25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Мұса мен Харун пайғамбар (ғ.с.) – 6 Талуттың әскері

Мұса мен Харун пайғамбар (ғ.с.) – 6 Талуттың әскері

Пайғамбарлар (ғ.с.) тарихы

Исрайыл ұрпақтары Юшадан кейін шамамен бес жүз жылдай патшалық құрып шат-шадыман өмір сүрді. Осы жылдар ішінде оларға көптеген пайғамбарлар келіп, жол көрсетіп отырды.

Дегенмен олар өздеріне келген пайғамбарларға тек қатты қысылып істері түскен жағдайда ғана бағынып, ақыл сұрап, жайшылық кезеңде оларды тыңдамады. Бағынбаумен ғана шектеліп қалмай, ақиқатты бетке айтқандары үшін көптеген пайғамбарларды өлтірді. Құранда Алла: «Біз Исрайыл ұрпақтарының берген сөзі мен кепілдігін алдық. Оларға пайғамбарлар жібердік. Қай уақытта болмасын олар өздеріне ұнамаған сөздерді айтқаны үшін пайғамбарды жақтыртпады. Кейбірін өтірікші санаса, ал кейбірін өлтіріп тастады»[1] дейді. Ақыры, бұларға пәлекет те келіп жетті. Амалика елінен Жалут[2] деген бір залым патша шығып, бұларға іркес-тіркес шабуыл жасап, қатты шығынға ұшыратты. Жалут олардың әйелдері мен қыздарын күң, ұлдарын құл етіп езіп, қанады. Исрайыл жерінің көбін басып алып, халқына ауыр салық төлетіп отырды. Жалуттан әбден зорлық-зомбылық көрген Исрайыл халқы осы бодандықтан құтылып, қасиетті жерлерін қайтарып алудың түрлі жолдарын қарастыра бастады.

Осы кезеңде Хақ Тағала оларға бір пайғамбар[3] жіберген болатын. Олар көп ойланып ақырында амалсыз өздеріне жіберілген пайғамбарға барып ақыл сұрауларына тура келді. Олар пайғамбардан: Бізге бір әділ патша сайлап бер. Алла жолында ғазауатқа шығайық, – дейді. Сонда Пайғамбар: Егер мен сендерге бір патша тағайындасам, онда сендерге соғысу, сол жолда өлу, соғыстан қашпау парыз болып қалады. Ал, күн ертең-ақ сұрапыл шайқас үстінде жаумен бетпе-бет келгенде, естеріңді жинай алмай, бытырап қашып жүрмейсіңдер ме? Сондықтан парыз етілген соғыстан қашатын болсаңдар, онда сендердің жағдайларың қазіргіден де мүшкіл болады, – дейді. Сол кезде халқы шулап: Бізге Алла жолында ғазауаттан қашып соғыспайтындай сонша не болыпты? Жалут біздің туған жерімізді басып алып, өзімізді қуып шықты. Қатын бала-шағымызды иеленді. Мұндай ит қорлыққа кімде болса да төзе алмайды ғой. Ар-намысымыз аяққа тапталып, кеудемізді кек кернеген мынау сұм заманда өшімізді алмай қалай шыдаймыз? Бүйтіп қорлықпен күн өткізгеннен, ғазауатта шайқасып өлген әлдеқайда артық емес пе? – деп ант-су ішеді. Олар пайғамбарларының алдында уағдадан таймауға осылай ант етті. Барлығы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып, кек алуға келісті. Осыдан кейін Пайғамбар оларға келген уахиды жеткізіп: Алла сендерге Талутты патша етіп тағайындады[4], – деді.

Талут хазірет Жүсіптің інісі Бунияминнің ұрпағынан тараған болатын. Исрайыл халқы арасында ұзын бойлы, еңгезердей, біртуар сымбатты жігіт еді. Алайда бұл жігіт халыққа ұнай қоймады. Олар «бізге бір патша сайлап бер» дегенде, Пайғамбар олардан «өздерің ойластырып жүрген біреу бар ма?» деп сұрайды ғой деп ойлаған еді. Бірақ іс олардың күткеніндей болмай шықты. «Қайдағы бір жалаң аяқ, жалаң бұт, мансаптан жұрдай кедейдің баласын сайлағаны несі?!» деп қатты ашуланды[5]. Исрайалдың бетке ұстарлары дереу: Ей, сенің бұрын-соңды дәл бұлай қателескеніңді көрмеп едік. Үрерге иті, сығарға биті жоқ бұл байғұс бізге қайтып қана патша бола алады?! Қайта патша болуға біздің ішіміздегі кез келген біреуіміз лайық емеспіз бе? Мансап десең мансап, дүние десең дүние бар. Төрт құбыламыз түгел адамдармыз, – дейді. Хақ пайғамбар: – Уа, халқым! Хақ Тағала осы жігітті сендерге патша етіп тағайындады. Бұл жігітке Хақ Тағала байлық бермегенімен, сол байлыққа бергісіз ілім дарытқан. Мансап бермегенімен, батырға лайық өр тұлға, күш-жігер берген. Қорасын қойға толтырмаса да, халқына пайда, соғыста айла табатын, жауының басын шабатын, кез келген қамалды алатын ақыл мен айла берген. Жаратқан Иеміз дүние-мүлікті қалағанына береді. Құдай Тағаланың рақымы шексіз, ілімі бәрін қамтыған. Ал, ендеше Талутты Алла Тағаланың патша еткендігі туралы дәлел – «сандықтың» келуі. Оның ішінде Жаратқан сендерге нәсіп еткен «сәкинасы»[6] болған көктем-көңіл бар. Һәм Мұса мен Харунның шаңырағынан мирас боп қалған бірнеше заттар бар. Сол сандықты пенделер емес періштелер алып келеді. Егер жүректеріңде иман, саналарыңда саңылау болса, сол айғақты қабыл алыңдар[7], – дейді.

Бұл сандық олар үшін аса қасиетті болатын. Алайда соғыстардың бірінде жау жағы иеленіп, хабар болмай кетіп еді. Кенет осы сандық ешкімнің көтеруінсіз-ақ ауада өздігінен қалықтап келе жатты. Бейне ұшып келе жатқандай, бірте-бірте жақындап алдарына келіп тоқтады. Олар сандықты ашып, қасиетті аманаттарды көрген соң, сол сандықтың дәл өзі екеніне көздері жетті. Осыдан барып олар Талуттың патша екендігін амалсыз мойындады[8]. Талут таққа отырысымен, дереу іске кірісіп, қол жинай бастады. Қолына қару ұстауға жарайтын еркек кіндіктің бәрінің басын қосып, жауға қарсы жорыққа аттанды. Оның қалың қолы шамамен сексен мыңдай болған еді[9]. Исрайыл ұрпақтары соғысты өз қалауымен бастаса да, соғысуға аса құштарлық танытпады. Жолда бір өзен бар еді. Сол өзеннің арғы жағы жауға берген өз жерлері болатын. Өзенге таяй бере, Талут әскеріне тоқтап дем алуға бұйырды. Өзі қалың қолдың алдына шығып: – Уа, әскерлерім! Алдымызда көлденең өзен жатыр. Арғы беті жау басып алған жерлеріміз. Алла Тағала сол өзенді біз үшін сынақ етті. Осы өзеннен өтіп бара жатып су ішуші болмаңдар. Кімде-кім ішетін болса, онда ол менің әскерім емес. Ал, суды бір қолымен ғана іліп ішкен адам менің әскерім саналады. Әскерлер ішінде әр түрлі әңгіме өрби бастады. «Осы жерге дейін қаншама жол жүріп келдік. Шыжыған күннің кейпі мынау. Судың таусылғанына да неше күн болды. Судан қаталап әрең келеміз. Енді келіп мынау қолбасшы: «Алдарыңнан өзен шығады. Бірақ одан ішуші болмаңдар», – дейді. Сонда су ішпесек, ол өзен несіне ағып жатыр? Біз қанып ішсек, өзеннің суы сарқылып қала ма сонда? Әу баста осыны бекер сайладық. «Қарадан шығып хан болмас» деген. Жауды емес бізді құртатын болды. Алдымен сол өзені құрғыр көрінсінші өзі. Сосын көре жатармыз. Кім ішіп, кім ішпейтінін». Әйтсе де араларынан «Жо-жоқ, қолбасшы айтса, бірдеңе біліп айтқан шығар. Оны бізге Құдай Тағаланың өзі басшы етіп таңдаған жоқ па? Қаталап шөлдеген адамға бір жұтым судың өзі жетіп жатыр. Одан көп ішуге болмайды» деген адамдар да болды.

Көп ұзамай алдарынан бір өзен көрінді. Өзен мөп-мөлдір болып көздің жауын ала сыңғырлап ағып жатыр. Шөлдеп кенезесі кепкен қалың қол өзенге қарай лап қойды. Олар өзенге илеудегі құмырсқадай үймелеп жатқанда, Талут ұзақтан қарап тұрды. Олар бір-бірін өзенге жапа-тармағай итермеледі. Бірі су кешсе, енді бірі суға сүңгіп, шөлдері қанғанша әбден ішіпті. «Су ішіп, сенің әскерің болмағанда біздің қай жеріміз кеміп қалады?!» деп шуласты. Олар судан мейлінше ішіп, артынан аттарын суарып болып кері шегініп, су жағасына шықты. Олар осылай дем алып тұрған шақта, су ішпей Талутпен бірге тұрған азғантай қол жаймен барып судан іліп алып бір жұтқанды қанағат тұтып кері қайтты. Бірақ олар осы кезде өздеріне не болғанын білмей қатты таңырқап тұрып қалды. Өйткені алақан толы суға шөлдері басылып қалды. Тіпті сахарадағы көрген шөлдерін де ұмытып кетті. Онымен қоймай, бойларына бұрын-соңды болмаған бір күш-қуат бітті. Жүректеріне батылдық орнады. Дәл қазір қарсы алдынан қара нөпір жау шыға келсе де, жалғыз-ақ «аттандап» шығуға әзір тұрды. Бәрі бірдей осы ғазауатта шейіт болуға құлшынып тұрды. Олар іштей «Мінеки қолбасшыға қалтқысыз бағынудың сыры! Бойға біткен бұл неткен ғажайып күш десеңізші! Дәл қазір қарсы жақтан жаудың жүз мың қолы келсе де, мына өзенді бір-ақ аттап, жауға қарсы жалғыз шапқым келіп тұр. Шіркін-ай! Қолбасшыға бағынудың сыры осы болса, Жаратқанға мойынсұнудың сыры қандай болмақ?» деп ойлап тебіреніп тұрды.

Бір кезде Талут өзеннің арғы бетіне өтіп, шабуылға шығуға әзірленуге бұйрық берді. Барлығы өтуін өтсе де, әскер ішінен «Есі ауысқан адам болса, жауға шапсын. Біз Жалутқа қарсы шығып, шыбын жанымыздан айырыла алмаймыз. Әлімізді білмейтіндей есімізден әлі адаса қойған жоқпыз», «Жалутқа қарсы тұру өзіңе өлім тілеу деген сөз», «Біз осы жерге дейін дуаланып алданып келдік. Ес жияр кез келді» деген дауыстар естілді. Ақырында, бірнеше адам қалың қолдың пікірін жеткізбек болып, Талуттың құзырына келді. Олар: – Ей, Талут! Бүгін бізде Жалут пен оның құмырсқадай қаптаған қалың қолымен шайқасатын күш-қуат жоқ. Сондықтан тірі тұрғанымызда осы жерден ары бармай кері шегінейік, – деді. Бірақ Талут соғысты олардың өздері қалағандарын және жарты жолда кейін қайтпайтындықтары туралы уәделерін естеріне түсірді. Һәм осы соғыста жеңсе әйел, бала-шағасын тұтқыннан құтқарып, жерлерін қайтарып алып, бостандыққа шығатындығын естеріне салды. Дегенмен олардың көнетұғын ыңғайы байқалмады. Соғыспайтынына да көзі жеткен Талут: – Ендеше соғысқысы келмейтіндер ана жерге барып тұрсын, – деді. Сол кезде қалың қолдың басым көпшілігі жапатармағай Талут айтқан жерге барып тұра қалды. Бұлардың бәрі де әлгінде ғана судан өлгенше ішкен сарбаздар болатын. Суды көп ішкен кезде-ақ олардың жүректеріне қорқыныш ұялап, күллі батылдықтарын сол су шайып кеткен еді.

Бұл жерде қолбасшы Талут әскерін сынақтан өткізіп, мықтыларымен ғана соғысқа шықпақ болды. Өйткені шөлге төзе білген жауға да төзе біледі. Жаумен шайқас нәпсімен шайқасудан әлдеқайда оңай. Өз нәпсісін тежей алған, жеңе білген дұшпанын қаңбақ құрлы көрмейді. Нәпсімен шайқас үлкен жиһад, кәпірмен айқас кіші жиһадқа жатады. Һәм шөлге шыдай алмай қолбасшысына бағынбаған қол жаумен шайқаста қолбасшысына тіпті бағынбайды. Әрі шайқастан бұрын қорқақтарды айырып алмаса, қызу шайқас үстінде қашса мұжаһидтердің сағын сындырумен қоймай жаудың жігерін өсіреді. Һәм шөлге қаталаған адамға суды бірден қанып ішуге болмайды. Мұндай адамның өзі де, аты да жауға қарсы тұра алмайды. Күшін жоғалтып, бойында бойкүйездік пайда болады. Әсіресе терлеп келген атты суарса, өліп кетуі де мүмкін. Оның үстіне бұл бір Хақ Тағаланың сынағы болғандықтан, суды қанып ішкендер түгелдей қауқарынан айырылған еді. Әрі ғазауатқа шыққан, өзін Алла Тағала жолына бағыштаған адамдар тек Соның разылығын ғана ойлап, өз нәпсілерін ойламау қажет. Сондықтан шөлге шыдай алмай суға жүгіргендер Алла жолында қызмет ете алмайды. Өйткені күндердің бір күні алдарынан дүние яки олжа табылса, соған беріліп орта жолда қалуы мүмкін. Һәм Исрайыл ұрпақтары өздеріне келген көптеген пайғамбарларға қарсы шыққан болатын. Соның салдарынан осындай күй кешкен еді. Енді олар есін жиған болып пайғамбарларына келіп, оған қалтқысыз бағынатындарын айтып, уағда еткен еді. Міне, Алла  Тағала олардың осы бағыныштылығы мен сабырлығын сынау үшін шөл далада бірнеше күн сандалтып, алдарынан өзен ағызып, одан ішуге тыйым салған еді. Бірақ осы сынақтан басым көпшілігі өте алмай өздерінің арам пиғылдарын әшкерелеп алды.

Қолбасшы Талут: – Енді соғысқысы келгендер менімен бірге ерсін, – деді де, жауға қарай бет алды. Ат төбеліндей ғана адам Талуттың артынан ілесті. Олардың көлемі соғысқа қатыспай қалғандарға қарағанда ат төбеліндей ғана еді. Олар кетіп бара жатып: «Өмірде небір аз топтар болған. Олар Алла Тағаланың қалауымен өте үлкен топтарға қарсы тұрып, жеңе білген. Алла сабырлық еткендермен бірге»[10], – деп дауыстады. Көп ұзамай екі жақтың әскерлері бір-бірімен бетпе-бет келді. Жалуттың қалың қолы сахарада құмырсқадай құжынады. Қару-жарақтары да өте мықты болатын. Талуттың қолы олармен салыстырғанда теңіз бен көлдің парқындай еді. Әрі соғыс құралдары да олардікіне қарағанда ескі-құсқы бірдеңелер болатын. Әйтсе де артқа шегінуге жол жоқ. Оның үстіне осы соғыста сөзсіз жеңіп шығу керек. Өйткені бұлар жеңілетін болса, онда сол аймақ пұтқа табынған Амалика елінің қолына өтеді де, тәухид діні жоғалады.

Осы сәтте Талут пен оның сарбаздары қол жайып: «Ей, Раббымыз! Бізге мықты сабырлық нәсіп ет. Табанымызды нықтап, бізге кәпір елге қарсы жәрдем ете гөр!»[11] – деп дұға етті. Аздан соң сұрапыл шайқас басталды да кетті. Шаңы аспанға көтеріліп, айнала қанға боялып жатты. Қылыштар шаң-шұң етті. Аттардың кісінеген, жаралылардың шыңғырған дауыстары төңіректі кернеп кетті. Көп ұзамай кәпірлердің құжынаған әскері біртіндеп жеңіліп кері шегіне бастады. Олар өздерінің не үшін ойсырай бастағанын сезбеді. Кенет Талуттың әскерінің арасынан бір сарбаз атылып шығып Жалутқа қарай ұмтылды. Бұл хазірет Дәуіт болатын. Ол Жалутқа қарай қол шоқпарын үйіріп-үйіріп жіберіп қалып еді, Жалут жерге құлап түсіп, тіл қатпай кетті. Қолбасшыларының жерге құлап өлгенін көрген құмырсқадай қаптаған әскерлері жарықтан қашқан тарақандай жан-жаққа бытырып қаша жөнелді...

Материал «Пайғамбарлар тарихы» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] «Маида» сүресі, 70

[2] Жалут – Мысыр мен Палестина аралығындағы Амалика елінің патшасы (Замахшари. әл-Кәшшаф. I/296).

[3] Кейбір деректерде ол жіберілген пайғамбардың Ишмуил (Самуэль) екендігі айтылады.

[4] «Бақара» сүресі, 247

[5] Сабуни, Сафуатут-тафасир, 156-157 бет

[6] Сәкина – Аллаһ тағаланың тыныштық пен ерекше жан рахатына бөлеуі

[7] «Бақара» сүресі, 247-248

[8] Сабуни, Сафуатут-тафасир, 157-бет.

[9] Ибн Әсир, 1/219..

[10] «Бақара» сүресі, 249

[11] «Бақара» сүресі, 250

Бөлісу: