25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Алла Елшісі (с.ғ.с) миғражда күнәһарлардың жазалануын көрген бе?

Алла Елшісі (с.ғ.с) миғражда күнәһарлардың жазалануын көрген бе?

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Пайғамбарымыз (с.а.с.) миғражға шыққанда, жүзі жылы періштелерді көргеннен кейін жүзі суық, еш күлмейтін, тозақтың қарауылы болған Малик атты періштені көреді.

Алла елшісі (с.а.с.) бұл періштенің кім екенін Жәбірейіл періштеден сұрап білгеннен соң, Жәбірейілге: «Оған тозақты көрсетуін бұйырасың ба?» – дейді. Жәбірейіл періштеге: «Ей, Малик! Мұхаммедке (с.а.с.) тозақты көрсет!» – дейді. Малик тозақтың үстіндегі жабуын ашқанда, қайнап тұрған тозақ одан сайын қайнай түседі. Алдына түскеннің барлығын жағып жіберетінін көрген Пайғамбарымыз (с.а.с.) Жәбірейілге: «Ей, Жәбірейіл! Маликке бұйыр, оны қайта орнына қайтарсын», – дейді. Жәбірейіл (а.с.) тозақты орнына қайтару үшін Маликке әмір етті. Оның «тыныштал» деген бұйрығынан соң тозақ шыққан жеріне қайта орнықты, Малик періште оның үстіне жабуын қайта жауып қойды (Ибн Исхақ. Ибн Һишам, Сира, 2 т, 45-46 б) .

Пайғамбарымыз (с.а.с.) тозақта сусыз азапталып жатқандарды, азап кісендері мен шынжырларын, азаптаушы жылан мен шаяндарды және басқа да түрлі азаптауларды көрді (Ибн Асир, Камил, 2 т, 55 б) . Бұл жайында Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «(Тозақта) түйенің ерніндей салпиған еріндері бар біреулерді көрдім. Жандарында жүрген бірнеше жазалаушы әлгілердің еріндерін кесіп алып, ауыздарына қызып тұрған тасты салады. Жалын шашқан қара тастар бұлардың артынан шығады. Мен Жәбірейілден (а.с.) бұлардың кім екенін сұрағанымда: «Жетімнің малын жегендер», – деді. Тағы бір топ адамның терісі сыпырылып алынады да, ауыздарына тығындалады. Оларға: «Жегендеріңдей жеңдер», – делінеді. Көрген жанның жүрегі ауыратындай жиіркенішті көрініс. Жәбірейіл (а.с.) маған бұлардың елді қудалап, іріткі (фитнә) шығарып, жұртқа тіл тигізіп, намыстарын аяққа таптаған күнәһарлар екенін айтты. Тағы бір топ біреулердің алдына дастарқан жайылып, мен көрген еттердің ең жақсысынан дайындалған кәуаптармен қатар өлексе қойылыпты. Әлгі кісілер тәуір етті жемей, бәрі бірдей өлексеге қарай ұмтылып соны жеді. Жәбірейіл (а.с.) олардың дүниеде Алланың халал еткенін емес, харам еткен ісін істеген зинақорлар екенін айтты. Тағы бір адамдардың үйдей-үйдей қарынын көрдім. Бұлар Перғауын отбасының жолын ұстанғандар екен. Перғауын отбасы таң мен кеште отқа тасталғанда, бұларға келіп соғылады екен. Сосын қарыны ауыр басып құлап түседі. Артынша перғауын отбасы бұларды таптап жаншып өтеді. Жәбірейіл (а.с.): «Бұлар пайыз жегендер, өздеріне-өздері шайтан шақырған адамдар сияқты» («Бақара» сүресі, 275) деп түсіндірді. Одан кейін әйелдердің бір қарасы кеуделерінен, енді бірі аяқтарынан ілмекке ілінген күйі бастары төмен салбырап тұр екен. «Бұлар зина жасаған және балаларын өлтірген әйелдер», – деді» (Бұхари, Саләт 1; Әнбия 5, 22; Мүслим, Иман 263-264 ).

Міне, осылайша тозақтың шынайы бейнесін көрген Алла елшісі (с.а.с.) бір хадисінде: «Егер менің білгенімді білгендеріңде, аз күліп, көп жылар едіңдер» (Ахмед ибн Ханбал, Мүснәд, 3 т. 210 б; Бұхари, Сахих, 5 т,190 б; Тирмизи, Сүнән, 5 т, 557 б.) деген.

материал «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жайлы 111 сұрақ» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: