25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сөйлеу ерекшелігі

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сөйлеу ерекшелігі

Пайғамбарлар (ғ.с.) тарихы

Ардақты Айша анамыз (р.а.) былай әңгімелейді:

«Алла елшісі түсінікті тілмен анық та қанық, әрі жатық сөйлейтін. Айтқысы келген ойын жаймен түсіндіретін. Ден қойған адам оның аузынан шыққан сөзде қанша дыбыстың барын да ажырата алар еді. Ол ешқашан асығып сөйлеген емес».

Әбу Һұрайра былай әңгімелейді: «Расулалланың: «Жауамиул – кәлиммен (Аз сөзбен көп мағына білдіретін сөздер) жіберілдім. Көз ұшынан қас дұшпанымның құтын қашыратын қабілетім бар. Ұйықтағанда төрткүл дүниенің төріне жазылған қазыналарының кілттері қолыма берілді», – деп күбірлегенін естідім».

Алланың елшісі және сахабалардың көркем мінезі мен әдеттері

Алла елшісі әрдайым күлімсірейтін Хазірет Айша былай әңгімелейді: «Алла елшісінің тістерін ақситып, шері тарқап, шегі қатқанша күлгенін көрмеппін. Ол тек күлімсірейтін».

Әміре (р.а.) былай әңгімелейді: «Айша анамыздан Расулалланың оңашада әйелдеріне қалай қарайтынын сұрадым. Хазірет Айша: «Сендерге күйеулерің қалай қараса, ол да солай қарайтын. Бірақ ол адамдардың ішінде ең жомарты еді және ұдайы күлімсіреп жүретін», – деді».

Абдуллаһ ибн Мәсғуд былай әңгімелейді: «Алла елшісі былай деді: «Жаһаннамнан елдің соңынан шығатындарды білемін. Тамұқтан сүйретіліп шыққан біреуге: «Жәннатқа кір!» – деп айтылады. Ол жаннаттың толы, бірде-бір бос орын қалмағанын көріп, ұнжырғасы түсіп кері қайтады. «Басқалар жәннаттағы барлық орындарды алып қойыпты, маған орын жоқ», – дейді. Оған «Дүниедегі жағдайың есіңде ме?» – деп сұрақ қойылады. Ол: «Иә», – дейді. «Олай болса, қалағаныңды сұра», – дейді. Ол қалағанын сұрайды. Осыдан кейін оған: «Саған сұрағаныңның он есесі берілді», – деген кезде, ол «Мені мазақ қылып тұрсыңдар ма? Сұлтан мазақ етуші ме еді?» – дейді сенер-сенбесін білмей. Алла елшісі осы оқиғаны айтып жымиды».

Алла елшісінің бір кедей адамның әрекетіне күлуі

Әбу Һұрайра (р.а.) былай әңгімелейді: «Бір кісі Расулаллаға келіп: «Уа, Расулалла, мен құрыдым. Рамазанда әйеліммен жақындасып қойдым», – деді.

Алланың елшісі: «Бір құл азат етуің керек», – деді. Әлгі адам: «Ондай мүмкіндігім жоқ қой», – деді.

Расулалла: «Олай болса, араға күн салмай екі ай ораза ұста!» – деді. Ол: «Бұған да шамам жетпейді», – деді. Пайғамбарымыз: «Онда алпыс жарлының қарнын тойғыз», – деді. Әлгі адам: «Бұған да шамам жетпейді», – деді. Сол кезде Расулаллаға сырттан бір себет құрма келді. Алланың елшісі манағы адамға: «Мына құрманы садақа етіп тарат», – деді. Әлгі адам: «Менен өткен кедей бар ма? Аллаға ант етем, Мәдинаның мына екі қара тауының арасында бізден өткен кедей үй жоқ!» – деді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) адамның мына жауабына маржандай тістері жарқырап жымиды. Сөйтті де оған: «Жарайды, бұл құрманы өздерің тауысыңдар», – деді».

материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: