25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбардың (с.ғ.с.) Құранды тәпсірлеу міндеті, тәпсірінің маңызы

Пайғамбардың (с.ғ.с.) Құранды тәпсірлеу міндеті, тәпсірінің маңызы

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Хақ Тағаланың рақымдылығы мен хикметі иләһи кітапты адамдарға уахи арқылы жіберуді керек еткені секілді уахи түскен пайғамбардың да оны өзінің түсіндіргенін қажет еткен. Кітап кейбір сенбегендердің қалауы бойынша «қағазға жазылған дайын кітап» (Әнғам, 7) күйінде көктен түскен болғанда адамдар оның бұйрықтары мен үкімдерінің қалай қолданылатынын дұрыс біле алмас еді.

Ал- ланың кітабының мағынасы мен үкімдерін Пайғамбардың түсіндіруі сол себептен де қажет. Хақ Тағала осылай бұйырып Құранды тәпсірлеу міндеті мен құқығын өзінің Пайғамбарына берген: «(Уа, Мұхаммед!) Саған да осынау Құранды адамдарға түсірілген (ақи- қаттарды, иләһи үкімдерді, уағдалар мен ескертулерді) ашып түсіндіруің үшін түсірдік. Бәлкім, олар шындап әрі жүйелі түр- де ойланар» (Нахыл, 44); «(Уа, Мұхаммед!) Біз саған осынау Кітапты адамдар арасында Алланың өзіңе нұсқап көрсеткеніндей үкім жүргізіп, билік айтуың үшін титтей де күмәнға жол бермейтін ақиқаттың нақ өзі етіп түсірдік». (Ниса, 105); «(Уа, Мұхаммед!) Саған бұл Кітапты (қасиетті Құранды) адамдардың өзара келісе алмаған (әсіресе, сенім) мәселелеріне қатысты ақиқатты ашып түсіндіруің үшін һәм иман келтіретін қауымға тура жолға бастаушы және рақым болсын деген мақсатта ғана түсірдік» (Нахыл, 64); «Уа, (ардақты) Елші! Раббыңнан өзіңе түскенді (үмбетіңе бұлжытпай) жеткіз. Егер мұны істемесең, елшілік (пайғамбарлық) міндетіңді тиісінше атқармағаның» (Мәида, 67). Бұл екі жолмен жасалады: бірі – пайғамбарлықты, яғни Құранды уағыздау, екіншісі – мағыналарын түсіндіру. «Оны тәптіштеп түсіндіру де Бізге тиесілі іс» (Қиямет, 19). Кейбір ғалымдардың пікірінше, бұл жердегі «түсіндірудің» мағынасы – ардақты Пайғамбардың (с.а.с.) түсіндіріп, тәпсірлеуі.

Ғалымдар аталмыш аятқа (Нахыл, 44) сілтеме жасап, ардақты Пайғамбардың сахабаларына Құранның мағыналарын білдіруі және түсіндіруі уәжіп болады дейді39. Табари (310/922 ж.қ.б.) бұл аят туралы былай дейді: «Хақ Тағаланың сөзінен аңғарылатыны, Құранның бір бөлігінің тәуиліне Расулалланың түсіндіруінсіз қол жеткізу мүмкін емес. Ужуб, нәдб, туралыққа салу түріндегі бұйрық түрлері, тыйым түрлері, ақиқат пен шектеулері, жаратқандарының басқаларына қажетті үкімдері және сол секілді аяттардың үкімдері осыған жатады. Алланың расулынан бір мәтін (нас) болмайынша немесе үмбетін тәуиліне шақыратын бір дәлел келмейінше, бұл жағдайлар- да ешкімнің сөз сөйлеуі дұрыс болмайды.

Ардақты Пайғамбардың (с.а.с.) тәпсірі Құранның мужмал аяттарын егжей-тегжейлі түсіндіру, жалпы үкімдерін бір нәрсеге бағыттау, қиынын түсіндіру, нәсхқа дәлел болу, белгісіз нәрсені айқындау, түсініксіз сөздерді баяндау, сипаттау және суреттеу арқылы нақтылау, әдеби ерекшеліктерді қамтитын аяттардың мақсатын көрсету секілді басты бөлімдерге қатысты жасалады. Бұлар алдағы уақытта мысалдарымен берілетін болады.

Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Мына нәрсені нақты біліп алыңдар: маған Құран мен сол секілді тағы бір нәрсе берілген. Қарны тоқ халде, жайланып отырып: «Мына Құранды ұстаныңдар, онда нені халал етіп көрсеңдер, соны халал деп қабылдаңдар, нені харам етіп көрсеңдер, соны харам деп біліңдер» дейтін адамдар шығады».

Ибн Кәсирдің (774/1373 ж.қ.б.) пікірінше, Құранмен бірге берілген нәрсе – сүннет. Хаттаби (388/998 ж.қ.б.) бұл хадисті былай түсіндіреді: «Маған Құран және сол секілді тағы бір нәрсе берілген» деген сөздің тәуилі екі түрлі болуы мүмкін. Біріншісі, ардақты Пайғамбарға (с.а.с.) жасырын сыртқы уахимен қатар жасырын емес ішкі уахи да берілген. Екіншісі, тилауат етілген уахи ретінде кітап (Құран), тағы соған ұқсасы ретінде оған соны түсіндіру ерекшелігі берілген.

Яғни, кітаптағы жағдайларды түсіндіруіне рұқсат берілген. Осылайша жалқыны жалпыландыра алады. Жалпыны жалқыландырады. Кітапта жоқ үкімді қоя алады және кітаптағыны түсіндіреді. Бұлар амал жасалуы уәжіп болу және қабылдануы керектігі тұрғысынан тилауат етілген Құран үкімінде болады. «...дейтін адамдар шығады» деген бөлігіне келетін болсақ, бұл сөзі арқылы ардақты Пайғамбар (с.а.с.) адамдарды Құранда айтылмаған, бірақ өзінің қойған сүннеттеріне қайшы келуден сақтандырған. Харижилер мен рафизилер солай жасаған, Құранның сыртқы мағынасын ұстанып, кітаптың сөзін қамтитын сүннеттерді тәрк еткен, жолдан тайып, адасқан44. Ибн Кутайба (276/889 ж.қ.б.) хадистегі «ұқсасты» сүннет деп түсіндірген.

«Нәжм» сүресіндегі «Ол ешқашан өз әуейілігіне (нәпсі қалауына) қарай сөйлемейді. Ол (яғни, оның айтқанының бәрі) уахи ғана» (Нәжм, 3-4) деген аяттағы уахидің мақсаты – кейбір ғалымдардың пікірінше, тек Құран, ал кейбірлерінің ойынша, сүннеттерді де қамтиды. «Себебі хадис – не тек уахи немесе ардақты Пайғамбар- дың (с.а.с.) сенімді ижтиһады...»

Құранның кейбір аяттарын түсінудегі кездесетін қиындықтар басқа аяттарда кездеспейді. Мысалы, бір қисса бір жерде егжей-тегжейлі түрде берілсе, басқа жерде оған тек қысқаша тоқталуы мүмкін. Бір үкім бір жерде қысқаша түрде берілсе, басқа жерде толық берілуі мүмкін. Бір жерде қысқартылған нәрсе екінші жерде толық берілуі мүмкін. Мұндай қиындықтар Құранды мұқият оқу және аяттарының арасында байланыс құру арқылы шешілуі мүмкін, арнайы тәпсірді қажет етпейді.

Үкімдерге, ақырет жағдайларына, қысас пен хабарға қатысты кейбір жағдайлар бар, олар Құранда айтылмайды. Бұларды тәпсірлеу Пайғамбарымызға қалдырылған. «(Уа, Мұхаммед!) Саған да осынау Құранды адамдарға түсірілген (ақиқаттарды, иләһи үкімдерді, уағдалар мен ескертулерді) ашып түсіндіруің үшін түсірдік. Бәлкім, олар шындап әрі жүйелі түрде ойланар» (Нахыл, 44) деген аят арқылы ардақты Пайғамбар түсіндіруге жауапты еді. Оның сөзімен, әрекетімен және шешімімен жүзеге асады. Сол себепті ардақты Пайғамбар сахабаларының Құранды және онымен амал жасауды он-он аяттан үйренуін қамтамасыз етті. Бұлай үйрету туралы толық дерегіміз жоқ. Тек мынаны айта аламыз, ардақты Пайғамбардың аяттарды тәпсірлеуі жоспарлы түсіндіру түрінде емес, екінші бөлімде айтылатын санаулы себептер арқылы жүзеге асқан.

Ардақты Пайғамбардың (с.а.с.) Құранды түсіндіруіне мысал ретінде мына аятты қарастырайық: «Уа, пайғамбар! Әйелдеріңді талақ ететін кезде, олардың иддат (ажырасқаннан кейінгі күту) мерзі- мін есепке ала отырып талақ етіңдер және иддат мерзімін жақсылап есептеңдер» (Талақ,1). Дұрыс ажырасу түрі осы аяттан айқын аңғарылмайды. Ибн Омардың (р.а.) әйелінен ажырасуына байланысты айтылған хадис осы аятты тәпсірлеп берген: «Ибн Омар айтты: «Әйелімнен ол хайыз кезінде (бір талақпен) ажырастым. (Әкем) Омар бұл жағдайды хабарлау үшін Расулаллаға барды. Расулалла оған: «Балаңа айт, әйеліне оралсын, сосын тазаланып, сосын тағы бір хайыз көріп тазарғанға дейін ұстасын. Сосын жақындаспастан қаласа ажырассын, қаласа ажыраспасын. Міне, Алла тағаланың айт- қан ғиддаты осы».

Бұл жерде ардақты Пайғамбар сөзбен айту арқылы және аяттың мағынасының не екенін көрсетіп, ибн Омардың оқиғасы арқылы аятты түсіндірген.
Имам Шафиғидің айтуы бойынша, Расулалланың сүннеттерінің Құранға қатысты екі тұсы бар: Біріншісі, пайғамбар Алланың түсіргеніне сол қалпында бағынады. Екіншісі, мужмал. Расулалла Алланың атынан мужмал мағынасын түсіндіреді. Парыз болуын, жалпы немесе жеке сипатта екенін түсіндіреді. Құлдарынан қалай жасауы керектігін қалайтынын көрсетіп береді.

Әзірет Омар (р.а.) халыққа: «Құраннан ең соңғы түскен – өсімқорлық аяты. Расулалла өсімқорлықты тәпсірлеместен қайтыс болды. Осыған орай өсімқорлықты да, өсімқорлық күмәні бар нәрсені де тастаңдар!» деген.

Имран ибн Хусайн (52/672 ж.қ.б.) қатысқан бір мәжілісте бір адам: «Құранда бар нәрседен басқаны айтпаңдар!» дегенде, Имран: «Сен ақымақ адамсың! Бесін намазының төрт рәкат екенін, онда қырағаттың көрсетілгенін Алланың кітабынан көрдің бе?» деді. Сосын намазды, зекетті және сол секілді үкімдерді тізіп көрсетіп былай деді: «Бұлардың барлығын Алланың кітабынан түсінікті түрде таба аласың ба? Алланың кітабы бұларды белгісіз етіп қалдырған. Сүннет тәпсірлеген».

Келесі мысалдан көретініміздей, Пайғамбарымыздың түсіндірмесін білмеген кейбір фақиһ сахабалардың өзі Құраннан қате үкімдер шығаруы мүмкін, бірақ ардақты Пайғамбардың түсіндірмесін бір-біріне жеткізу арқылы аяттың негізгі мақсатын түсінетін. Біреу Абдулла ибн Омардан кірпінің харам не харам еместігін сұрайды. Ол «Ендеше, оларға: «Маған келген уахидан осы айтқандарыңның ешбірінің жегісі келген жанға харам етілгенін көрген жоқпын. Тек өлексе, ағызылған қан, доңыз еті – өйткені доңыз – арам жануар – немесе хақ жолдан тайғандықты білдіретін, Алладан өзгенің атымен шалынған мал болса, оның жөні бөлек» (Әнғам, 145) деген аятты оқып, «Же!» деді. Сонда біреуі ибн Омарға: «Әбу Һурайра Расулалланың кірпі туралы «Ол жаман нәрселердің бірі» дегенін риуаят етеді» дегенде, ол: «Пайғамбар солай десе, онда мәселе сол айтқандай» дейді.

Ибн Мәсғуд секілді өзін ғылымға арнаған, Пайғамбарымызға жақын болған сахабалар үйренген әрбір аяттарының мағынасы мен үкімін білетін. Бұларды пайғамбардың өзінен немесе басқа біреу арқылы немесе өз араларында кеңесу арқылы бір-бірінен біліп алатын. Ибн Мәсғуд былай дейді: «Өзінен басқа иләһ жоқ Аллаға ант етемін, Алланың кітабында оның қайда түскенін, қандай мәселе бойынша түскенін мен білмейтін ешқандай аят жоқ, Құранды менен жақсы білетін, мініс көлік жете алатындай жерде біреудің бар екенін білсем, оны көру үшін жолға шығар едім».

Бұл хабар бойынша ардақты Пайғамбардың (с.а.с.) Құранның бәрін сахабаларға түсіндірген деген мағына шығарылмаса да, оның ғылым саласындағы алдыңғы қатарлы сахабаларының Құрандағы түсінбеген жерлері шектеулі болған деген қорытынды шығаруға болады. Кейбір жағдайларда сахабалар Пайғамбарымыздың өмірдегі қолданысынан аяттардың тәуилін үйренетін. Бір риуаят бойынша әзірет Айша (р.а.) Пайғамбарымыздың Құранның бұйырған нәрсесін жасау турасында «Құранға тәуил жасайтын» деген сөзді қолданған.

Сахабалар секілді олардан кейін келген басты әһл-сүннет ғалымдары да ардақты Пайғамбардың түсіндірмелерін іздеп, оның мән-маңызын ерекше атап өткен. Тіпті Мәкхулдің пікірінше (113/761 ж.қ.б.) «Құранның сүннетке деген қажеттілігі сүннеттің Құранға деген қажеттілігінен көп». Оның айтып отырған қажеттілігі айқын, адамдардың түсінуі тұрғысынан олардың сүннетке мұқтаж болуы. «Бұл сөз арқылы Құранның мағыналарын ең жақсы білетін адамның өздігінен сөйлемейтін, айтатыны тек иләһи уахи болған Расулалла екенін меңзегісі келген».

материал «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Құран тәпсірі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: