Мүшріктер пайғамбарымызға да, мұсылмандарға да зорлық-зомбылық көрсетуден бір тынбады. Пайғамбарымызға ең көп дұшпандық жасағандар мыналар:
Әбу Ләһаб – пайғамбарымыздың туған немере ағасы болғанына қарамастан Исламның ең үлкен дұшпаны еді. Сонау алғашқы күннен бастап пайғамбарымызға қарсы шықты. Әйелі де пайғамбарымыз өтетін жолға қолынан келгенше тікен тастайтын. “Тәббәт” сүресі осы екеуі жайында түсті. Әбу Ләһаб Бәдір соғысында мұсылмандар жеңгенін естіп ашу-ызадан өлді.
Әбу Ләһабтың баласы Ұтайба бір сапарында пайғамбарымызға жармасып, жағасын жыртып жіберді. Пайғамбарымыз оның бұл әрекетінен қатты көңілі қалып: “Раббым! Ұтайбаға хайуандарыңның біреуін жібер” деп дұға қылды. Алла сүйікті елшісінің дұғасын қабыл алды.
Ұтайба Шамға кетіп бара жатқан кезінде жолда бір арыстан шығып, оның парша-паршасын шығарды. Пайғамбарымызға жасаған зұлымдығының жазасын осылай тартты.
Әбу Жаһил – пайғамбарымызға ең көп дұшпандық жасағандардың басшысы. Мұсылмандарға көп зорлық көрсетті. Аммар бин Ясирдің анасын осы Әбу Жаһил өлтірді. Ол да Бәдір соғысында өліп, жазасын тартты.
1) Ас бин Уайыл – пайғамбарымызға дұшпандық жасағандардың бірі. Пайғамбарымыздың ұлы Қасым шетінегенде “Мұхаммедтің тұқымы құрыды” деп мазақтап, баласының өлімінен қайғырып, жүрегі қарсы айрылған пайғамбарымызды табалаған. “Кәусар” сүресіндегі “Негізінде тұқымы құрып, есімі ұмытылған, саған кек тұтып, дұшпандық істеген адамның өзі” деген аят сол жайында түскен. Ас бин Уайыл Мекке төңірегіндегі бір тау өткелінен өтіп бара жатқан жерінен астындағы аты оны жерге құлатып, аяғын тістеп алады. Ажалы сол жарадан болады.
2) Уәлид бин Мұғира;
3) Үмәйя ибн Халаф;
4) Ұтбә бин Рәбиалар да пайғамбарымызға дұшпандық жасағандардың қатарында болатын.
материал «Негізгі діни мағлұматтар» кітабынан алынды,
ummet.kz