25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жағдайы қалай екен?»

«Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жағдайы қалай екен?»

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.с.) бен әзірет Әбу Бәкір екеуі Әркамның үйінде бір топпен бірге отыр еді. Мұсылмандардың саны әлі қырыққа да жетпеген, алайда әзірет Әбу Бәкір хақ діннің ендігі кезекте батыл түрде насихатталғанын қалады.

Осы  жағдайды Пайғамбарымызға бірнеше рет айтып, ұсыныс жасады. Алла Расулы:

– Уа, Әбу Бәкір! Біздің санымыз өте аз. Бұл іске әлі дайын емеспіз, – деді.

Бірақ Әбу Бәкір қайта-қайта өтінген соң, Пайғамбарымыз оның өтінішін жерге тастамай, Қағбаға бірге барады. Харам мешітінің бір жағында бір топ адаммен бірге бас қосады. Сол кезде Пайғамбарымыз бен мұсылмандарды жек көретін Әбу Жаһил, Әбу Суфиян және Ұтба ибн Рабия бастаған Меккенің алдыңғы қатарлы мүшріктері де сол жерде отырған еді. Сол сәтте мұсылмандардың жиналғанын көріп ерекше таңқалды. Оны түсінбей дал болды.

Сол кезде әзірет Әбу Бәкір орнынан тұрып мүшріктерге, пұттардан бас тартып, Аллаға және Оның пайғамбары әзірет Мұхаммедке мойынсұну қажет екенін түсіндіре бастады. Әзірет Әбу Бәкірдің айтқандарын біраз уақыт тыңдаған мүшріктердің таңданыстары айқай-шуға ұласты. Қабақтары қатулы, орындарынан тұрып, әзірет Әбу Бәкір мен өзге де мұсылмандарға тап берді. Пайғамбарымыз бен сахабаларын балағаттап, жан-жақтан жұлқылай бастады. Алла Расулын қорғауға тырысқан сахабалар Оны мүшріктердің арасынан әрең алып шықты. Мүшріктер әзірет Әбу Бәкірге жабылып, оның құтылып кетуіне жол бермеуге тырысты. Жығып алып, тепкінің астына алды. Тіпті мүшріктердің бірі Утба ибн Рабия арнайы темір аяқ-киім киіп алып, бетінен тепті. Мұнысы аз болғандай, әзірет Әбу Бәкірдің үстіне шығып алып, тепкісін жалғастыра берді. Осылайша әзірет Әбу Бәкірдің бет-жүзі қан жоса болып, адам танымайтындай жағдайға түсті.

Әзірет Әбу Бәкірдің қауымы Тәймұлдарынан хабар алып, дереу жүгіріп келді. Әзірет Әбу Бәкірді мүшріктерден арашалап алды. Жерде қимылсыз жатқан әзірет Әбу Бәкірді матаға салып, көтеріп үйіне алып келді. Туған-туыстары оны өледі деп ойлады. Болған жағдайға қатты ашуланып, көңілдері жабырқап қалды. Дереу Қағбаға барды да сол жердегі мүшріктерге былай деді:

– Егер Әбу Бәкір о дүниеге аттанатын болса, ант етеміз, біз де Утбаны жайына қалдырмаймыз!

Содан кейін әзірет Әбу Бәкірге қайта оралды. Бүкіл туыстары жанында жиналып, өмір сүруі үшін міз бақпай қарап отырды. Бүкіл жағдайдан хабарсыз талып жатқан әзірет Әбу Бәкір біраз уақыт есін жия алмады. Әкесі мен туыстары есін жиғызу үшін қанша тырысса да, тек кешке қарай өзіне келе алған еді. Көздерін ашқан кезде даусы дірілдеп:

– Расулдың жағдайы қалай екен? – деуге ғана тілі келді.

Әзірет Әбу Бәкірді өлімнен аман қалды, есін жинап Алла Расулын сұрағанын естіп туыстары оның бұл жағдайын түсіне алмады. Таң қалғандарын жасыра алмай оған:

– Сен Оның кесірінен осы жағдайға тап болдың. Соған қарамастан Ол үшін уайымдайсың, – деп оған ашуланды. Анасы Үммі Хайр:

– Мынаған бір нәрсе ішіп-жегізіңдер, – деді.

Бірақ әзірет Әбу Бәкірдің дерті тамақ ішу емес еді. Барлығы кетіп қалғаннан кейін, анасы екеуі ғана қалды. Уайымдаған анасы оған қайтадан:

– Балам, не ішкің келеді? – деп сұрады. Алайда әзірет Әбу Бәкір көзін ашып:

– Расулалланың қал-жағдайы қалай? – дегенде, анасы:

– Уаллаһи, досың туралы ешқандай хабар жоқ, – деді.

Әзірет Әбу Бәкір орнынан тұрғысы келіп, ұмтылса да тұра алмады. Шамасы келмегендіктен, анасынан жәрдем сұрады:

– Хаттабтың қызы Үммі Жәмилге барып, Расулалланың жағдайын біліп келсеңіз екен! Анасы ұлының өтінішін орындап, Үммі Жәмилдің үйіне барды да:

– Балам Әбу Бәкір, сенен Абдулланың ұлы Мұхаммедтің жағдайын сұрап келуімді өтініп еді. Қал-жағдайы қалай екен? – деді. Үммі Жәмил:

– Мұхаммедтің жағдайынан бейхабармын. Ұлың Оны не себепті сұрап жатыр? Өзінің халі қалай? Көріп, білгім келеді. Мені оған апаршы, – деді. Үммі Хайр:

– Жарайды, – деп бірге баласына келді. Үммі Жәмил әзірет Әбу Бәкірдің мүшкіл халын және жаралы екенін көргенде:

– Сені мұндай жағдайға душар еткен қауым азғын әрі залым еді. Алладан олардан сенің кегіңді алуды тілеймін, – деді.

Әзірет Әбу Бәкір Үммі Жәмилге қарап, бағанағы сауалын тағы қайталады:

– Расулалланың жағдайы қалай екен? – дегенде, Үммі Жәмил:

– Жаныңда анаң бар, айтқанымды естіп қалуы мүмкін, – дегенде, әзірет Әбу Бәкір:

– Ол кісінің зияны жоқ, құпияны сақтай біледі, – деді. Сол кезде Үммі Жәмил:

– Алла Расулы аман-есен, жағдайы жақсы, – деді. Әзірет Әбу Бәкір қайтадан:

– Жарайды, онда Ол қазір қайда? – деп сұрағанда, Үммі Жәмил:

– Әркамның үйінде, – деді. Содан кейін әзірет Әбу Бәкір сонда да көңілі тыншымай:

– Уаллаһи, Расулалланы өз көзіммен көрмейінше ас та, су да ішпеймін, – деді.

Ұлы осындай мүшкіл жағдайда жатса да, Алланың пайғамбарын көруден өзге қалауы жоқ екенін түсінген анасы Үммі Хайр:

– Сен, біраз күте тұр, барлығы ұйықтасын. Сол кезде ешкімге көрінбей сені Оған апарамыз, – деді.

Барлығы ұйқыға жатқан соң Үммі Жәмил мен Үммі Хайр екеуі оны жетектеп, жолға шықты. Анасы мен Үммі Жәмилге сүйеніп, аяғын зорға басқан әзірет Әбу Бәкір Әркамның үйіне жақындады. Ол жерге барып Алла Расулының аман-сау отырғанын көргеннен кейін көңілі жай тапты. Бір-бірін көріп, құшақтасты. Әзірет Әбу Бәкірдің жағдайын көрген сахабалар көз жасына ерік берді. Сыддық досының жағдайы Пайғамбарымыздың да көңілін түсірген еді. Пайғамбарлар Мырзасының көзіне жас толғанын көрген әзірет Әбу Бәкір:

– Уа, Расулалла! Анам, әкем сенің жолыңда құрбан болсын, менің еш жерім ауырып тұрған жоқ! Тек қана әлгі азғын бетімнен ұрған еді, сол жері ғана біраз ауырып тұрғаны, – деді.

Алла Расулын айрықша жақсы көретін, тіпті Оның өзінің жағдайына көңілін түскенінің өзі әзірет Әбу Бәкірді қатты қынжылтқан еді. Оның көңілін жабырқатпас үшін жадайының жақсы екенін үнемі баяндап тұрды.

материал «Пай,амбарды сүю» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: