25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қарыпбаева Бағжан: Абай баба – ән-жырдың биік шыңы!

Қарыпбаева Бағжан: Абай баба – ән-жырдың биік шыңы!

Мақалалар
Жарнама

О,Абай!

Рухың да асқақ,үнің де асқақ!

Өн-бойыңа өлеңнің гүлін жастап,

Сен өмірдің есігін ашқан өлке,

Өзгелерге,әлбетте,бұйырмас бақ!

 

Жыр-жауһардың бір өзің биігі едің,

Атыңды әнге қосады дүйім елің.

Өзің салған жолменен жүріп өтіп

Жырларыңды жаныма жиып едім.

 

Сен бір қыран, биікте қалықтаған,

Табиғатың ежелден танық маған.

Сенің әрбір жырыңмен жанымды емдеп,

Сенің әрбір жырыңнан шабыттанам!

 

Өзегіңді өртесе зұлмат қайғы,

Қалай ғана ұйқыңды ұрлатпайды?

Зұлымдықты көзімен көріп тұрып,

Қара сия қалайша тіл қатпайды?!

 

Тіл қатты Ол!

Әрине, тіл қатады,

Түн ұйқыңды төрт бөліп, ұрлатады.

Шерменделік күйменен шер тарқатып,

Әр кеудеде бозторғай жыр жатады.

 

Өршілдіктің өзегі сығылып тым,

Лебі еседі өзіндік жылылықтың.

Буырқанып, бұрсанып қайнауынан

От-жалыны шарпиды ұлылықтың!

 

Еске түсіп, кей-кейде балалық шың,

Жымың қағып, жайнайды балаң ұшқын.

Нағыз ақын жырынан мұрын жарар

Хош иісі аңқиды даналықтың!

 

Қиынынан қиюлап қиыстырып,

Төрт тізбекті қояды ұйыстырып.

Тармақтарға таратып бөледі де,

Бір шумаққа қояды жиыс қылып.

 

Бір сөйлемге бір сөйлем жолықтырып,

Әр сөзінен мағына мол ұқтырып.

Бар халықтың мұңы мен мұқтаждығын,

Бір өлеңге қояды тоғыстырып.

 

Ел мұңына қайғырып, қамығады,

Сары уайым жамылып, сабылады.

Сол ел, міне, бүгінде - Абай елі,

Қолдап тұрған Абайдың аруағы!

 

Жалғасатын жалғанда жырлар қанша,

Жыр жазылған сонау бір жылдары аңса.

Ұлылығын Абайдың ұмытпаймыз,

Мол мұраны тауысып, үлгі алғанша!

 

Күнә болар, қалғаның аңтарылып,

Елің артып отырса арқалы үміт.

Қазынамыз санаулы ғасырдағы

Қара қылдай келеді қайтарылып.

 

Ежелден-ақ ел-жұрттың сүйікті ұлы,

Қасиеттің барлығын жиыпты ұлы.

Өмірдің Өлең дейтін өлкесінде

Абай баба – ән-жырдың биік шыңы!

Қарыпбаева Бағжан

ШҚО, Абай ауданы, Кеңгірбай би ауылы,

Шәкерім атындағы орта мектептің

11-сынып оқушысы.

Бөлісу: