25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Мұса мен Харун пайғамбар (ғ.с.) – 5

Мұса мен Харун пайғамбар (ғ.с.) – 5

Пайғамбарлар (ғ.с.) тарихы

Олар сахарада ұзақ жүрді. Бірде әлде неше күн бойы бір тамшы су таба алмай зарықты. Ақырында олар Мұса пайғамбарға: «Ей, Мұса! Мүшкіл халімізді көрдің ғой! Су табылар түрі жоқ. Хақ Тағаладан бізге жауын тіле», – деді.

Осы кезде Жәбірейіл періште келіп: «Ей, Мұса! Аса таяғыңды жерге ұр», – деді. Хақ пайғамбар «Бисмиллаһ» деп тасты ұрған кезде он екі жерден сылдырлап су аға бастады. Ол он екі рудың өкілдерін шақырып әр біріне жеке бастау бөліп берді. Олардың шөлдері қанған күннің өзінде аптап ыстыққа шыдай алмай, хазірет Пайғамбарға тағы да шағымданды. Оның дұғасын тағы Хақ Тағала қабыл алып, төбелеріне бұлт жіберіп, көлеңкелетті. Алла Тағаланың ырыс-берекелері бірінен соң бірі келсе де, исрайылдықтар шүкіршілік етуді білмеді. Бір күні тағы да келіп: «Бізге жейтін нәрсе тап», – дейді. Хақ Тағала оларға бөдене құстарын жіберді. Топ-топ болып ұшқан құстар олардың қастарында ұшып-қонып жүрді. Кез келген адам оңай ұстап, қорек етті. Хақ Тағала оларға бірінің артынан бірі нығмет жіберіп тұрды. Хазірет Мұса оларға: «Қалағандарыңша жеңдер. Бірақ сақтаушы болмаңдар», – деп қатаң ескертті. Исрайыл ұрпақтары әуелде оның сөзіне құлақ салып жүрсе де, көп ұзамай халуаны да, құстың етін де көп қылып қамбаларда сақтайтын болды. Бұл аз болғандай бір күні хазірет Пайғамбарға: «Ей, Мұса! Біз бір-ақ түрлі тамақтан жалықтық. Біз үшін Раббыңа жалбарын! Ол бізге жерден өсетін көкөніс түрлерінен қияр, бидай, бұршақ және сарымсақ шығарып берсін», – деді. Хақ пайғамбар ашуланып: «Сендер сапалы азықты сапасыз азыққа ауыстырмақпысыңдар?! Олай болса, Мысырға барыңдар, сол жерде қалағандарың бар» дейді. Исрайыл ұрпақтары уәделерін бұзып, құс пен халуаны менсінбегені үшін, Алла Тағала оларға жазасын беріп екі нығметті де тыйып тастады. Бұдан былай олардың айналасында құстар емес құжынаған шыбындар ызыңдап жүретін болды.

Аспандағы Тұр тауы

Исрайыл ұрпағы күн өткен сайын хазірет Мұсаға әр түрлі сылтаулар айтып, «бүйректен сирақ шығарып», сөздерінен тая берді. Хақ Тағаланың әмірін орындаудың орнына, тіпті пайғамбарларын атын атап шақырып, келемеждейтінді шығарды. Бір күні олар таңертең орнынан тұрып не болғанын өздері де білмей құттары қашты. Ұзақтан көрінетін Тұр тауы аспанда, тура төбелерінде қалықтап тұр еді. Олар тегіс «Ей, Мұса! Қайдасың?! Көмектессеңші!» – деп бәйек болып айқай салды. Бірінен соң бірі сәжедеге жығылып, біресе жерге, біресе көктегі тауға жалтақтап: «Айналайын Мұса! Бізді мына сұмдықтан құтқар. Жолыңда құрбан болайық, айтқаныңа көніп, айдағаныңа жүрейік. Бұдан былай саған толық мойынсұнамыз!» – деп ұлардай шулады. Сонда хазірет Мұса (ғ.с.) оларға әйгілі 10 шартын қойды:

  1. Алладан өзгеге құлшылық етпейсіңдер.
  2. Ата-анаға бағынасыңдар.
  3. Туған-туыстарыңа жақсылық жасайсыңдар.
  4. Жетімдерге қамқорлық жасайсыңдар.
  5. Кедей-кепшікке көмектесесіңдер.
  6. Адамдарға жақсы сөз сөйлейсіңдер.
  7. Намазды дұрыстап оқисыңдар.
  8. Зекет бересіңдер.
  9. Бір-бірлеріңнің қандарыңды төкпейсіңдер.
  10. Бір-бірлеріңді отандарыңнан қумайсыңдар.

Олардың бәрі жабыла ант-су ішіп, айтылғандарды бір ауыздан мақұлдады. Сол кезде аспандағы Тұр тауы бұрынғы орнына барып тұра қалды. Исрайыл ұрпақтары сенерін де, сенбесін де білмей аспанға бір, тауға бір қарап «уһ» деп терең дем алды.

Қасиетті мекен

Мұсаның (ғ.с.) мақсаты Исрайыл халқын қасиетті мекенге апарып, сол жерде жаңа мемлекет құру еді. Атасы хазірет Ибраһим де сонда өмір сүріп, сонда жерленген болатын. Қасиетті жерде Әриха, Нәблус, Құдыс деген үш үлкен қала бар еді. Хақ пайғамбар бастаған ұлы көш ұзақ уақыттан кейін Әриха қаласының маңына барып қоныстанды. Хақ пайғамбар он екі рудан он екі адам таңдап алып, қаланы бақылап келуге жіберді. Оларға: «Сол жерде көрген ұнамсыз нәрселерді тек өзіме ғана айтыңдар», – деп қатаң ескертті. Он екі адамнан Юша ибн Нун мен Кәлиб ибн Юфанна деген екі адам ғана көрген ұнамсыз нәрселерін Мұса пайғамбардың өзіне ғана айтып, халыққа қаланы алу оңай екендігін паш етті. Әйтсе де қалған он адам өз руларына барып: «Ол жердегі адамдар өздерінен екі есе үлкен, қолдары күректей, жауырындары қақпақтай, біздің бірнеше адамымыз олардың бір адамына ғана шамасы келеді», – деп, жүректеріне қорқыныш ұялатты. Мұса пайғамбар (ғ.с.) елін жинап алып: «Уа, халқым! Алланың сендерге берген нығметін еске алыңдар! Өз іштеріңнен пайғамбарлар шығарды, әрі сендерді патша етті. Сондай-ақ сендерге әлемде ешкімге берілмеген нығметін берді», – деген соң, «Уа, халқым! Бізге Хақ Тағала перғауынды теңізге батырып, азаттық нәсіп етті. Ол бізден Қасиетті жерге кіріп, сол жерде жаңа мемлекет құруымызды қалайды. Ол жер біздің ата-бабаларымыздың қоныстанған жері», – дейді.

Исрайыл халқы осы жерде өздерінің қыңыр мінездерін тағы да көрсетіп: «Ей, Мұса! Ол жерде зорлықшыл ел бар. Олар ол жерден шықпайынша, біз онда әсте кірмейміз. Олар кеткенде ғана кіреміз», – дейді. Осы кезде олардың араларынан Юша ибн Нун және Кәлиб ибн Юфанна суырылып шығып: «Қаланың ең осал жері саналған қақпадан ішке жасырын кіре алатын болсақ, оларды жеңу оңай, оның үстіне Хақ Тағала бізді қорғайды», – деп халықты жігерлендіруге тырысты. Осыған қарамастан, Исрайыл халқы басқа он барлаушының сөздерінен жүректері шайлығып қалғандықтан, әрі жылдар бойы перғауынның қол астында бодан болып, жігерсіз құл болғандықтан, рухы ояна қоймады. Һәм басты себеп, олардың имансыздығы мен өлімнен қорқулары еді. Өйткені олар әлі күнге дейін «Ей, Мұса, «Раббыңа айт», «сенің Раббың» деп келген еді.

Хазірет Мұса да оларға көп насихат айтып батылдандыруға тырысып баққанмен, олар күн сайын кері кетіп, ең соңында: «Ей, Мұса! Әлгі еңсесі биік, жауырындары қақпақтай, алақандары күректей, дауыстары жер жарған, түрі құбыжық тәрізді адамдармен соғыспақ тұрмақ сол қаланың маңына да жолай алмаймыз. Олардың біреуінің өзі онымызды жерге жығып, жүзімізді жарға құлатар. Қаланы аламыз деп олардың табандарының астында тапталып өлгенше, шыбын жанымызды қорғап сахарада тыныш жүргеніміз әлдеқайда жақсы. «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық» деген осы. Бізде олармен алысар айла, күресер қауқар жоқ. Мықты болсаң, Раббыңмен бірге бар да, өзің-ақ соғыс. Біз осы жерде сендерді күтіп тапжылмай отырайық»[1], – деп арам ойларын хазірет Мұсаның алдына жайып салады.

Олардың мына сөздері Мұса пайғамбарға (ғ.с) үлкен соққы боп тиді. Қаншама жылдан бері барлық қиыншылықтарды жеңіп мақсатқа жетуге бір қадам қалғанда, олар: «Біз бұдан әрі бір елі жылжымаймыз», – деп пайғамбарларына опасыздық жасады. Егер осы кезде баяғы сиқыршылар болғанда, олардың осы опасыздықтарын ашық айтып, беттеріне түкіріп, Пайғамбарларына қарап: «Уа, қасиетіңнен айналайын ұлы Пайғамбар! Басқан ізіңе, сөйлеген сөзіңе, жүрген жолыңа сен үшін қашанда жанымызды пида етуге әзірміз. Осы күнге дейін жаныңда жүріп кәусардай сарқылмас сөздеріңе қанып, күндей жарқыраған мүбәрак жүзіңді тамашалап келдік. Күндіз өңімізде көрсек, түнде түсімізден шыққан емессің. Әйтсе де ғажайып қасиетіңе тәнтіміз. «Бір адам таққа қонса, қырық адам атқа қонады» деген. Сен жиһадқа шақырсаң, біз ақтық деміміз қалғанша соғысуға бармыз. Сенің жолыңда соғысып, шейіт болу біз үшін қол жетпес арман. Бір кездері теңізді қақ айырып, Тұр тауын бастарына көтерсең де, иманы қоғаның шоғындай мына елден не үміт не қайыр. Біздің санымыз аз болса да, саған еруге татимыз», – дер еді. Алайда, олар әу баста Мысыр халқына «Бұл пайғамбардың айтқаны ақиқат. Оған дәлеліміз – оның жолында жанымыз пида», – деп, өз міндеттерін толық орындап барып шейіттік шәрбатын ішкен болатын.

Хақ пайғамбар олардан үмітін үзген соң қолын жайып: «Я, Раббым! Мен сөзімді өзіме және бауырыма ғана өткізе аламын. Бұзақы елден арамызды ажырата гөр!»[2] деп дұға етіп жалбарынады. Алла Тағала оның дұғасын қабыл етіп, Исрайыл ұрпақтарын жазалап, қырық жыл бойы «Тиһ» деген сахарада адастырып қояды. Олар күні-түні жүрсе де, сол сахарадан шыға алмайды. Кейде түнімен жүріп отырып, таңертең қарағанда, батыс емес шығысқа қарай, шығысқа қарай жүрсе, батысқа қарай бұрылып, адасып, сол сахарадан жол таба алмай, қырық жыл сандалады. Осы қырық жыл ішінде хазірет Мұса сол елдің жаңа туған сәбилерін өзі тәрбиелейді. Бірақ оның қасиетті жерге бастап баруға өмірі жетпей оның ісін Юша жалғастырады.

«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан жаңа» дегендей, иманы аса мықты, перғауынның қиыншылығын да, сахарада дүниенің ләззатын да көрмеген, тек Хақ Тағаланы ғана ойлап күн кешкен, жүз мыңдаған жауға жалғыз өзі шапқанда «селт» етіп сескенбейтін, өлімді мәңгілік бақытқа, Хақ Тағалаға қауышу деп айқын сенетін сол бір қырыққа келіп қыннан шыққан қылыштай жарқылдаған жігіттер Юшаның бастауымен көп ұзамай қасиетті жерлерді басып алады. Мұсаның (ғ.с.) Юшаға аманат етіп кеткен өсиетін орындайды. Ал, хазірет Мұса пайғамбар сол күндерді көре алған жоқ. Бірде ол бір төбенің басына шығып талай жыл армандаған қасиетті жерлерге қасіретке толы сағынышпен ақырғы рет көз тастап ұзақ қарады. Өйткені ажалы жақын еді. Бауыры Харун пайғамбар да бұдан бір жыл бұрын қайтыс болған. Енді, міне, мұның да ақыретке көшер сәті әні-міне дегенше келіп те қалған. Мүмкін ол осы кезде «міндетімді толық орындай алдым ба?» деп ойланған да болар. Әйтсе де Хақ пайғамбар өзіне тиесілі міндетін толықтай орындады. Одан кейінгісін орынбасары Юша жалғастыруы тиіс еді. Кейбір деректерде хазірет Мұса жалғыз өзі сахарада жүрген кезінде қайтыс болып, оның жаназасын періштелер шығарып жерлегені туралы айтылады.

Материал «Пайғамбарлар тарихы» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] «Маида» сүресі, 24

[2] 8 «Маида» сүресі, 25

Бөлісу: