25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Сыйлық беру: әдебі, жолы, түрлері

Сыйлық беру: әдебі, жолы, түрлері

Мақалалар
Жарнама

Мұсылманның мұсылманға күлімсіреп қарағаны да садақа саналатын асыл дінімізде өзара сүйіспеншілікті арттыра түсетін сыйлық беру жоралғысына аса мән берген.

Сыйлық сүйіспеншіліктің, құрметтің белгісі, кейде ыстық көңілімізді дауыстап айта алмағанымызбен іс-әрекетімізбен көрсетеміз, әсіресе сыйлық беру арқылы. Ғұламалар айтқандай «мүминді сүйсіндірген, қуантқан Алланы сүйсіндіріп, қуантқанмен тең».

Осы бір қарапайым ғана, бірақ сонымен бірге өмірімізде маңызды орны бар жоралғының өзіндік әдебі бар екенін көбіміз ойламайтын шығармыз. Дегенмен, сыйлық берудің де әдебі, түрлері және беруге, қабылдауға болмайтын жерлері бар. Енді осы жайттарды бабаларымыз сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан, салтымызбен астарласып кеткен асыл дініміз тұрғысынан шолып өтсек деймін.

Сыйлық беру, алу әдебі

«Сізге қандай да бір жақсылық жасағанға қарсылығын беріңіз. Беретін ештеңе таппасаңыз, ол үшін дұға етіңіз. Осылайша оған жауап берген боласыз» деп өсиет еткен ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сыйлық қабылдайтын және басқаларға сый беруші еді.  Тіпті бірде Айша анамыздың (р.а.) әлеуеті төмен бір әйелдің сыйлығын қабылдамағанын көріп «Әлгі мұқтаж әйелдің сыйын алып, оған онан да жақсысымен қайтаруың керек еді» деп ескерткені  айтылады. Демек, сыйлық қабылдаудың да өзіндік әдебі, мәдениеті бар, енді соған тоқтала кетсек:

Егер сізге таза ниетпен сыйлық берілген болса, оны қабылдау керек. Себебі, хадисте «сіз сұрамаған жерден сізге келген сыйлық Алланың жіберген рызығы» делінеді.

Сонан соң алған сыйлық көлемінде немесе шама-шарқыңыз жеткенше қайтару да сыйлық қабылдаудың әдемі әдептерінен саналады.

Тіпті болмаған жағдайда сыйлық берушіге дұға еткен абзал.

Сыйлықтың көлеміне қарамау оны қабылдаудың және берудің бір әдебі.

Сыйлық тек заттай берілуі шарт емес. Кісімен сәлемдесу және пайдасы тиетін жылы сөз айту да сыйлыққа жатады.

Шынайы, таза ниетпен берілген сыйлық қайтарылмайды. Бұхари жинағында келтірілген «Шақырғанда барыңдар, сыйлық берілсе, қабылдаңдар» делінген хадис те сөзімізді қуаттай түседі.

Сыйлық берудің пайдасы

1. Сыйлық беру Алланың махаббатына қол жеткізуге себеп. «Ихия-у Улумиддин» кітабында келтірілген құдси хадисте: «Менің махаббатым Мен үшін бір-бірін зиярат еткендерге хақ болды, Мен үшін бір-бірін сүйгендерге хақ болды, Мен үшін бір-біріне сыйлық сыйлағандарға хақ болды, Мен үшін өзара жәрдемдескендерге хақ болды», - дейді.

2. Сыйлық адамдар арасындағы сүйіспеншілікті арттырады. Ардақты Алла Елшісі (с.ғ.с.) «Сыйлық сыйлаңдар, сонда араларыңда сүйіспеншілік, бір-біріңе деген құрметтерің артады» - деп өсиет еткен. 

3. Көңілдегі кірбіңнен арылып, жүректегі сызды, өзара су-и занды (теріс ойларды) жоюға көмектеседі. Тағы бір хадисте бұл жайында былай дейді: «Бір-біріңе сыйлық беріңдер, өйткені сый сүйіспеншілікті арттырып, жүректегі жаман сезімдерден арылтады».

4. Туыстық қарым-қатынасты нығайтады.

5. Рызықтың берекесін арттырады. Мұны да Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінен білеміз: «Бір-біріңе сыйлық жасаңдар, бір-біріңді жақсы көріңдер және тағам сыйлаңдар. Бұл рызықты молайтады».

6. Сыйлықты беруші де, алушы да ұтады.

7. Сыйлық – көршінің көршідегі ақысы.

Сыйлықты қандай жағдайда беруге, қабылдауға болмайды?

Өзара қарым-қатынасты жақындату, арада болған кикілжіңдер мен реніштерді жуып-шаю сияқты кішігірім көрінгенімен, үлкен мәселелерге себеп болуы мүмкін жағдайларды сыйлық беру арқылы оп-оңай шешуге болады. Дегенмен, сыйлық берілмейтін және қабылдауға болмайтын жағдайлар да бар.

Ислам әдебінде сыйлық адал табыспен келген заттан берілгені дұрыс, өзіне тиесілі болмаған нәрсені сыйлық ретінде беру адалға жатпайды.

Сондай-ақ, мемлекет мүлкінен сыйлық қабылдау да дұрыс емес. Осы жерде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмірінен мына бір мысалды келтіре кетейік. Бірде зекет жинауға жауапты болған кісі жинағанын өткізіп тұрып: «Мынау жиналған зекет малы, ал мыналар маған берілген сыйлық», - деп қолындағысының кей бөлігін өзіне қалдырмақ болады. Мұны естіген Алла Елшісі (с.ғ.с.) «Ол кісіге не болған, «мынау сендердікі, ал мыналар маған берілген сыйлықтар» дегені қалай. Егер ол бұл іске жауапты болмай, үйінде отырғанда сол сыйлықтар оған келер ме еді?» - дейді.[1]

Осы себепті көптеген Ислам ғалымдары мүлкіне харам араласпасын деген ниетпен мемлекет ісінде жауапты кісілерден сыйлық алмаған екен. Сондай-ақ, пара саналу ықтималы болғандықтан мемлекет қызметінде жүрген адамдарға сыйлықтар берілмеген.

Хадисте «кісі нәпсісі өзіне жақсылық жасағанды сүйетіндей болмыста жаратылғандығы» айтылады. Яғни қандай да бір жақсылығы, шарапаты тиген кісіні көңіліміз бір табан жақын тартып тұрары анық. Дегенмен, бір момынның ісінің шешілуіне көмектесіп, шарапаты тиген адамның қарымын күтуі, яғни жасаған жақсылығының қарсылығы ретінде сыйлық алуы дінімізде құп көрілмеген әрекетке жатады. Бұл жайында Алла Елшісінің (с.ғ.с.) «кім де кім дін бауырына шапағатшы болып, оның қарымы ретінде ақы алса, риба[2] есіктерінің үлкеніне келгені» деп айтқаны бар.

Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахаба Абдуллаһ ибн Рауаханы (р.а.) Хайбар жөйттеріне, жасасқан келісім бойынша түскен өнімнің тиесілі бөлігін алуға жібереді. Жөйттер Абдуллаға (р.а.) пара ұсынады. Сонда кейіген ол: «Ей, қауым, Аллаға серт етейін, менің көзімде сендер (осы әрекеттеріңмен) адамдардың ең жиіркеніштісісіңдер...», - деп олардың ұсынысын қабылдамастан кетіп қалады. Болған жағдайды естіген Алла Елшісі (с.ғ.с.) ибн Рауахаға (р.а.) қарата: «Сенің бұл жасаған дұрыс (адал) әрекетіңнің себебімен көк пен жер аяқта тұр», - деп пара ретінде ұсынылған сыйдан бас тартқанына риза болған екен. 

Сыйлық беруге байланысты ұлттық дәстүрлеріміз

Қазақ сияқты жомарт, мекендеген сар даласындай көңілі кең халық үшін сыйлық сыйлау салт-дәстүрінде, жол-жоралғысында айтулы орын алатын ұғым. Тіпті, сыйлық беруді ерекше сүйетін халықтың бірі қазақ елі десек артық айтқан болмаспыз. «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» энциклопедиясынан келтірілген салт-дәстүріміздегі сыйлық беруге байланысты жол-жоралғының көптүрлілігінен бұл анық байқалады.

Базарлық: Алыс сапарға, саяхатқа, сауда жолына шыққан адамдар жерлестеріне, көрші-көлемдеріне, сыйлас адамдарына, жас балаларға ірілі-ұсақты сыйлыктар әкеледі. Оны «базарлық» деп атайды. Бұл жақсы көрудің, сыйластықтың белгісі және ескерткіш ретінде қабылданады.

Байғазы: Байғазы балалардың, жастардың жаңа киімі үшін,  т.б. жаңа бұйымдары үшін (мысалы: қамшы, шана, ер-тоқым) берілетін ақшалай, заттай сый. Байғазы сұраудың еш артықтығы жоқ. Жеңгелері, шешелері байғазы сұраған ұл балаға «байғазыға байдың қызы» деп те айтады. Байғазы балалардың көңіл күйін көтеретін дәстүр.

Баутағар: Өз олжасын байлаған адамға берілетін ризашылык ырымы «баутағар» деп аталады. Яғни олжаны алған адам сыйлаушыға алғыс айтумен бірге оған ақша немесе бір затын ұсынуы керек. «Баутағар» бермеген адамға екінші рет мүндай олжа ұсынылмайды. Сол сияқты қазақ тәжірибесі мен ұғымында «баутағар» бермеген кісінің малы шығынға үшырайды деген ырым бар.

Бетайғақ: Халықтың құқықтық салтында жоғалған малды, затты тапқан, көрген адамдар сүйінші сұрайтын әдет бар. Мал (зат) иесі оның сүйіншісін береді немесе «қалағаныңды ал» дейді. Ал қылмыстық істерде қылмыскерді, ұрыны тағы басқа жат істерімен жүргендерді үстаған адамға сүйінші орнына берілетін ынталандыру сыйлығы бар. Оның аты - «бет айғақ». Мұнда «бет айғақ» жасаған адамға бұрынғы билер кеңесінің тәртібі бойынша айыптыдан өндірілген малдың, мүліктің, ақшаның бестен бірі беріледі. Әрине, әлгі адам қылмыскердің іс-әрекетін дәлелдеп, айғақты заттармен, куәлермен оның мойнына қойып беруге міндетті. Бұл істі елдің билері ақсақалдардың қатысуымен шешеді. Шешім сол сәтте орындалады.

Билікақы: Қай заманда болса да ел ішінде жер дауы, жесір дауы, мал дауы, тағы басқа дау-жанжал болмай тұрмаған. Оның әділдігін, түйінін ел ақсақалдары мен билер шешіп отырған. Олар әділет, сот, прокурор, адвокат сияқты тәртіп заңдарын қарап, кадағалап, талқылап шешім шығарған. Билер негізінде ежелгі «Жеті жарғының» құқықтық жолын басшылыққа алған. Мұндай шешімдерде қандай да билік жолында пайдаға шыққан жақ табысының (мал, зат, ақша т.б.) оннан бірін «билікақысы» үшін биге берген. Билікақысы заңға негізделген.

Бұйымтай: Сыйлас, бір-біріне көңілі жақын кісілер әдейі жол-жоралғысы, сый-сияпатымен келіп, қонақ болғаннан кейін, қонағы аттанарда үй иесі оның бұйымтайын, қалауын сұрайды. Қонақ мұндайда келген шаруасын - бұйымтайын, яғни қалауын айтады. Бұйымтай көбінесе ізеттілік жолымен сұралатын болса, қалауға айрықша мән беріледі. Қонақты риза етіп аттандыру қазақ халқының салтында парыз саналады.

Сүйінші: Қуанышты хабар жеткізуші адам «сүйінші, сүйінші» деп келеді. Мұндайда қуанышты үй иесі «қалағаныңды ал» дейді. Немесе оған риза болатындай сыйлық ұсынады. Бұл шын қуанудың, ризалықтың белгісі. Сүйінші сұраудың да, оның сүйіншісін алудың да ешқандай сөкеттігі жоқ.

Кәде: Айтта, ойын, тойда тағы сол сияқты мейрамдарда берілетін сыйды немесе алымды «кәде» деп атайды. Кәде – ойын-тойдағы әсіресе құдалық, келін түсіру кезіндегі салт- дәстүрдің әсем бір көрінісі. Оны сұрауға, талап етуге әркімнің хақы бар. Кәде жасамау - дәстүрді сыйламау, яғни ел заңын бұзу деген сөз. Ұлт мәдениетінде кәде түрлері өте көп және оның ереже, жолы, заңы бар. Оны бұзуға болмайды. Кәдеге тоқтау жоқ, дәлел жүрмейді, сөз өтпейді. Кәде беру міндет. Өйткені жазылмаған заңымызда «ат өлсе де, кәде өлмейді» деген аталы сөз бар.

Той кәделері – тойбастар, айттық, мүше сұрау, көрімдік, жыртыс, сарқыт т.б.; Құдалық кәделері –қарғыбау, шеге шапан, қалыңмал, өлі-тірі, бата аяқ, той малы, атбайлар. құйрық-бауыр, сандық ашар, шай құяр, құда тартар, табаққа салар, отқа құяр, түйемұрындық, қосақбас, кебіс салар, құда аттандырар т.б.; Күйеу кәделері – есік ашар, ентікпе, балдыз көрімдік, күйеу табақ, сүт ақы, атбайлар, босаға аттар, сәукеле байғазы, жеңгетай, шымылдық байлар, отау жабар, қыз көтерер, арқа жатар, қалыңдық ойнау, қол ұстатар, шаш сипатар, көрпе қимылдатар, ит ырылдатар, «кемпір өлді», бақан салар, мойын тастар, қыз қашар, ілу, көпшік қыстырар, күйеу аттандырар т.б.; Балаға арналған кәделер – ат қою, кіндік кесер, бесікке салу, қырқынан шығару, тұсау кесер, көрімдік т.б.; Қаза кәделері – садақа, жыртыс, арулау, қабыршы кәдесі, киім беру, дұға оқыту т.б.

Көрімдік: Жаңа туған балаға, жас келінге, ботаға, тағы басқаға алғаш көрген сәтте көрімдік сұрау халықтың ежелгі және лайықты дәстүрі. Мұның маңызы адал ниет, ерекше ықыластың бір белгісі, көз тиюден сақтанудың ырымы түрінде сипатталады. Байғазы мен көрімдік екеуі басқа ұғым. Көрімдік адамға, жандыға берілсе, байғазы көбінесе жансыз дүниелерге қатысты айтылады.

Қалау: Біреудің жақсы затына, мүлкіне көңілі кеткен адам сол үйге барып қалау қалайды. Ол үшін алдымен үй иесінің ұлына қамшы, қызына алқа, білезік сияқты бағалы зат сыйлайды. Қонағының емеурінін байқаған отағасы оны аттандырар алдында «қалауыңды айт» дейді. Қонақ қалаған мал-мүлкінің атын атайды. Қазақ салты қалауды сөзсіз орындауға міндеттеген. Сондықтан үй иесі қонағының көздеген қалауын ризалықпен береді. Қалаушы кімнен, не қалау керек екенін біліп, көңілінің қалып қоймау жағын ескеріп отырған.

Индира Жұмабекқызы,

Журналист.

Ummet.kz

 

[1] Бұхари, Зекет, 67; Муслим, Имара, 26-29; Әбу Дәуіт, Имара, 11.

[2] Риба –  өсім

Бөлісу: