25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Құранда кездесетін Пайғамбар мұғжизалары

Құранда кездесетін Пайғамбар мұғжизалары

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Құранда тарихи оқиғалар түрінде сипатталған кейбір мәселелер жалпыға ортақ және қоғамға ортақ заңдылықтарға нұсқау береді. Құран адамдарға үндеу жасағанда мәтіні жағынан кішігірім бір оқиғаны айтып, сол оқиғаға ұқсас барлық жайттарды сөз етеді, барлық мәселелерді қозғап өтеді. Бұл нәрсені пайғамбарлардың қиссаларынан және оларға берілген мұғжизалардан байқауға болады.

Пайғамбарлар мұғжизасының екі маңызды себебі бар. Біріншісі – өздерінің шын пайғамбар екенін растау және басқалардың қабылдауы; Екіншісі – адам баласына ғылыми-технологиялық прогреске қажетті үлгілерді көрсету және адамдарды осындай кереметтер жасауға шақыру.

Құранда пайғамбарлардың ғылыми-технологиялық дамудың көшбасшысы, сондай-ақ адамдардың рухани дамуының көшбасшысы екендігіне жіті тоқталып, оларға мойынсұнуды бұйырады. Адамдарға пайғамбарлардың рухани кемелдігін көрсетіп, олардан пайда алуға шақырады. Сол секілді олардың мұғжизаларын айтудағы басты мақсат – адамдар соларға еліктеп, ғылым-білім арқылы түрлі таңғажайып әрекеттерге қол жеткізу. Сол дәрежеге жетуге ұмтылу. Адамдар тынбай еңбек етсе, пайғамбарлар жасаған мұғжизаларға ұқсас пайдалы технологиялық өнертабыстарға қол жеткізе алатыны рас нәрсе. Рухани кемелдік қалай адамдарға үйретілсе технологиялық ғажайыптар да мұғжиза арқылы солай үйретіледі деп айтсақ қателеспейміз.

Мысалы, кеме жасауды әзірет Нұх адамзат баласына алғаш болып үйреткен. Бұл тұрғыда мұғжизаларды суреттейтін аяттар тек тарихи оқиғаларды айтып қана қоймай, көптеген дүнияуи істерде адамдарға бағыт-бағдар береді. Бұл аяттар ілгерілеу мен ғылыми-технологиялық дамудың негіздері мен қағидаларына нұсқайды. Ол бізді еңбектенуге, талпынуға және сол мұғжизаларға ұқсас ғылыми жаңалықтар ашуға бағыттайды. Пайғамбардың мұғжизалары ғылымның, техниканың және өнердің соңғы шекараларын сызып, олардың түпкі мақсаттарын көрсетеді және барша адам баласына оқу-білім ар- қылы қандай мүмкіндіктерге қол жеткізуге болатындығын көрсетіп береді.

«Ал Сүлейменге күшті желді бағынышты еттік» («Сәбә» сүресі, 12). Бұл аят адамдарға ауада қандай қашықтықты бағындыруға жол ашық екенін меңзеп, әуе көлігінің және осыған бай- ланысты технологиялық дамулардың жете алатын мүмкіндіктеріне назар аударады. Аят адамзатқа мына нәрсені айтқысы келгендей: Ей, адамдар! Егер сендер талмай еңбектеніп, ауадағы осы заңдылықты дұрыс пайдалатын болсаңдар аз уақытта ұзақ қашықтықты бағындыратын ұшақ, зымыран секілді жаңа технологиялық өнертабыстарға қол жеткізе аласыңдар.

Әзірет Мұсаның бір мұғжизасына қатысты: «Біз оған: «Асатаяғыңмен тасты ұр», – дедік. Сол сәтте тастан он екі бұлақ атқылады («Бақара» сүресі, 60) аятында «жер астында жатқан мейірім қазынасын түрлі технологиялық құралдармен пайдалануға болатынын көрсетіп, еңбектенсе мұндай технологиялық құралдарды ойлап табуға болатындығынан хабар береді. Ол бүгінде жерден су шығаратын қозғалтқыштар деп айтуымызға болады. Еш қиналмастан бір тетікті басу арқылы насоспен жерден су шығаратын дәрежеге ғылым-білімнің бүгінгі таңда қауқары жетеді. Тек қана су емес түрлі жер асты ресурстарын ашуға қатысты адамзаттың көкжиегін ашатын мұғжиза.

Әзірет Исаның бір мұғжизасын айтқан тағы бір аят: «Алланың рұқсатымен тумысынан көр соқыр болған мен алапесті құлан таза айықтырамын және өлілерді тірілтемін» («Әли Имран» сүресі, 49). Бұл аятта қандай дерт болмасын оған қарсы дауа іздеп, дәрігерлік зерттеулер мен тексерулер жүргізіліп, қажетті технологиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілсе, барлық дертке шипа табуға болатыны, тіпті өлімге де уақытша өмір реңі берілуі мүмкін жағдай екендігін бізге хабарлауда. Бұл аят медициналық дамудың соңғы нүктелеріне назар аударады және адамзатты осы межеге жетуге шақырады.

Пайғамбар мұғжизаларының ғылыми-технологиялық дамуға негіз қалайтыны туралы мысалдарды көптеп келтіруге болады. Адамзат осы мұғжизалар паш еткен нәрселерге әлі толық қол жеткізген жоқ. Үшінші бөлімді осы тақырыпқа арнайтын болғандықтан бұл жерге осы мысалдарды да жетерлі деп таптық.
Құранда 114 сүренің ішіндегі кейбірінің атауы табиғи құбылыстарға, астрономияға байланысы бар: «Нұр», «Рағд», «Духан», «Нәжм», «Қамар», «Шәмс», «Буруж», «Ләйл», «Мағариж», «Аср» сүрелері. Басқа сүрелердің атауы адам және жануарлар сияқты тірі ағзалардың есімдерін де алып жүр: «Инсан», «Нас», «Шұғара», «Әнбия», «Ниса», «Ахзаб», «Бақара», «Нахл», «Нәмл», «Анкәбут» және «Фил» сүрелері. Бұл да Құранның бүгінгі және болашақтағы ғылыммен өте ты- ғыз байланыста екеніне үлкен бір дәлел болса керек.

материал «Құрандағы технологияға қатысты ишаралар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: