25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ілияс пайғамбар (а.с.)

Ілияс пайғамбар (а.с.)

Пайғамбарлар (ғ.с.) тарихы

Сүлеймен пайғамбар бақиға аттанған соң, Исрайыл ұрпағы Яһуда және Исрайыл болып екі мемлекетке бөлініп кетті.

Олардың бөліну себебі таққа таласу, күпірлік пен дінсіздіктен туындады. Яһуда елі Құдыста қасиетті аманаттарды көздің қарашығындай сақтап, ел арасында діни насихат дұрыс жүргізгендіктен, олар ұзақ уақыт бойы беріктігін сақтай алды.

Алайда Исрайыл мемлекеті хазірет Мұсаның шариғатымен амал етпей, пұтқа табынып, адасып кетті. Кейбір деректерде осы пұттарының биіктігі алты аршын ұзындықта болғандығы және оның алтыннан құйылғандығы айтылады. Оның аты «Бағл» еді. Бағл – Йемендіктердің тілінде Рабб, қожайын деген мағынаны білдіреді.[1] Бұл – Көне Сами қауымдарының құдай атауы. Құранда хазірет Ілияс пайғамбардың есімі бір аятта «Илияс» деп кездессе енді бір аятта «Илиясин» деп кездеседі. Ақиқат жаршысы – Ілияс оларға Исрайыл елі адасып пұтқа табынған кездері пайғамбар ретінде жіберілді. Ол пайғамбарлығын жария етер-етпес, халық арасында пұтқа табынудан бас тартып, хазірет Мұсаның шариғатын қайтадан берік ұстануға шақырды. Олардың ата-бабаларына Хақ Тағала үлкен нығмет беріп, алпауыт ел еткенін естеріне салды. Егер осы қылықтарынан бас тартып тәубаға келмейтін болса, көп ұзамай Жаратқанның қаһарына ұшырап, бастарына пәлекет келетіндігін қатаң ескертті.

Құранда: «Әрине Ілияс елшілерімізден еді. Сол уақытта еліне: «Алладан қорықпайсыңдар ма?» – деді. «Ерекше Жаратушыны қойып, «Бағл» атты пұтқа табынасыңдар ма? Алла сендердің де бұрынғы аталарыңның да Раббы»[2], – деп, оның халқына қалай ескерту жасағаны туралы айтылады. Алайда Исрайыл халқы оның сөздеріне құлақ асқанның орнына оған қарсы шығып, аузына келгенін айтты. Сонда хазірет Илияс Хақ Тағалаға қолын жайып: «Уа, Алла! Исрайыл ұрпақтары сөзіме құлақ аспады. Олар Сенен өзгеге құлшылық етуде. Ендеше Сен оларға берген нығметіңді қайта ал», – деп дұға етеді. Сол кезде Алладан уахи келіп: «Біз олардың ризығын сенің қолыңа тапсырдық», – дейді. Хақ пайғамбар: «Уа, Алла! Ендеше оларға бұдан былай жауын берме!» – деп дұға етті. Артынша жауын тоқтап, жер бетіне бір тамшы да, жауын жаумады. Осы қуаңшылық үш жылға жалғасты. Исрайыл елінің малы жаппай қырылып, бау-бақшалары қурап, егіс даласы шөлге айналды. Олар күндер өте келе осы пәлекеттің бәрі Пайғамбарға сенбегендіктен болғандығын аңғарып Ілиястан кешірім сұрап, дініне кіріп, хақ жолға түсе бастайды. Хақ Тағала да сол шақта олардың төбелерінен төнген нәубатты алып тастап, мол жауын нәсіп етті.

Исрайыл ұрпақтары бір мезгіл тура жолда жүріп, мол байлыққа кенеліп, қорасы қойға, даласы өнімге толған шақта биттері семіріп тура жолдан тайып, есіре бастайды. Бұрынғы пұттарына табыну қайта белең алды. Ілияс пайғамбардың сөзіне құлақ асуды қояды. Хазірет пайғамбар оларға: «Сендер тура жолда боламыз, қайта пұтқа табынбаймыз» деп уағда етіп едіңдер. Қайда сол уағдаларың?» – дейді. Олар: «Осы әңгімені доғарсақ қайтеді? Біз алты аршын алтын пұтымызды қалай ғана қиып, сенің жолыңмен қашанға дейін жүре бермекпіз? Сен де бұдан былай біздің алдымызды кесуші болма» деп қоқан-лоқы жасайды. Осыдан кейін Ілияс Хақ Тағаладан бұл елден кетуге рұқсат сұрады. Алла Тағала рұқсат берген соң, ол елді тастап басқа жаққа хижрат етті. Сол жақтағы елді мекендерде Тәуратты жасырын үйрете бастады.

Кейбір деректерде Ілияс пайғамбардың ажалы жетіп өлгені айтылса, кейбір ғалымдар оның көкке көтеріліп, әлі күнге дейін бұл өмірде өмір сүріп жатқандығы айтылады. Әйтсе де ақиқаты жалғыз Аллаға ғана аян. Хазірет Ілияс өз міндетін толығымен атқарып, бұл өмірден көшкенде, Хақ Тағала сол елге хазірет Әлиасаъны пайғамбар етіп жіберді.

Материал «Пайғамбарлар тарихы» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Замахшари, әл-Кәшшаф,. 3/352

[2] «Саффат» сүресі, 125-126

Бөлісу: