын Хақ кітабы.

Құран Кәрім сөздері адамзатты надандықтан, зұлымдықтан, қараңғылықтан жарық жолға – ілім жолына, мәдениет жолына бастайды. Пайғамбарымыз ()
өз хадисінде былай дейді: «Сендердің ең жақсыларың – Құран оқығандарың және оны басқаға үйреткендерің» [1]. Және Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен сендерге егер нық ұстасаңдар еш адаспайтын екі нәрсе қалдырып барамын, ол – Алланың Кітабы (Құран Кәрім) және менің Сүннетім» [2] деген. Құран жүрекке иманды орнатып, Алламен болатын байланыс арқылы нәпсіні тазалайды. Және адам жүрегі Алланы еске алумен тыныштық табады. «Нағыз мүміндер – Алла еске алынса, жүректері қорқыныштан дірілдейтін, оларға Алланың аяттары оқылса, имандары артып, Раббыларына тәуекел қылатын (жандар)» [3]

Қадір түні жүрегіңізді күнәдан алыстататып, нұрландыратын келесі амал – намаз оқу. Қадір түні түнімен құлшылық жасай алмайтындарға ең болмаса тарауих намазынан кейін біршама уақытын дұғаға арнауы керектігі айтылады. Өйткені, бұл түні жасалатын дұғалардың қабыл болатынына деген нық сенім бар. Алла  Тағала Құранда: «Әй мүминдер! Сабыр және намазбен (Алладан) жәрдем тілеңдер, күдіксіз Алла сабыр етушілермен бірге» [4] деу арқылы қажетін сұрағысы келген адам мен Раббысы алдындағы негізгі көпірдің намаз екендігін айқын көрсетті. Алла Елшісі ()«Түнгі намазға аса маңыз беріңдер. Оны сендерден алдыңғы өткен ізгі кісілер үнемі орындап жүретін. Түнгі намаз – Жаратушыларыңа жақындатады, жамандықтарыңды өшіреді және күнәлі істерге баруға тосқауыл болады» [5] деген. Түнгі намаздағы жүрек тыныштығы, хушуғ, ойдың тазаруы, көзге еріксіз оралатын жас, Алла алдында сыбырмен айтылатын сыр. Басқа ешбір құлшылықта қайталанған емес. Мұны білген Әбу Сулейман әд-Дарани: «Түнде намаз оқығандар ойын-сауық қуушылардан да артық рахат алады. Егер түн болмаса, мына дүниеде қалғым келмеуші еді» деп жазады.Ендеше, Алла Тағаланың: «Олар түннің аз бөлігін ұйықтайтын, ал сахарда кешірім тілейтін еді» [6] деп мақтаған құлдарының қатарынан болуды барша мұсылманға нәсіп етсін!

 

[1]Осман ибн Аффаннан Бухари, Муслим риуаят еткен

[2] Әбу һурайрадан Сахихул Жәмиғ риуаят еткен

[3] «Әнфал» сүресі, 2-аят

[4] «Бақара» сүресі, 153 аят

[5] Әл-Мүстәдрак

[6] «Зәрият» сүресі, 17-18-аяттар

 

ummet.kz

Бөлісу: