25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қияметтің үлкен белгілері – 2

Қияметтің үлкен белгілері – 2

Мақалалар
Жарнама

Хадистерде айтылған Қияметтің үлкен белгілеріне тоқталсақ: 

Дүниені түтін қаптауы:

Алла Тағала айтты:

فَارْتَقِبْ يَوْمَ تَأْتِي السَّمَاءُ بِدُخَانٍ مُّبِينٍ، يَغْشَى النَّاسَ هَذَا عَذَابٌ أَلِيمٌ

«(Мұхаммед ғ.с.) Ал, сен  аспан анық түтінді әкелетін күнді күт. Ол адамдарды орап алады; Бұл – жан түршігерлік азап»,-делінген. (Духан сүресі, 10-11 аят).

Имам Қуртубидің тәпсірінде, Хузайфа (р.ғ.) айтады: «Уа, Алланың пайғамбары! «түтін» деген не?, - деп сұрадым. Сонда, ол (с.ғ.с.): «аспан анық түтінді әкелетін күнді күт»,-делінген аятты айтып, ол түтін қырық күн қырық түн бойы шығыс пен батыстың арасын толтырып тұрады. Түтіннің әсері мұсылмандарға тұмау секілді тиеді. Ал, кәпір мастық  деңгейде болып, аузынан да, мұрнынан да, екі көзінен де, екі құлағынан да, артқы тарапынан да түтін шығатын болады»,-деді.

Дәббәтул-ардтың шығуы:

Алла Тағала Құранда:

وَإِذَا وَقَعَ الْقَوْلُ عَلَيْهِمْ أَخْرَجْنَا لَهُمْ دَابَّةً مِّنَ الْأَرْضِ تُكَلِّمُهُمْ أَنَّ النَّاسَ كَانُوا بِآيَاتِنَا لَا يُوقِنُونَ

«Ал, оларға (қияметтің алдында белгіленген) сөз түскен кезде, олар үшін жерден бір жануар «даббатул-ард» шығарамыз. Ол адамдардың аят-белгілерімізге сенбегендіктерін айтады». (Нәмл сүресі, 82 аят).

Имам Тирмизи риуаят еткен хадисте:

«Даббатул ардпен бірге Сүлеймен (ғ.с.)-нің сақинасы және Мұса (ғ.с.)-нің аса таяғы болады. Ол аса таяқпен мүминнің жүзін нұрландырып, сақинамен кәпірдің мұрнына таңба басады. Сол кезде адамдар мүминді кәпірден ажырата алып, бірін-бірі: «Уа, мүмин! Уа, кәпір!»,- деген сөздермен шақыратын болады»,-делінген.

Бұл жануарды Абдолла ибн Омар (р.ғ.): «Меккедегі ас-Софа тауы жарылып, содан шығады»,-деп айтты.

Дәджәлдің шығуы:

Айша анамыз (р.һа) Алла елшісі (с.ғ.с.)-нің намазда Дәджәлдің фитнасынан пана тілейтіндігін жеткізген.

Дәджәл не үшін «дәжжәл» деп аталды?

«Дәжжәл» сөзінің өзі түп негізінде «жалғаншы, өтірікші» деген мағынаны білдіреді. Осы ұғымына сай адамзат тарихында Дәджәлдан өткен жалғаншы болмайды.

Сонымен қатар Дәджәл «Мәсих» деп аталады әрі оның бір көзі болмайды. Бұл мәселеге қатысты Ибн Әсир былай деген болатын: «Оның «Мәсих» деп аталуы – көзінің сипалып, жабылып қалғандығынан, ал, «Дәджал» деп аталуы оның жалғаншы болғандығынан»,-деген.

Дәджәл жалғыз көзді болатынына қатысты Расулулла (с.ғ.с.) имам Тирмизи риуаят еткен хадисте былай дейді:

 «Мен сендерге Дәджәл жайында ешбір пайғамбар үмметіне айтпаған нәрсені хабар етейін. Дәджәл жалғыз көзді болады. Ал, Хақ Тағала жалғыз көзді емес».

Сонымен қатар Дәджәлдің қақ маңдайында «кәфир» деген жазу болады әрі ол жазуды тек мүминдер көре алады.

Дәджәл – барша адамзат үшін тым ауыр фитна, яғни сынақ болады. Бұл мәселеге қатысты Расулулла (с.ғ.с.) айтады: «Алла Тағала Адам ұрпағын жаратқаннан бастап Мәсих дәжжәлдан өткен ауыр сынақ болмайды. Алла Тағала қанша пайғамбар жіберген болса, соның әрбірі үмметін дәжжәл жайында ескерткен. Мен соңғы пайғамбармын. Ал сендер – соңғы үмметсіңдер. Дәджәл сендердің араларыңнан шығады». (Ибн Мажә риуаят етті).

Дәджәлдің жалған тәңірлігі 40 күнге созылады. Соның бірінші күні бір жылға, екінші күні – бір айға, үшінші күні бір жұмаға тең келіп, қалған күні әдеттегі күндей болады. Ол жер жүзінде жел айдаған жаңбыр тәрізді қозғалады. Осы себептен қырық күннің өзінде-ақ жер бетін бүлікке толтырады.

Дәджәлдің ең үлкен өтірігі – өзін тәңір деп жариялауы. Алла Тағала адамдарды сынау үшін лағнеті Дәжжәлға жаңбыр жаудыру, қуаң даланы көк ету, өлгенге жан кіргізу қасиетін береді. Мәселен, Дәджәл бір мұсылманды қақ ортасынан арамен аралап бөлуін бұйырады, кейін екі бөлінген дененің арасынан өтеді де, кейін оған «тіріл» деп бұйырады. Сонда екі бөлік дене бірігіп пенде қайта тіріледі. Мұны көрген имансыз пенделер оны тәңір демегенде кім  десін?

Дәджәл қайта тірілген мұсылманға өзін тәңір деп мойындауын талап еткенде, мұсылман пенде: «Сенің жалғаншы екеніңе бұрынғыдан да сенімдімін»-деп жауап береді. Сонда ызасы шыққан Дәджәл оны аяқ-қолынан ұстап отқа лақтырған болады. Алайда, шын мәнінде мүмин пенде сол сәтте-ақ жәннаты болады.

Расулулла (с.ғ.с.) бұл мүминнің ерлігіне қатысты: «Әлемдердің Раббысы болған Алла Тағаланың назарында бұл ең үлкен куәлік болады»,-деген. (Бухари риуаят етті).

Имам Маһдидің келуі:

Имам Маһдидің шығуы да Қияметтің белгілеріне жатады. Ол жайында Расулулла (с.ғ.с.) былай деген:

لاَ تَقُوم السَّاعَة حَتَّى يَمْلِكُ رَجُل مِنْ أَهْلِ بَيْتِي يُوَاطِىءُ اِسْمُهُ اِسْمِي وَاِسْمُ أَبِيهِ اِسْم أَبِي يَمْلَأ الْأَرْض قِسْطاً وَعَدْلاً كَمَا مُلِئَت ظُلْمًا وَجَوْرًا

«Қиямет қайым болмастан бұрын Алла Тағала менің ұрпағымнан есімі менің есімім, әкесінің есімі менің әкемнің есіміндей болатын бір құлын жаратады. Одан бұрын дүниені зұлымдық қаптап, оның заманында дүние әділеттікке толады». 

 Иса (ғ.с.) көктен түсуі:

Имам Ибн Мажә және имам Әл-Хаким Әбу Умамадан (р.ғ.) риуаят еткен хадисте Расулулла (с.ғ.с.); мұсылмандар Байтул-Мақдисте таң намазын оқып жатқан сәтте көктен Иса пайғамбар (ғ.с.) түсетіні жайында айтқан.

Мысыр еліндегі Бейбарыс бабамыздың мешітінің  имамы Әзһарлық ғалым өзінің «ъилму ат-таухид» кітабында: «Иса (ғ.с.) Димашқтың (Дамаск қаласы) шығыс тарапынан таң намазының уақытында түседі. Ол жер бетінде 40 жыл ғұмыр кешеді. Ал, қайтыс болғаннан соң Мәдинәтул Мунәууарада Әбу Бәкір (р.ғ.)-дың қасына жерленеді»,-деп айтты.

Көктен түскен Иса (ғ.с.) өзі пайғамбар бола тұрып біздің Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) үммет болады.

Мұсылмандармен бірге имамға ұйып намаз оқығаннан соң Иса (ғ.с.) Байтул Мақдистің қақпасын ашады да артынан қару асынған 70 мың яһуди ерген Дәжжәл Кәззабты көреді. Осы кезде Иса пайғамбарды (ғ.с.) көрген лағнеті Дәжжәл сол сәтте-ақ суда еріген тұздай балқып кетеді. Дәжжәл Исадан (ғ.с.) қашады. Алайда, Иса (ғ.с.) оған жетіп алып, өз қолымен мерт етеді.

Дәжжәл кәззабтың фитнасы осылайша тәмамдалады. Жер жүзінде Ислам, әділдік билігі орнайды.

Алайда, көп ұзамай басқа фитна пайда болады.

Ол – Яжүж -Мәжүждың шығуы.

Яжүж-Мәжүж – қатыгез жауыз халық.

Құран Кәрімде былай делінеді:

حَتَّىٰٓ إِذَا فُتِحَتْ يَأْجُوجُ وَمَأْجُوجُ وَهُم مِّن كُلِّ حَدَبٍۢ يَنْسِلُونَ، وَٱقْتَرَبَ ٱلْوَعْدُ ٱلْحَقُّ فَإِذَا هِىَ شَٰخِصَةٌ أَبْصَٰرُ ٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ يَٰوَيْلَنَا قَدْ كُنَّا فِى غَفْلَةٍۢ مِّنْ هَٰذَا بَلْ كُنَّا ظَٰلِمِينَ

«Яжуж-Мәжүж ағытылып, әрбір төбеден келгенге дейін. Ол шын уәде (Қиямет) таяса, сол уақытта қарсы болғандардың көздері шарасынан шығып: «Әттеген-ай! Біздің бұдан қаперсіз болғанымыз қандай өкініш! Негізінде, біз залым болған екенбіз», – деп айтады. (Әнбия сүресі, 96-97 аяттар).

 Хадис шәрифте: «Яжуж бен мәжүж қауымы қияметтің алғашқы белгілерінің бірі болады».

Бұл аш көз тойымсыз қауым жолдағының бәрін өзіне азық етіп, ішкен көлдерін кептіріп жібереді.

Жер жүзіндегінің бәрін қырып-жойған бұл қауым соңында көккке қарап: «Жердегінің бәрін жалмадық. Енді көктегі Құдай қалды»,-деген астамшылыққа барады. Нәтижеде олар аспанға найзаларын атады. Алла Тағаланың құдіреті, найзалары жерге қан болған күйде қайтады. Сонда олар «Құдайды өлтірдік» деген ойға барады.

Яжүж-Мәжүждың фитнасынан мұсылмандар тауға қашады. Соңында Иса (ғ.с.) мен мұсылмандар Хақ Тағалаға жалбарына бастайды. Сонда Алла Тағала олардың дұғасын қабыл етіп, көзге көрінбейтін құрт жаратады. Сол құрт Яжүж-Мәжүж қауымының түбіне жетеді.

Яжүж-Мәжүждың өліксесінен жер бетін сасыған иіс басады. Алайда, сол кезде Алла Тағаланың қалауымен үлкен құстар келіп Яжүж-Мәжүждің іріп-шіріген денелерін алып кетеді. Осыдан соң нөсер жаңбыр жауып жер беті тазарады.

Осындай оқиғалардан соң Иса пайғамбар (ғ.с.) жан тәсілім болады.

Шығыс, батыс және араб жазирасында жердің шөгуі:

Шығыс, батыс және араб жазирасында жер шөккен уақытта адамдар қайда барарын білмейді. Сол сәтте Йемен тарапынан бір самал жел есе бастайды. Дәл сол жел жер жүзіндегі мүминдердің жанын ешбір қинамастан алып кетеді. Осыдан соң жер бетінде тек жаман пенделер қалады. Мешіттер қиратылып, тіпті Құран кітаптың өзі қалмайды. Осыдан соң Қиямет тағы бір ғаламаты орын алады. Ол – Қағбаның қиратылуы. Хадисте:

«Қара нәсілді адам қағбаны құлатады. Дәл қазір оның қара қолдарымен Қағбаның тастарын біртіндеп бұзып жатқанын көріп тұрмын»,- делінген. (Бұхари, Мүслим риуаят етті).

Сондай бір заман келеді, тіпті нұрлы Мадинаның өзін тек жыртқыш аң мен иттер мекендейтін болады. Сол кезде Мадинаның жанынан өткен жолаушылар: «Әй, осында мұсылмандардың бір қаласы болған сияқты еді-ау»-деп айтатын болады.

Күннің батқан жерінен қайта шығуы:

Қиямет қайымның және бір белгісі – Алланың әмірімен табиғат заңдылығына қайшы құбылыс орын алып, күн батқан жерінен қайта шығады. Бұл күн жұма күніне орын алады. Күннің батыстан шыққанын көрген адам баласы сол сәт жаппай иман етіп, тәубелеріне келеді. Бірақ ол кездегі иман етулері мен жасаған тәубелері қабыл болмайды. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Күн батыстан тумай тұрып қиямет болмайды. Ол кезде барлық адамдар иман келтіреді. Алайда имандары өздеріне пайда бермейді». (Бұхари, Мүслим риуаят етті).

Соңғы белгілер мен сәттер:

 Осы жерге дейін ақырзаманның үлкен белгілерін айтып келдік. Бірақ қиямет қайымның аласапыранын көретін пенделер жаман адамдар мен иман етпеген жандар болады. Ал жүрегінде иманы бар пенделер қиямет қайымның сілкінісін көрместен бұрын жан тапсырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында былай дейді: «Алла Тағала Иемен тарапынан жібектен де жұмсақ болып тиетін бір самал естіреді. Бұл самал жүрегінде тарыдай иманы болған пенделерді бақилық етеді». (Имам Мүслим риуаят етті).

Сонымен қатар, имам Мүслим және имам Ахмад та риуаят етілген хадистерде баяндалғандай Алла Тағала Шам тарапынан суық бір жел жібереді. Осы желден жер бетінде жүрегінде иманы бар барша мүмін о дүниелік болады. Тіпті, біреулер таудың астына кіріп жасырынса да, желдің иісі арқылы бақилық болады. Ал, өзге имансыз, қара ниетті жандарға бұл желдің ешқандай әсері болмай, керісінше олар білгендерін жасап, ғұмыр кешеді. Шайтан олардың осындай ессіз сәттерін пайдаланып, оларды пұттарға табындырады. Мұның артынан көп ұзамай Исрафил сүр үрлеп, қиямет қайымның болатындығын Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтып өткен.

Қиямет үшін не әзірлігіміз бар?

Қазіргі таңда, ақырзаман болатынына сенетіні де бар, сенбейтіні де бар. Алайда, Қиямет қайым болары хақ! Тек ол қашан басталатыны жалғыз Алла Тағалаға мәлім. Ендігі мәселе – біз сол Қиямет үшін не әзірлігіміз бар? Соны ойлаған жөн.

Бір күні Омар (р.ғ.) ел аралап жүріп қаланың шетінде жер қазып жатқан бір ақсақалға кезігеді. Халифа ақсақалдан: «Уа, ақсақал не істеп жатырсыз?- деп сұрайды. Сонда ақсақал: «Жасым болса келген қарт адаммын, артымда ұрпағым жоқ. Мен өлгеннен кейін осы қабірге қояр деп өзіме қабір дайындап жатырмын», - деп жауап береді. Сонда Хазіретті Омар: «Уа, ақсақал, сіз өлгеннен кейін сізді ешкім далаға тастамайды. Өзіңізге қабір дайындағанша өзіңізді қабірге дайындаңыз!. Қияметте Алла Тағаланың алдына қандай амалыңызбен баратындығыңызды ойлағайсыз»,-деген екен.

Шал ақын (шын аты-Тілеуке Құлекеұлы 1748-1819 жж.) бір өлеңінде:

    Өлімнен құтылмассың қашсаң-дағы,

    Атадан арыстан туып ассаң-дағы,

    Алладан шыныменен жарлық келсе,

    Жұлдыз да жерге түсер аспандағы

    Жігіттер, ғибадат қыл маған нансаң,

    Намаз оқы, Алланы ойыңа алсаң… депті. Міне, осы жыр шумақтарындағы «Алладан шыныменен жарлық келсе, Жұлдыз да жерге түсер аспандағы...»,- деген өлең жолдарынан  дүниенің бір соңы бар екенін, ол күнді халқымыз баяғыдан-ақ біліп, «Заманақыр, ақырзаман, қиямет-қайым, қиямет күні...» т.б. әртүрлі атаулармен атап келгенін көреміз.

«Нұр Астана» мешітінің Бас имамы

Нұрлан Рамазанов

Қияметтің үлкен белгілері – 1

 

Бөлісу: