26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бос уақытын қалай өткізген?!

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Біле білгенге уақыт, ол – мүмкіндік. Адам мүмкіндікті дер кезінде пайдаланып қалмаса, «қолын мезгілінен кеш сермері» анық. Көп жағдайда біз жалқаулыққа бой алдырып, өзімізге нәсіп болатын жақсылықтардан құр қалып жатамыз. Жұмыс істеу арқылы өзімізге келетін өзімізге деген игіліктердің көзін көбейте алатындығымызды түсінбейміз. Уақытты адал жолмен жұмыс істеуге, отбасыңды асырауға, Алла Тағалаға үздіксіз құлшылық етуге тиімді пайдалану қажет.

Бұл үшін бізге  Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірі үлгі-өнеге. Түрлі жамандықтардан сақтанудың жолдары ретінде мұсылман адам уақытын  кітап оқып, білімін арттыру, аят, хадис, дұға жаттау, ата-ананың алдындағы міндеттерін орындау, туыстарын зиярат ету, жетім-жесір, кедей-кембағалдарға көмектесу, жақсылық жасау, намаздарының қазалары мен қарыздарын өтеу, араз адамдардың арасын татуластыру, т.б. осы сияқты мәнді әрі пайдалы істерге жұмсауы керек. Міне, осы игі істердің барлығын жасауда бізге үлгі бола білген жалғыз тұлға – ардақты Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) еді.  

Ол () өз уақытын өте тиімді пайдаланған!

Сүйікті Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бос уақыты болған ба?! Және ол сол алтын уақытын қалай өткізген еді?! Оның өмір жолына үңілсек, оның өз уақытын өте тиімді пайдаланғанын көреміз. Өйткені, ол барлық істеріне үлгеріп, уақыт тауып отырған. Күнделікті тұрмыс-тіршіліктерін былай қойғанда, намаздағы парыздары мен сүннеттерін үзбестен, нәпіл құлшылықтарын да көптеп орындап отырды. Бұған қоса, үмметі үшін ертелі-кеш жасаған дұғалары, мешітте уағыз айтуы, сахабаларымен кеңесуі, өзіне келушілерге уақыт бөлуі, өзінің зиярат етіп барған кісілері, науқас жандармен, халықпен жүздесуі, ел ішіндегі діни рәсімдерді атқаруы (балаға ат қою, сүндеттеу, неке қию, жаназа оқу, т.б.), барлығы да оның ғұмырлық жоспарларына сыйып отырған. Оның тарапынан бұл істердің барлығына да уақыт табылған. Біз бұдан Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) күнделікті жұмыстарын қаншалықты жүйелей білгенін, уақытты қаншалықты тиімді пайдалана алғанын көреміз. Ол көрсетпеген бірде-бір игілік жоқ. Ол Жәннат қақпасына жетелейтін ешбір жолды беймәлім қалдырмады. Және ол біздің ояу кезде де, ұйқыда да, намазда да, қызметте де Аллаға ұнамды амал жасауымызды тілеп, ең керемет әдептерді үйретіп кетті.

Ол () түнгі уақыттарын да бос өткізбеуге тырысқан!

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түнгі уақыттарын да бос өткізбеуге тырысқан. «Раббыңның есімін ертелі-кеш зікір ет. Түнде сәждеге жығыл. Жаратушы Иеңді (ұзақ) пәкте», – деп бұйырылғандықтан, түнде тұрып таһажжуд намазын оқуды ол тұрақты әдетке айналдырған. Түнгі уақытын үшке бөлген: отбасына, демалуға және құлшылыққа. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Түнгі намазға аса маңыз беріңдер. Оны сендерден алдыңғы өткен ізгі кісілер үнемі орындап жүретін. Түнгі намаз – Жаратушыларыңа жақындатады, жамандықтарыңды өшіреді және күнәлі істерге баруға тосқауыл болады» деген. (Әл-Мүстәдрак). Түнгі намаздағы жүрек тыныштығы, ойдың тазаруы, көзге еріксіз оралатын жас, Алла алдында сыбырмен айтылатын сыр... басқа ешбір құлшылықта қайталанған емес. Мұны білген Әбу Сулейман әд-Дарани: «Түнде намаз оқығандар ойын-сауық қуушылардан да артық рахат алады. Егер түн болмаса, мына дүниеде қалғым келмеуші еді» деп жазады. Ал, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): Сендерден кез келгенің ұйықтағанда шайтан оның желкесіне үш түйін түйіп, әрқайсысына: «Сенің түнің ұзақ болады, ұйықта!» деп түйген жеріне ұрады. Егер адам оянып, Алланы еске алса, онда бірінші түйін шешіледі. Ал егер дәрет алса, екінші түйін шешіледі. Ал егер намаз оқыса, онда үшінші түйіні шешіледі» деген.

Ол () әйел адамға қуаныш сыйлауға уақыт тапқан!

Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  әйелдерімен әзілдесетін, еркелететін, тіпті, ойнайтын. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мұсылмандардың ең жақсысы, ең пайдалысы – әйеліне ең жақсы, ең пайдалы болған адам.  Сендердің араларыңда әйеліне ең жақсы, ең қайырымды болған – менмін» деп айтқан. (Нәсаи). Соңғы қажылықтағы құтпасында да әйелдерге жақсы қарауды өсиет етеді. Аиша (оған Алла разы болсын) айтады: «Бір күні Алла Елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  аңға шықтым. Мен ол кезде жас әрі арық қыз едім. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  басқа адамдардан алға жүріп кетулерін өтінді. Сонан кейін маған: «Екеуміз жүгіруден жарысайық» деді. Мен жарыстым да, одан озып кеттім. Ол ештеңе демеді. Мен уақыт өте келе салмақ жинадым. Бірде онымен тағы аңшылыққа шықтым, бірақ әлгі оқиғаны ұмытып кетіппін. Ол тағы да адамдардан  жүріп кетулерін сұрады. Сонан кейін маған: «Екеуміз жүгіруден жарысайық» деді. Ол мені басып озды да: «Бұл жеңіс – алдыңғы жеңіліс үшін» деп күлімсіреді». (Ахмад).

Ол () бос уақытын шайтанның азғыруынан сақтаған!

Белгілі бір іспен айналысу – адам баласы үшін аса қажетті дүние. Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың: "Кітабына үңілген бала, егінін егумен айналысқан егінші, қолы істегі тігінші, ас үйде тамақ пісірген әйел жамандық ойлауға уақыт таппайды..." , – деген қанатты сөзі бар. «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын», – деп Абай атамыз айтпақшы, адамның бос отыруы – шайтан үшін таптырмайтын мүмкіндік. Ол: «Өмірің әлі алда, уақытың болса жеткілікті, еш асықпа», – деп күніне құлағыңызға неше келіп сыбырлап, түрлі ойлар салумен, іске аспас армандармен алдандырады, азғырады. Сөйтіп, адам баласын күнәға итермелейді. Ал шайтанның мақсаты белгілі – Алла Тағаланың пенделерін азғырып, өзі мәңгілік қалатын тозақтағы қатарластарын көбейте түсу. Ал, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұған жол берген жоқ. Сондықтан баршамыз мұндай азғырудан сақ болуымыз керек. Ол уақыттың қадіріне жетіп, бос уақытының болмағанын барынша қадағалады. Жалпы, мұсылманның өмірінде бос уақытқа орын қалмауы тиіс екенін өсиет етті. Қолы, ойы, санасы бос емес адамның жамандық ойлауға да мұршасы келмейтінін өз өмірінен үлгі етті. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін біл: өлмей тұрып өмірдің, ауырмай тұрып денсаулықтың, қартаймай тұрып жастықтың, кедейленбей тұрып байлықтың, көп жұмысқа тап болмай тұрып бос уақыттың қадірін біл!», – деген өсиетін қалдырған еді... (Әбу Нуайм риуаят еткен).  

P/S: Міне, біз қал-қадерімізше адамзаттың асыл тұлғасының жарқын өмірінің кейбір тұстарын тілге тиек еттік. Бәлкім, бұл күйбең тіршілігіңізде жүрегіңізді жібітіп, осы жолды басшылыққа алуыңызға септігін тигізер деген ойдамыз.

 

 

Дереккөз: Асыл Арна

Бөлісу: