26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Исра және миғраж мұғжизалары

Исра және миғраж мұғжизалары

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Хижреттен бір жарым жыл бұрынғы рәжәп айының жиырма жетінші түні. Осы түні пайғамбарымыздың ең үлкен муғжизасы – Исра мен Миғраж жүзеге асты. Жәбірейіл періште Мұхаммедті ﷺ Харам мешітінен алып, пыраққа отырғызған күйі Ақса[1] мешітіне алып келді. Сол жерден көк жүзіндегі керемет тылсымдардың және Алла Тағаланың құдіретін көрсететін айғақтарды бір-бірлеп көрсету мақсатымен ғарыштың әрбір қабатына жоғарылатты.

Сидратул-Мунтаһа деп аталатын ең жоғарғы қабатта мекен, мерзім ұғымдарынан тыс ұлы Жаратушы Алла Тағаламен жолығып, керемет кәламын есту құрметіне ие болды. Сол түні құдіреттің арқасында көз ілеспес жылдамдықпен келген жеріне қайта оралады.

Алла Тағаланың сүйікті Елшісінің бұл мұғжизасы жайлы Құран Кәрімде төмендегідей баяндалады: «Оған кейбір аяттарымызды (мұғжизаларымызды) көрсетейік деп Құлы (Хазіреті Мұхаммедті) бір түнде Харам мешітінен (алып) айналасын берекетке толтырған Ақса мешітіне дейін жеткізген Алла Тағала кемшілік атаулыдан пәк. Күмәнсіз Ол (Алла Тағала) бар нәрсені естуші, бар нәрсені көруші». Осы аятта Исра мен Миғраж муғжизасының тылсымына, яғни сүйікті Пайғамбарымызға Алла Тағаланың құдіретін сипаттайтын таңғажайыптардың көрсетілуіне меңзелген.

Исра және Миғраж муғжизасы құпияға толы. Алла Тағаланың құдіретімен бұл муғжиза барысында Хазіреті Мұхаммед уақыт пен кеңістік ұғымынан сыйырылған, яки адам ақылына сыймайтын таңғажайыптарға куә болған. Аталмыш муғжиза жайын сахабалар Пайғамбардан естіген күйінше ауыздан ауызға ақтарған.

Бес уақыт намаздың парыз болуы

Пайғамбарымыз ﷺ Миғраж түні бірқатар иләһи сый-құрметке ие болып, ілтипат көрді. Иман ақиқаттарын көзімен көріп, періштелерді, жәннатты, ақыретті тамашалап, тіл жетпес көркемдіктердің куәгері болды. Осы түні берілген ең маңызды сый: Бақара сүресінің соңғы аяттары (Амәнәр-расулу), Аллаға ортақ қоспаған құлдың жәннатқа кіретіндігі жайлы сүйінші хабар және бес уақыт намаз.

Муминдерге күніне бес мәрте намаз оқу сол кезден бастап парыз. Бұл – Миғраждың үлкен сыйы. Пайғамбарымыздың Исра және Миғраж муғжизасын мүшріктерге баяндауы Жәбірейіл періштенің бастауымен пыраққа мініп көк жүзіне көтеріліп, теңдессіз құрметке – Алла Тағаланың баянына тікелей куә болған соң сол түні-ақ Хазіреті Мұхаммед ﷺ Қағбаға қайта оралады. Көңілін кернеген шаттық ақиқатты, Миғраж сапарын құрайыштарға тезірек жеткізуге итермеледі. Алдымен ет жақындарына басынан өткергендерін айтып, сонан соң жалпы жұртқа баяндамақ болады. Бірақ Әбу Тәліптің қызы Үммүхани алдын орағытып: «Айта көрме, оларға. Халық сенбегенімен қоймай, сені өтірікші деп ренжітеді», - деп жанашырлық білдіреді. Бірақ Мұхаммед ﷺ қалың қауымға шындықты жеткізгенше асықты. Халықтың алдына шығып Миғраждан хабардар етті. Оның айтқандарын аңтарыла тыңдаған халық жан-жақтан қаумалап: «Уа, Мұхаммед ﷺ! Бізді кімге санайсың? Егер осы айтқандарың рас болса, дәлелің қане? Біз бұрын-соңды мұндай сұмдықты естіген емеспіз», - деп шулады. Алла Елшісі: «Дәлелдерім мынау, құлақ қойып тыңдаңдар. Пәлен рудың түйе іздеген жоқшыларын пәлен жерде жолықтырдым. Олардың түйелерін қай жерде көргенімді айтып, өзім Шамға қарай бет түзедім. Қайтар жолда Дабханан деген жерде пәлен руды тәтті ұйқы құшағында көрдім. Солардың аузы жабық тұрған су құйған шелегін ашып, ішіндегі суды іштім де, қайтадан дәл сөйтіп жауып кеттім. Тағы бір айғақ Тәнғим жотасында бір топ құрайышты көрдім. Ең алда қара түйе келеді. Үстінде бір қара, бір ала қап бар» - деді.

Халық сөздің ақырын күтпестен биік төбеге қарай лап қойды. Шынында да Меккеге жақындап қалған бір топ құрайышты көрді. Алдарында екі қап артылған түйелері бар екен. Онан кейін келгендердің су құйған бақырашын ашқызып көріп, тағы да таң қалысты. Басқа дәлелдерді де зерттеп, сұрастырып, нақтылады. Соның бәріне көздері жеткенімен көңіл көздерінің көр соқырлығы олардың иман келтіруіне кедергі келтірді. Мүшріктердің сенімсіздік тaнытyы Исра мен Миғраж муғжизасына сенбегендерімен қоймай, мүшріктер қайтсек, қай жерден ши шығарамыз дегендей Хазірті Мұхаммедке ﷺ әр қилы сауал қойып, мазалауларын тоқтатпады. Біреулері: «Меккеден түйенің ең таңдаулысын мініп жолға шыққанның өзінде Шамға бару-қайту екі ай алады. Бір түнде барып келдім деуі ылғи-шылғи өтірік» десе, екіншілері, бұған дейін Ақса мешітінде болғандары: «Көргенің рас болса Ақса мешітін суреттеп берші», - деп құйғытты. Пайғамбарымыз ﷺ: «Әрине, бардым» - деп жауап береді өзіне нық сеніммен. Хазіреті Мұхаммед ﷺ онан кейін болған жайды баяндады: «Әйтеуір бір сәйкессіздік табамыз деп, мүшріктер менен ойларына келгенін сұрап, әбден мезі етті. Сол кезге дейінгі мазалағандары түк емес пе деп қалдым. Ұлы Жаратушы Алла Тағалам Мені қиындықта жалғыз тастамады. Ақсадағы қасиетті мешітті суреттеп беруді сұрағанда, Алла Тағала көзімнің алдына мешіттің бейнесін толық әкелді. Соған қарап тұрып сұрағандарын айтып шықтым. Неше есігі бар екенін санау ойыма да келмеген еді. Мүшріктер оны да сұрады. Көз алдымдағы елестен санап, түр-түсіне дейін тәптіштеп айттым». Мүшріктер айтарға сөз таппай: «Айтқандарының бәрі дұп-дұрыс», - деп бас шайқасты. Бірақ өкініштісі, сонда да иманға мойын бұрмады.

Хазіреті Әбу Бәкірдің құптауы

Меккеліктер арасында көңілдері Исламға бұра тартқанмен, Миғраж оқиғасына күмәнмен қарағандар да бар. Осы таңғажайыпты ести сала олар жұбын жазбастан Хазіреті Әбу Бәкірге келді: «Уа, Әбу Бәкір! Жан жолдасың Мұхаммедтен ﷺ хабарың бар ма? Ол бүгін түнде Ақса мешітіне барғанын, көкке көтеріліп намаз қылып, Меккеге қайта оралғанын айтады» - деді. Хазіреті Әбу Бәкір: «Осының бәрін Мұхаммедтің ﷺ өз аузынан естідіңдер ме?» Келгендер: «иә» деп жауап берді. Хазіреті Әбу Бәкір: «Уаллаһи, егер ол айтқан болса, шәк келтірулерің орынсыз. Оның сөзінде зәредей күмән болуы мүмкін емес, маған сеніңдер» - деді де, сол бойда Расулуллаға барды. «Уа, Расулулла! Сен халыққа бүгін түнде қасиетті Ақсаға барып келгеніңді хабарладың ба?» - деп сұрады. Хазіреті Мұхаммедтің ﷺ «иә» деуі мұң екен, Хазіреті Әбу Бәкір: «Сен айтсаң – шындықты айтасың. Мен сенің Алланың хақ Елшісі екеніңе куәмін» - деді. Хазіреті Мұхаммед ﷺ: «Әзіз досым! Сенің сыддық екенің онсыз да мәлім» - деді. Сол күннен бастап Хазіреті Әбу Бәкірдің атына Сыддық сипаты қосыла аталатын болды…

Сыддық – шүбәсіз растаушы дегенді білдіреді…  Исра сүресінде (9- 12) Миғраж жайлы баяндалады.

Өзге тайпаларды Исламға шақыру

Алла Елшісі тайфтықтардың ынсапсыз шабуылынан, айуандық әрекеттерінен соң Меккеге қайта оралғанда мүшріктердің мазағы мен азабына ұшыраса да иман мен Ислам ақиқаттарын айтудан, халықты турашылдыққа, Аллаға илануға шақырудан бір сәт те кейін тұрмады…

Киелі қызметін қажымай-талмай жалғастыра берді. Қиындық көріп, қорланған сайын жігерін жани түсті. Алла жолына үндеуде өзін қолдаушылардың қатарын арттыруға мән берді. Осы мақсатпен қажылық маусымында Меккеге шартараптан ағылып келіп жататын араб тайпаларын аралап, уағыз айтуға шықты. Тайпа басшыларының қай-қайсысы да әрқилы сылтау айтып, Исламды ә дегеннен мойындаудан бас тартты. Көптің ішінен иман келтіруге ұмтылғандар шыға қалса, солардың өзіне ерік бермей, қысым жасағандар да кездесті. Кейбір тайпалар иман жайын тыңдамақ түгілі Хазіреті Мұхаммедке орынсыз әзіл айтып, қалжыңдады. Әрине, бұл арада мүшріктер де қол қусырып қалған жоқ. Расулулланың басқан ізін аңдыды. Шеттен келгендердің мұсылмандықты қабылдамауында мүшріктердің үгіт-насихатының да үлесі болғаны жасырын емес. Алла Расулы белгілі маусымдарда ұйымдастырылатын Уқаз, Мәжанна, Зулмәжаз жәрмеңкелерін аралап, жан-жақтан арнайы келген адамдармен кездесіп, Құран оқып оларды Исламға шақыру міндетін абыроймен атқаруға кірісетін.

Ол қасиетті мақсатын уағыздап халық арасына шықса-ақ болды, Әбу Ләһаб артынан жүріп отырып «Мұхаммед ата-бабамыздың жолынан шығып, дінінен безген тексіз. Осы жүзіқараның сөзі не, өзі не? Құлақ қоймаңдар оған, алданбаңдар» - деп пасық пиғылын жария ететін. Пайғамбарымыз көбінесе ру, тайпа басшыларымен жолығып, соларға насихат айтып, Исламдағы ізгіліктерді саналарына сіңіруге күш салатын. Өйткені, тайпалардың қарапайым халқы басшыларын ерекше сыйлап, құрметтейтін, олардың бір ауыз сөзін жерге тастамайтын. Сондықтан алдыңғы толқынның иманға келуі бүкіл тайпаның мұсылмандықты мойындауына сеп болатын.

Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Иерусалимдегі қасиетті мешіт. Пайғамбарлардың ежелгі ғибадатханасы. Бәйтул-Мақдис деп те аталады. Жер жүзіндегі тұңғыш құрылыс Қағба болса, екіншісі осы Ақса мешіті.

Бөлісу: