25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Иса пайғамбардың 6 мұғжизасы

Иса пайғамбардың 6 мұғжизасы

Пайғамбарлар (ғ.с.) тарихы

Мәриәм ұлы Иса (ғ.с.) яһудилерге жіберілген  пайғамбар. Сонымен қатар, Құран Кәрімде аты аталған жиырма бес пайғамбардың бірі. Иса (ғ.с.) яһуди қауымына өзіне дейінгі иләһи кітаптарды растаушы Інжіл кітабын әкелді.

Оның анасы Мәриәм (ғ.с.) сол замандағы ел арасында беделді саналған Имран әулетінен шыққан өте құдайшыл, тақуа әйел кісі еді. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Әй Мәриәм! Шәксіз, Алла сені таңдады, тазартты және әлемдегі әйелдерден ардақты қылды»[1], - деп, Алла Тағала періштелер арқылы Мәриәмнің (ғ.с.) артықшылығын баян етеді.

Расында, Иса пайғамбар осы дүниеге мұғжизамен келді және мұғжиза[2] болып Аллаға қайтты. Олай болса, әрі қарай Иса (ғ.с.) пайғамбардың негізгі деген 6 мұғжизасын жеке-жеке, қысқа қайырып қарастырып өтсек.

Өмірге келу мұғжизасы

Мәриәм (ғ.с.) бір күні оңаша қалған кезде, оған адам бейнесінде Жәбрәйіл (ғ.с.) келіп, Алладан келген хабармен сүйіншілейді. Жәбірәйіл періште Мәриәмға: «Мен саған бір таза бала беруге жіберілген Раббыңның елшісімін»[3], - дейді. Сонда «Мәриям: «Маған бір адам жұғыспаса, маған қалайша бала болады? Сондай-ақ суық жолда болмасам» деді»[4], - деп, Мәриәм (ғ.с.) таң қалады. Ал, Алла Тағала жоқтан бар ету, еш қиындық тудырмайды. Өйткені, «Ол (Алла), бір істің болуын қаласа, тек қана оған “бол” дейді. Сонда ол, бола қалады»[5]. Осылайша, Алланың кереметі орын алып, дүниеге пәк анадан, пәк перзент келеді. Және бұл Иса (ғ.с.) пайғамбардың бастан кешкен алғашқы мұғжизасы болып саналады.

Бесікте жатып, тілге жан біту мұғжизасы

Иса (ғ.с.) пайғамбардың тағы бір мұғжизасы, нәресте болған шағында, Алланың қалауымен тіліне жан бітіп сөз сөйлейді. Бұл мұғжиза Құран Кәрімде былай деп келтіріледі: «Сонда (Мәриәм) баланы көтеріп еліне келді. Олар: «Әй, Мәриәм! Расында сен өрескел бір нәрсе келтірдің» деді. «Әй, һарұнның қарындасы! Әкең де жаман кісі емес, шешең де жаман жолда емес еді». Мәриям баланы көрсетті. Олар: «Бесіктегі бір бөбекпен қайтып сөйлесеміз?»,- деді. (Бала): «Рас мен Алланың құлымын. Маған кітап беріп, пайғамбар қылды» деді. «Сондай-ақ мені қайда болсам да құтты етті де, тіршілігім бойынша намазды, зекетті орындауға бұйырды». «(Мені) шешеме мейірімді етіп, бір зоракер және қиқар қылмады». «Маған туылған күнімде, өлер күнімде және тірілтіліп, тұрғызылатын күнім де амандық болады»[6]. Міне, осы аяттарда айтылғандай, Иса пайғамбар Алланың құдіретімен қауымына мұғжиза көрсетіп, кішкентай сәби күйінде 1 сөз білмесе де, Алланы мадақтап, анасын қорғаштап, тілімен сөз сөйлейді.

«Інжіл» - мұғжиза

Құран Кәрімде: «Және пайғамбарлардың ізінше өзінің алдындағы Тәуратты растаушы етіп, Мәриям ұлы Исаны жалғастырдық. Әрі оған ішінде туралық, нұр болған алдындағы Тәуратты бекітуші сондай-ақ сақтанушылар үшін тура жол, үгіт түрінде Інжілді бердік»[7], - делінген. «Інжіл» сөзінің мағынасы «ізгі хабар» дегенді білдіреді. Біраз адасуышылыққа ұрынып, рухани тоқырауға тап болған Исраил ұрпақтарын қайтадан туралыққа, ізгілікке бастау үшін, Алла Тағала Иса пайғамбар арқылы мұғжиза етіп Інжілді жібереді. Алла Тағала жіберген Інжіл кітабының келуімен қалың ел тура жолға қайта оралып, тәубе етсе, енді тағы біреулер ақиқаттан бас тартып, Иса пайғамбарға, оны Елші етіп жіберген Аллаға, кітабы Інжілге қарсы шығады, мойындамайды, сөйтіп күпірлік етеді. Құран Кәрімде: «Олар (яһудилер Исаны өлтіру үшін) айлакерлік істеді, Алла да амалын тапты. Алла тәсілшілердің жақсысы»[8], - делінген.

Иса (ғ.с.) пайғамбардың дастарханы

Иса пайғамбар өзінің соңынан ергендерге тура жолды нұсқап, Алланы ұлықтап, дінді жайып уағыздайтын еді. Иса пайғамбарға алғашқылардың бірі болып, толық мойындап, оған ергендер – хауарилер еді. Дегенмен, Иса пайғамбардың соңынан ере тұрып, күмәнмен қарайтындар да аз болмайтын. Міне, солар Иса пайғамбардан үнемі табиғи заңдылықтардан тыс, жоғары тылсым бір әрекет жасап беруін сұрап отыратын. Сондай оқиғалардың бірі Құран Кәрімде: «Сонда хауарилерге: «Маған әрі елшіме сеніңдер» - деп білдірген едім. Олар: «Біз сендік, шынайы мұсылман болғанымызға куә бол», - деген-ді. Сол уақытта хауарилер: «Ей, Мәриәм ұлы Иса Раббың бізге көктен бір дастарқан түсіре ала ма?» - деді. (Иса): «Егер иман келтірсеңдер, Алладан қорқыңдар», - деді. Хауарилер: «Біздің одан жегіміз келеді. Жүректеріміз орнықсын әрі сенің бізге шын айтқаныңды білейік. Сондай-ақ, оған куә болушылардан болайық», - десті. Мәриям ұлы Иса: «О, Алла! Раббымыз! Бізге көктен дастарқан түсір! Әуеліміз бен соңымызға мереке әрі Сенен бір белгі болсын. Бізді ризықтандыр! Сен ризықтандырушылардың ең Абзалысың», - деді. Алла: «Күдіксіз Мен ол дастарқанды түсіремін. Сонда, егер одан кейін сендерден кім қарсы келсе, шынайы түрде Мен оны дүниеде ешкімді азаптамаған азаппен азаптаймын», - деді»[9], - деп келеді.

Иса (ғ.с.) пайғамбардың емдеу қасиеті

Иса (ғ.с.) яһудилерге пайғамбар етіп жіберілуі алдын, жер бетінде медицина саласы қатты дамыған болатын. Жазылмайтын ауру, емделмейтін кесел болмайтын. Алайда, кейбір ауыр халдегі науқастарға керемет менмін деген емшілердің өздері жәрдем бере алмаған сәтте, Иса пайғамбар Алланың қалауымен ол ауруларды сауықтыратын. Тіпті өлген жанды қайта тірілтетін еді. Бұл мұғжиза туралы Алла Тағала былай дейді: «Әй Мәриям ұлы Иса! Саған әрі анаңа берген нығметімді есіңе ал. Сол уақытта сені Жәбірейіл арқылы қуаттаған едім. Бесікте және ержеткенде адамдармен сөйлесуші едің. Саған Кітапты, даналықты, Тәурат, Інжілді үйреттім. Және сол уақытта Менің бұйыруыммен балшықтан құстың бейнесі құсаған жасап, оның ішіне үрлегеніңде бұйыруыммен құс болатын еді. Және бұйыруыммен іштен туған соқырды да, алапесті де жазатын едің. Және бұйыруыммен өлікті (тірілтіп) шығарар едің. Және сол уақытта Израил ұрпақтарына ашық дәлелдермен келгеніңде, олардың қарсы шыққандары: «Бұл ашық жадыдан басқа еш нәрсе емес» дегенде, сені олардан қорғаған едім».

Иса (ғ.с.) пайғамбардың аспанға көтерілуі

Құран Кәрімде бұл мұғжиза былай баян етіледі: «Ол кәпірлер: «Біз Алланың елшісі Мәриәмұлы Иса Мәсихті (ғ.с.) расында да өлтірдік», - деп айтқаны үшін (Алла оларға қаһарын төгіп, жүректерін мөрлеп тастады). Алайда олар оны (Иса пайғамбарды) өлтіре де алмады, айқышқа керіп аса да алмады. Бірақ олардың көзіне солай көрінді (негізінен өлтірілген басқа біреу еді). Расында Иса (ғ.с.) жайлы сөз таластырғандардың да бұл мәселеде күмәндары бар. Олар бұл мәселені нақты білмейді, тек жорамалға сүйенеді. Шүбәсіз, олар оны (ғ.с.) өлтіре алмады. Керісінше, Алла оны Өз құзырына көтеріп әкетті. Алла аса үстем, аса дана. Кітап иелерінің қайсыбірі болмасын өлместен бұрын оған (яғни, Иса пайғамбарға) иман келтіреді. (Алайда жан алқымға келгенде айтылған бұл иманның оларға пайдасы болмайды, оның себебі) Иса (ғ.с.) қиямет күні оларға қарсы куәгер болады»[10].

Берікбол ЖАНАҚ


[1] «Әли Имран» сүресі, 42-аят.

[2] Діни ұғымда табиғат заңдылығынан тыс, адам мүмкіндігінен жоғары, уақыт пен мекенге тәуелсіз жүзеге асатын Алланың пайғамбарларға берген кереметі. Мұғжизаның негізгі белгілері – ол пайғамбарлардың қалауымен, Құдайдың құдіретімен орындалады. Мұғжиза – бүкіл дүние жаратылысты, табиғат күштерін, құбылыстарды, ішкі табиғи заңдылықтарымен қоса жаратып, толықтай меңгеретін Алланың сол табиғи заңдылықтардан тыс, жоғары тылсым, өзінің ғана тікелей, әмірімен, ғылымымен жүзеге асыратын құдіреті.

[3] «Мәриәм» сүресі, 19-аят.

[4] «Мәриәм» сүресі, 20-аят.

[5] «Мәриәм» сүресі, 35-аят.

[6] «Мәриәм» сүресі, 27-33 аяттар.

[7] «Мәида» сүресі, 46-аят.

[8] «Әли Имран» сүресі, 54-аят.

[9] «Мәида» сүресі, 111-115 аяттар.

[10] «Ниса» сүресі, 157-159-аяттар.

Бөлісу: