25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Биманова Айман: Мәңгілікке біздікі болатын тек Аллаға деген сеніміміз

Биманова Айман: Мәңгілікке біздікі болатын тек Аллаға деген сеніміміз

Мақалалар
Жарнама

«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық»      (Абай Құнанбаев. Он сегізінші қара сөзі)  

Абайдың бұл қара сөздерінің тәрбиелік мәні зор. Себебі ғылым мен білімді игеру адамның қолын бақытқа жеткізері хақ.  Бұдан бөлек ақынның көптеген қара сөздері оқырмандарын, жақсы қасиеттерді үйреніп, жаман мінезден аулақ болуға шақырады.

Абай – адамзаттың алтын қорына қазақ атынан өз үлесін қосқан ғұлама, «Отады сүю иманнан» деп, елін-жерін шын сүйген отаншыл кемеңгер. Ол халқының өніп-өсуін армандап, қайтсем кемшілігін түзеймін деп елін адал еңбекке, ғылым-білім үйренуге үндеді.

 Осындай қазақ маңдайына туылған жарқыраған жарық жұлдызы Абайды қазіргі уақытта тек қазақ халқы емес, бүкіл әлем танып, шығармаларын өз тілдеріне аударып оқуда.  

Абай Құнанбайұлы – қазақтың бас ақыны. Ол Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданындағы Шыңғыс тауының бөктерінде 1845 жылы туылған. Азан шақырып қойған есімі «Ибраһим». Анасының «Абай» деп қойған аты ел арасында көбірек тараған. Абай он жасынан  он үш жасқа дейін әкесі Құнанбай қажы салдырған Ескітам медресесінен дәріс алып, ауыл молдасы Ғалымханнан оқыған. Он үш жасқа шығарда Семейде Ахмед Ырзаның медресесінде білім алған. Медреседе оқып жүрген кезінде үш ай орысша оқыды. Ақын он бес жасында балалықты қойып, үлкендердің қатарына қосылды. Әкесі болыс болғанда, Абай серік болуға жарады. Жиырма жасында Абай ел ішіндегі белгілі шешен атана бастаған. Зерек бала қазақтың бұрынғы өткен билерінің билігін, шешендердің сөзін, көсемдерінің істеген ісі, үлгілі сөздері мен мақал-мәтелдерді игерген.

Ол жан-жақты іздене жүріп, оқи жүріп, қазақ өлеңдеріне өзгеше түр, мазмұн, ұйқас және түрлі жаңалық әкелді.

А.Байтұрсынұлының айтуынша Абай «Хақиқатты хақиқат қалыбында жазған. Хақиқатты тануға, тереңнен сөйлеуге, бойына біткен зеректіктің үстіне, Абай әртүрлі Европа білім иелерінің кітаптарын оқыған».

Абайдың мына бір өлеңінде де және қара сөзінде ақыл, қайрат, жүректі тілге тиек етеді.

                «Ақыл,қайрат, жүректі бірдей ұста,

                Сонда толық боласың елден бөлек

                Жеке-жеке біреуі жарытпайды,

                Жолда жоқ жарым есті «жақсы» демек.

                Ақыл да, ашу да жоқ,күлкі де жоқ,

                Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек

                Біреуінің күні жоқ, біреуінсіз,

                Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек.

Ақын он жетінші қара сөзінде: «осы үшеуі (ақыл,қайрат, жүрек) бір кісіде менің айтқанымдай табылса, табанының топырағын көзге сүртерлік қасиетті адам сол» -  дейді.  Демек ақын үшін осы үшеуінің бірлігі ең маңызды нәрсе болып отыр. Бұл жазбаларынан жастарға берілетін тәрбиенің орны зор болмақ. Сол сияқты ақынның қай нақыл сөздері болмасын адамға үлкен ой салып, жастарды тәрбиелеу үшін де пайдалы жақтары көп.

Сонымен қатар исламның шеңберінде өмір сүрген Абай көптеген еңбектерінде Алланы тануға, имандылыққа, адалдыққа, өсек-өтіріктен аулақ болуға, Пайғамбарымыздың (саллаллаху алейһи уа саллам) жолын ұстануға шақырып кеткен. Оны мына бір өлең шумағынан да аңғарсақ болады:

«Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ,

Мүмин болсаң, үйреніп сен де ұқсап бақ.

Құран рас, Алланың сөзідүр ол,

Тәуилін білерлік ғылымың шақ

Алланың, пайғамбардың жолындамыз,

Ынтамызды бұзбастық иманымыз

Пайда, мақтан, әуесқой - шайтан ісі

Кәні біздің нәпсіні тыйғанымыз?

Мүмин болсаң әуелі иманды бол,

Пендеге иман өзі ашады жол,

Шын илан да, таза ойла бір иманды

Мұнафық намаз қылмап па, мағлұм ғой ол...»

Ислам дініндегі басты шарттарды қамтыған кез-келген адамның мойнында, ең әуелі Жаратушысының содан кейін өзінің, отбасының және қоғам алдындағы жауапкершіліктері бар. «Шынымен де, адам баласы өзін (жауапкершіліксіз) бос қалдырылады деп есептей ме екен?» («Қиямет» сүресі, 75/36) деген мағынадағы аяттан, адам баласының жауапкершілік иесі екенін және оның жаратылу мақсаты бар екенін көре аламыз. Раббымыздың алдындағы жауапкершілігіміз ол – Оның ризашылығы шеңберінде өмір сүру, Оған иман келтіріп, намаз, ораза, зекет және қажылық сияқты құлшылықтарымызды орындау болып табылады.

Сонымен қатар жарымызға жақсы қарым-қатынаста болу, ата-анамыздың айтқандарына құлақ түру, балаларымыздың білім алуына және болашақта өзінің орнын тауып, елге пайдалы азамат не азаматша болып өсуіне, жақын не болмаса ұзақ туыстарымызға да жақсы мәміле жасауға міндеттіміз. Сондай-ақ қоршаған ортаға не болмаса қоғамға қандай да бір зиян тигізетін қылықтан аулақ болу, өзгелердің құқығын таптамау, қоғамның пайдасы үшін қызмет ету қоғам, ел алдындағы міндеттерімізден болады.

                «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

                Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.

                «Мені» мен «менікінің» айрылғанын

                «Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес.

Көп адам дүниеге бой алдырған,

                Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

                Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,

                Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?

                Кім жүрер тіршілікте көңіл бөлмей,

                Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей, 

                Міні қайда екенін біле алмассың,

                Терең ойдың телміріп соңына ермей.

Дүниеге дос ақыретке бірдей болмас,

Екеуі тап бірдей орныға алмас.

Дүниеге ынтық, Маһшарға амалсыздың

Иманы түгел деуге аузым бармас, – деген мына өлең шумақтарын оқи отырып, адам баласының иман байлығынан басқа шын мәнінде дүниеде ештемесі жоқ екенін аңғара алады. Шындығында жинап-терген дүние, мал-мүлік, айналамыздағы адамдар,  көзіміз, құлағымыз, санамыздың өзі мерзімі жеткенде бізді тастап кете баратын болады. Сонда неміз бар?

Иелік етіп, басқарып отырғандарымыздың барлығы да бір күні қолдан кетеді. Бәлкім бір бақшамыз бар шығар, бірақ ол бақшаны түнеп жүрген мысықтың өзі, сол бақшадан қорегін тауып жүрген құстар мен барлық жәндіктер де өзінің мүлкі деп ойлайтын шығар, кім білсін? Олар біздің бар екенімізді сезінсе де, бізді өздерінің иесі деп қабылдай ма екен?

Барша тіршілік иесі де, адам да тек Алланың жаратылысы екенін  білсе, сол кезде ғана бақытты бола алады. Кез-келген қиындыққа, ауыртпашылық пен өмірдегі қиындықтарға сол сәтте ғана төзе алады. Біздікі болып қалатын, мәңгілікке біздікі болатын тек Аллаға деген сеніміміз ғана.

«Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз қол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі хаққа жол емес

Дененің барша қуаты

Өнерге салар бар күнін.

Жүректің ақыл суаты,

Махаббат қылса тәңірі үшін».

Абайдың өмір, дүние, тіршілік, қоғам мен адам, адам мен билік, адам мен Алла арасындағы қарым-қатынастар, Жаратушы заңдары туралы пікірі ақиқатқа негізделгендіктен, әркез қажет дүниелер болып қала бермек.

Биманова Айман

Нұр-Сұлтан қаласы

Бөлісу: