25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қобдабай Қабдыразақұлы: Абай ілімі – жалпақ жұртты имандылыққа баулиды

Қобдабай Қабдыразақұлы: Абай ілімі – жалпақ жұртты имандылыққа баулиды

Мақалалар
Жарнама

Адам құдіреттілігіне ой жете бермейтін, саналылығының, даналығының, қабілет-тілігінің шегі, теңі мен телісі жоқ, киелі де қасиетті, аса күрделі жаратылыс. Әлемдік кеңістікте жасампаз тіршілік иесі – адамзат, биоәлеуметтік шеңберде жеке тұлға.

Сезімтал, пайымды, болжамды. Амалы мен тәсілі мың сан. Бүгінгісін ертең қанағат тұтпайтын талғампаз, ізденімпаз, талапты, қажетін таңдай білетін, жоғын таба, барын жаңарта, жасандыра, жетілдіре беретін жаһандағы баламасыз, ішкі жан-дүниесінің тылсымды рухани күші мен сыры әлі түгел ашылып үлгерілмеген жер жүзіндегі кемел кемеңгер. Адамның дүние-өмір танымдық қуат көзі, нағыз адамдықтың негізі нәзік болмыс –ақыл, ес, ой – өріс, жад, түйсік және сезім. Мінез-саналы өмір жүйесінде нәзік болмыспен қабаттас дарыған, адамның табиғи қалпы, сыр-сипат, іс-әрекет, бет-бағдар ерекшеліктерінің психологиялық жиынтығы. Ақыл мен мінез кісіліктің парқын, парасаттылығы мен бітім-келбетін, өмірге жарасымдылығы мен қабілеттілігін анықтаушы, сондай-ақ бірін-бірі толықтырушы, жетілдіруші саналық категория.

Адам... Адам болу — қасиетті атақ. Адам атың болған соң, сен — ата-анаңның, еліңнің, Отаныңның перзентісің. Отан алдындағы қарызың мен парызың — ең ұлы жауапкершілігің. Адам болу үшін Абай атамыз айтқандай:

Сүймек, сезбек, кейімек,

Харекет қылмақ, жүгірмек.

Ақылмен ойлап сөйлемек...

Ақыл керек, ес керек, мінез керек...

Ұлы дананың қай шығармасын алмайық, оның алтын қазығы – Адам. Ол нағыз Адам, Толық Адам қандай болу керек деген сұраққа жауап іздейді, әрі оған жауап береді. Мысалы, «Атымды  Адам қойған соң, қайтып надан болайын», «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде одан басқа» - дейді.         

Адам бірден өркениетті  болмайды, ол үшін өзіңнің табиғи ерекшелігіңмен қоса, көптеген адам өткен асулардан өтуің міндетті. Адам боламын десең, өз ақыл сезіміңді дамытып, ненің болса да өз шешімін табуға талпын. Кісі ақылы көтерер де түсірер, өз ақылың өлгеніңше жетелер. Адам адамға жақсылық жасау үшін келген, бірақ осы «адамгершілік заңын» түсінбейтін, ұғынбайтын  тас жүректілер мен соқыр сезімділер баршылық. Адамда екі таразы болады: біріншісі сыртқы көз таразысы, екіншісі ішкі көңіл таразысы. Осы екінші таразыға ерекше мән беріп түсінбесең, тебіренбесең, өмірде өлшемдес әрекет жасай алмайсың, ал бірінші көз таразысынан сүріне бересің. Абайдағы адамгершілік мәселесі құбылыс ретінде толық адам арқылы көрініп, ең түпкі мәні махаббат пен әділет, ізгілікке дейін дамып, ұштала түседі. Абайда толық адамның мәні мен негізіне үңілген белгілі бір жүйе бар. Сол жүйені мынадай күйде көруге болады: а) толық адам: ақыл, қайрат, жүрек; ә) ақыл, жүрек; б) жәуанмәртілік: ақыл, рақым, әділет; в) жүрек: әділет, рақым, мейірім,сүю, т.б. г) әділет; д) сүю; е) ізгілік, қайырымдылық, бақыт. 

Абайдың адам болу жайындағы жүйелі танымы «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» өлеңінен басталады:

Ер ісі ақылға ермек, бойды жеңбек,

Өнерсіздің қылығы өле көрмек.

Шыға ойламай, шығындап қылық қылмай,

Еріншек ездігінен көпке көнбек. 

Ақынның сөз қолданысында «Ер» сөзі көбінесе кісілікті кісі бейнесінде келеді. Ал кісілікті кісі ақын армандаған толық адам ұғымымен төркіндес. Осы бір ғана шумақта кісілікті кісінің әдемі-ақ бейнесі берілген. Әрбір сөзді ерекше електен өткізіп барып айтатын ақынның «бойды жеңбек» тіркесінің мән-жайы орта ғасырдағы шығыс ойшылдары мен ақындарында молынан сөз болған. Олардың ойынша, адам болудың жолына түскен кісі ең алдымен тәндік тілегін тежеп, жанының зиянды құмарын шектей білуі керек. Абай «бойды жеңбек» деп осыны айтып отыр. Ақын өлеңіндегі «көпке көнбек» сөзінің де тарата түсуді тілейтін төркіні бар. Ол көпті көбінесе тобыр, ақылсыз, надан кейпінде суреттейді. Керісінше, жеке адамның көш бастаушы көсемдігіне ерекше көңіл бөледі. Әл-Фараби де жеке адамның, бас әкімнің тұлғасына назарын көбірек аударып, олардың адамгершілігі мен білімділігі қоғамда қайырымдылықты жүзеге асырудың негізгі шарты деп білген. Мұндай таным Жүсіп Баласағұнда да бар. Абай - осы таныммен жете таныс ақын. Оның ойынша, әрбір адам өзін тану арқылы үнемі адамдығын жетілдіру жолында жүрмек. Ал «бар ақылы көзінде тұратын» ақымақтың тірлігі - өмір арнасында ақылсыз, ойсыз аға беру, өлгенше «көкірек көзі ашылмай» қалғып өту.

Ақын өлеңдері мен қарасөздерінде таным жайын көп айтады. «Шыға ойламай, шығындап қылық қылмай» жүрген надандардан кісінің мәртебесін артық ететін де - осы таным мәселесі. Абай үнемі ебін тауып кісінің адамгершілігін ұштай түсумен болады. Ақынның өзі айтқандай, адамда екі түрлі қуат бар: жан қуатымен ақыл таппақ та, тән қуатымен мал таппақ, еңбек етпек. Ақын екеуінің де адалдықпен болғанын қалайды. Және осы ойының жүйелі түрде қалыптасқан таным екенін кейінгі өлеңдерінде сапалы өсудегі қайталауымен дәлелдеп отырады. Абай әрбір ойы, сөзі арқылы адамды адамдыққа шақырады. Дұрыс жүруге, жақсы іс жасауға, ізгі ойларға тартады. Ақ пен қараның ара-жігін ажыратуға итермелейді. Абайдың негізгі ойы – адамды жетілдіру болған, яғни кемел адамға, толық адамға жеткізу еді. Ыстық қайрат пен нұрлы ақыл, жылы жүрек арқылы сол адамдықтың шыңына шығуға болады деп есептеген. Ақын толық адам туралы танымын өмірінің соңына дейін алып барады. 1902 жылы жазылған «Тоты құс түсті көбелек» атты мәні терең өлеңінде тағы да осы үш қасиеттің тұтастығын танығандай боламыз:

Адамзатқа не керек:

Сүймек, сезбек, кейімек.

Харекет қылмақ, жүгірмек,

Ақылмен ойлап сөйлемек.

Оқырман екінші жолдан жүректі, үшінші жолдан қайратты, соңғы жолдан, өзі де айтып тұрғандай, ақылды оп-оңай аңғара алады. Адамзат үшін қажет үш қасиеттің осы шумақтағы бөлінбес бірлігін кездейсоқ құбылыс дей алмаймыз. Абай адам бойындағы барлық асыл қасиеттер мен қабілеттерді бір орталыққа біріктіріп, оларды өзі таныған үш қасиет арқылы толық адам бойына жинақтайды.

Ақыл,қайрат, жүрек үшеуінің «бір кеудеден табылып,одан толық адам туатын танымы» - ұлы ақынның зор табысы.Осылай  басталып, өмірінің соңына дейін жан-жақты талданған Абай дананың «Толық адам ілімінің» жетілу баспалдағын аттап көрелік. Толық адам  атану үшін «Алла Тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық…» (2-т., 190-б.) баспалдақтарын басып өту керек. Сондай-ақ  жақсы адам дәрежесіне көтерілуге  нақтылы жағдай қажет, олар:   жақсы тән саулығы, жақсы туыс, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаз. Міне, жақсы адам болу үшін қажетті шарттар.

Адамшылық, адам табиғатына сай болу үш ғашықтықтан туады. Бірінші, дүниені, адамның өзін жаратқан Аллаға ғашықтық. Ғылым Алланың бір сипаты болғандықтан, ғылымға ғашықтық. Алланың жолы хақиқат жолы болғандықтан, хақиқатқа, растыққа ғашықтық. Ал егер мал, мақтан, қадір, сый, құрмет, Алланың рақымымен, адамды өзі іздеп тапса, ол адамды бұзбайды, керісінше адамдыққа көрік береді. Бұл – жақсылықтың өлшемдері.  Енді осы адамды жақсы кісі атандыратын үш мәселенің алғашқысына қысқаша тоқталайық.

Алланы тану оған тек сену емес. Алланы тану оның кереметтерін тану, оны Жаратушы деп түсіну, мойындау. Жаратушыны танып-білуге тура жол жоқ, оны біз тек қана өз құдіретімен жаратқандары арқылы білмекпіз. Жаратушы не жаратты? Бар болмыстың бәрі Жаратушының кереметтері, яғни, Жаратушыны тану деген сөз – бүкіл жаратылысты тануға талпыныс. Ақын Алланың өзіне де, сөзіне де күмән келтірмейді. Мәселе, Алланың өзі кім, сөзі не, соны тану керек. Алланы танудың қиыншылығын, ол «Алла деген сөз жеңіл» деген өлеңінде ашық айтқан. Алланы сөзбен, ақылмен емес, жүрекпен сезу қажет, оның барлығын тану сезім арқылы болмақ. Және де Абай айтады, Алланың сөзі бар, ол да рас, сонымен бірге, адамның сөзі бар, бірақ оның растығында үнемі күмән бар. Неге олай? Жауапты тағы да отыз сегізінші сөзден табамыз. Абай айтады: «Алланың сөзі – қаріпсіз, дауыссыз» (2-т., 193-б). Керемет шындық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) біздің түсінігімізде сауатсыз болған. Ол қаріп танымаған. Пайғамбарымызға Жаратушыдан аят аян түрінде келген. Пайғамбар білімі – аян білімі, біздің білім – қаріп арқылы болатын білім.

Абай «Әуелі аят, хәдис – сөздің басы» дейді. Аят – дүние көркі туралы сана. Аят сөз басы, бірақ ол адамның ойынан туған дүние емес, Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) өлең кейпінде түскен аян. Алла Тағала Құранды адамдар иман етіп имандылық жасап, толық адам шыңына жетсін, деп, түсірген. Құранда «Негізінен иман етіп ізгі іс жасағандар, намазды толық орындап, зекет бергендерге Раббыларының жанында сыйлық бар» (Бақара, 2\277). Бұл аяттағы ізгі істер – имандылық. Аллаға мойынсұну – иман, ізгі істер жасау арқылы Ұлы Досқа жақындау – имандылық. Абай: «Иман деген – Алла табарака уа Тағаланың, шәриксіз (көмекшісіз, серіксіз, бір өзі деген мағына береді) ғайыпсыз бірлігіне, барлығына, уа әртүрлі бізге пайғамбарымыз саллаулаһу ғалайлаһи уәссәләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инанмақ… Енді бұл иман дерлік инануға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі – не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақыл бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақыл дәлел – испат (нақтылау, дәлелдеу) қыларға жараса, мұны якини иман десе керек. Енді мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек екен» (Он үшінші сөз).

«Инанмақ» – илану, яғни, сену. Байқағанымыздай, Абай да «иманды» сенім, Құдайға сену, деп түсіндіреді. Яғни, мұсылман болу үшін, ең алдымен сену керек екен. Құдайдың барлығына, бірлігіне, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) оның елшілігіне сену. Бұдан барып, нені болса да сеніп істеу, сол сенімнен күш алып істеу болғаны. Мал-мүлкінен, дәулетінен иманын жоғары бағалаған қазақ «Ер жігіттің үш байлығы бар: бірінші – иманы, екінші – ырысының тұрағы, үшінші – дәулетінің тұрағы» деп аталы сөз қалдырған. Жүрегінде иманы жоқ адам – бақылаусыз адам. «Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды» (Абай). Құдайдан қорықпаған, имансыз адамға сенім артуға болмайды. Ал иманды адамның жүрегінде әрбір әрекетін қадағалап, бақылап тұратын ішкі сенім бар. Абай: «Құдайдан қорық, пендеден ұял: балаң бала болсын десең оқыт, мал аяма!», «Әрбір ақылды адамға иман парыз, әрбір иманды адамға ғибадат парыз», «Құдайшылық жүректе. Қалпыңды таза сақта», - дейді. Ал,халық ше?

Жиғаныңа сенбе - иманыңа сен. Иманды адам – арлы адам, имансыз адам - сорлы адам. Үстіңнің кірін – сабын кетіреді, жаныңның кірін – иман кетіреді. «Имандылық қастерлі қасиет», «имандылық – инабаттылық айнасы. «Имандылық – ізгілік негізі». Абай: “Имансыз елден ұят қашады” деген, Хз. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың хадисін келтіріп, «қазақтың хәлі осы - имансыздық” - дейді. Көп ішінде жалғыз қалып күңіренген, “Ішім толған у мен өрт, сыртым – дүрдей” деген Абайдың мұңы “…көкірегімді тесіңдер, қан мен мұңға толды әбден” деген Яссауидің жанайқайымен үндесіп жатыр.

Абай осындай дертке шалдыққан елге дауа іздейді. Оның дауасы – «Құран», түгел сөз, адам бойына имандылық дарытатын ар түзейтін ғылым. Абайдың түзу сөзі «әуелі аят, хадис-сөздің басы”, яғни, елді түзейтін сөз әрі қисынды, әрі өлеңмен (бәйіт-мысал) жазылған Алланың сөзі – «Құран». Сондықтан Абайда  имандылық, ауқымы аса кең үлкен пәлсапалық ой-толғамға ие, ерекше мәнді ұғым. «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» (18-сөз) - дейді Абай. Бұл арадағы «ақыл»  ұлттық дәстүр мен тәрбие болса, «ғылым» дегені қазіргі заманның озық технологиясы, инновациясы, ал «ар» мен «мінез» адамға иман арқылы дарыған ізгі қасиеттер.

Абай сол кездегі қазақ халқының ұлттық болмысының, менталитетінің, әдет-ғұрпының, ой өрісінің заманның өзгерісіне қаншалықты сәйкес келетіндігіне барынша назар аударып, мына жайды  байқаған. «Құран» – ақылды сөз бен терең ой, терең ғылымның көзі, сондай-ақ ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап сияқты адамдық құндылықтардың кені, бірақ, «елді түзейтін түзу сөзді табудың, танудың, тыңдатудың өзі оңай емес. Өйткені түзу сөзді айтушы да, түзу сөзді тыңдаушы да надан. Ал кейбірі түзу сөзді танымайды да. Өйткені олар Тәңірдің Бар және Бір екеніне, Құранның ақиқат екеніне, пайғамбарларға, періштелерге, тағдыр, қазаға, өлгеннен соң тірілуге сенбейді. Өңшең “кісімсінген-менмен, нәпсіқұмар, білімсіз, надан.», «...мақтанқұмар, малқұмар, арамдық, ұрлық, пайдакүнем, нені ұға алсын” - деп сол шақтағы қазақ жұртында имандылықтың қаншама әлсіреп, тозып бара жатқанын дұрыс сезініп, терең қорыта алған. Абай дана, қазақтың имансыздығын  жою үшін, олардың жүрегін иман нұрымен сәулелендіруді басты мақсат  тұтып, жалпақ жұртты имандылыққа баулудың сара жолын салып берді. Осы иман мен имандылыққа айырқша көңіл бөлген қазақ бұл екі ұғымды өміріне сіңірген. «Адамның пікірі қандай болса, зікірі сол» деген. Атам қазақтың «иманды адам, иманмен қаптап қойғандай, иман таразыға салды, иманы бетінде үзіліп тұр, иманы жолдас болсын» т.б. иманға байланысты сөз тіркестері оның терең иманды болғанының белгісін білдіреді. Қазақ иман мен имандылықты Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) үлгі алып, ежелгі сенімділігін ұлғайтқан жұрт. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Мен ең ғажап көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім», деу арқылы әлемдегі имандылықтың қаншалықты маңызды екенін көрсеткен. Сондықтан да,Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) имандылықты жаю жолында өзі бірінші үлгі болған. Ол имандылық пен көркем мінезділікте алдына жан салмайтын теңдессіз жан болатын. Ол бірде «Мені Раббым тәрбиеледі. Әрі аса көркем түрде тәрбиеледі», - деген  еді.

Иман діни ұғым ретінде өз мазмұнында көптеген құрамдас бірліктерден тұрады; тотемге сену, шаманға сену, көк тәңірге сену, табиғат күштеріне сену, бұлардың ешбірі де иман емес, жай ғана сенім. Имандылық, «иман» сөзіне қарағанда өте кең мағынаны бiлдiредi, дiн және дiни ахлақтың бәрi де имандылыққа жатады. Құран, хадис, тәпсір, ақида секілді исламтану пәндерінің түпкі мақсаты да адамды имандылыққа тәрбиелеу. Шынайы иманның жемісі – имандылық. Имандылық адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуші қадір-қасиет, адам бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік белгісі. Қазақ халқының ата-баба дәстүрінде имандылық тек діни сенім емес, ол сондай-ақ, ұлттық психологиялық салтқа, халықтық ерекшелікке айналған құбылыс. Атамыз қазақ алдымен сырт пен іштің бірлігін пір тұтқан, «иман» ұғымының жан тазалығынан бастау алуын қамдаған, көркем мінез-құлықтарды кемелдендіру үшін келген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ар тазалығына негізделген имани іліміне адал болған. Содан кейін барып ниет пен амалдың бірлігін өсиет еткен.  Қазақта имандылық сөзі, кісілік, ізгілік қасиеттерді білдіреді. Иман жүректегі нұр, имандылық соның сыртқы пішіні. 

Халқымыздың түсінігінде иман сөзінің аясында сенім мағынасымен қатар, барлық адами асыл қасиеттерді (ұят, ар-намыс, сабырлық, жомарттық, шыншылдық, адалдық, мейірімділік, кішіпейілділік т.б.) қамтитын түсініктер көрініс тапқан. Жағымды қасиеттердің адамның рухани, психикалық дамуына зор әсер ететіні белгілі. Солардың ішінде өз Отанын сүюшілік оны жан-тәнімен қорғау, халқына берілгендік – адамның өмірінде өшпейтін, имандылық қасиеттердің бірі. «Иманды» деп қазақ жүректегі «Құдай бір, пайғамбар хақ» деген берік сеніміне қоса терең адамшылық қасиетке ие, ізгі мінез-құлықты жанды ғана атаған. «Жүзінен иманы төгілген» деп жүректегі жылуы жүзінен танылатын нұр келбетті жандарға сүйсінген. Абай атамыздың толық адамы міне, дәл сондай адам.  Мұндай адамның сыр-сипатын, тұлғасын Абай атамыз өзінің толық адам ілімінде айқын көрсетті және оны айшықтайтын формуласын қорытты. Абай атамыздың бұл формуласын оның ізбасарлары мен шәкірттері еселей дамытып, ұлтты имандылыққа баулитын қазақ ілімі денгейіне дейін көтеріп,   тәрбиелеу қазақ  теориясы – Имани педагогиканы өмірге әкелді. Ата-бабамыз армандаған тәуелсіздікке қол жеткізген шақта қазақ елінің азаматтарының жалпы діни сауат деңгейі, халі  Абай атамыздың айтып көрсеткен «тағы осы имансыздық» дәрежесінде болды. Сонан бері бұл турасында талай талпыныс, үлкен ізденіс  болғанымен, ұрпаққа имандылық тәрбиесін беріп, жалпақ жұртты имандылыққа баулудың заманауи жүйесін қалыптастыра алмадық.

Ұлы дананың асыл мұрасын ұтымды пайдалану  мәселесі әлемдік денгейде талқыланып жатқанда мұсылман қауымы, соның ішінде Қазақстан мұсылмандар бірлестіктері мен жамағаттары ауқымды  шаралар мен іс-қимылдың көшбасшысы болуымыз қажет. Менің ұсынысым: Күллі діни білім беру аумағында; дінтанушы немесе  дін қызметкерлерді дайындау және қайта дайындау мамандық арттыруға бағытындағы мектептер мен медіреселер, арнаулы курстарда «Имани педагогика» (التربية  العمانية) мен   «Имандылыққа баулу қазақ ілімі» оқытылуы тиіс.                     
 
                                                    

  Қобдабай Қабдыразақұлы,

ғалым-жазушы,

          Қарағанды қаласы.

Бөлісу: