25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбардың (с.ғ.с) хадистерін басқаларға жеткізудің үкімі

Пайғамбардың (с.ғ.с) хадистерін басқаларға жеткізудің үкімі

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Әбу Шурайхтан (Алла разы болсын) риуаят етілген хадисте былай делінеді:

«Мекке алынған күні Алла елшісінің (с.ғ.с) айтқан сөздерін екі құлағыммен естідім, жүрегіммен ұқтым, көзіммен көрдім. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Аллаға мадақ айтып, оған шүкіршілік білдіргеннен кейін: «Адамдар емес, Меккені Алла қасиетті қылды. Аллаға және ақырет күніне иман еткен ешбір адамға ол жерде қан төгу, ағашын кесу халал емес. Кімде-кім: «Ол жерде Алла елшісіне (с.ғ.с) соғысуға рұқсат берілді», – деп айтатын болса, оған: «Алла Пайғамбарға (с.ғ.с) рұқсат берді. Сіздерге рұқсат бермеді», – деп айтыңдар. Расында, маған күндізгі уақыттың белгілі бір мерзімінде ғана соғысуға рұқсат берілді. Кейін оның қасиеттілігі бұрын қандай болса, дәл сол сияқты қасиетті болды. Мына жерде болғандар болмағандарға жеткізсін», – деп бұйырды» (Бухари, Тирмизи, Насаи, Ахмад ибн Ханбал).

Әбу Шурайх (Алла разы болсын) һижреттің сегізінші жылы Рамазан айының жиырмасыншы күні, Мекке алынғанның күннің ертеңіне Пайғамбарымызбен (с.ғ.с) бірге болып, оның айтқандарын құлағына құйып, көкейіне түйіп алды. Тек құлағымен естіп қана қоймай, әрі көзімен, әрі жүрегімен ұғынып алғанын айтады. Әбу Шурайх (Алла разы болсын) тікелей естідім деу арқылы басқа кісіден естімегенін, жүрекпен жаттадым дей отырып мағынасын толық ұққандығын, көзіммен көрдім деп осының бәрін көңілге көзімен бекітіп алғанын баяндап берді. Адам осы үш мүшесі арқылы кез келген нәрсені жете түсіне алатынын білдіріп отыр. Сондай-ақ аталған үш мүшемен келген хабардың қуаттылығын көрсетіп тұр. Демек, білім жолындағы жастар осы үш мүшеге ерекше ден қойғаны абзал. Сабақты ықыласпен тыңдап, бар көңілін ұстазына беріп, бос істерден қашық жүруі жетістікке жетудің негізі болып саналады. Көз, құлақ һәм жүректі харам нәрселерден қорғау – әр мұсылманның міндеті. Жүректің нұрлануы, адамның рухани кемелденуі үшін осы үш мүшеге мұқият мән беру арқылы жүзеге асады.

Алла елшісі (с.ғ.с) құтпа оқудан бұрын үнемі Аллаға мадақ айтып, шүкіршілік ететін. Сондай-ақ үмбетіне де істі Аллаға мақтау айта отырып бастауын бұйырып кеткен. «Қандай да бір іс «Аллаға мақтау-мадақтар болсын!» («Әлһамдулиллә!») дұғасымен басталмайтын болса, ол іс берекетсіз болады» (Әбу Дәуіт).

Алла елшісінің (с.ғ.с) сөзін естігендер ол жерде болмағандарға жеткізуге тиіс болды. Сахабалар Алла елшісінен (с.ғ.с) шариғи білім мен үкімдерді және сүннетті үйреніп, кейінгі толқынға жеткізуге міндетті болды әрі ол қасиетті борышын мінсіз атқарып кетті деуге негіз бар. Олар табиғиндерге дін қағидаларын мүлтіксіз үйретіп, ең көркем түрде жеткізді. Біздің міндетіміз қалай болмақ? Әуелі дінімізді ғалымдардан үйреніп, білгенімізге амал етеміз және отбасымыздан бастап өзгелерге үйретеміз. Бұл саланы жетік меңгергендер кітап жазумен айналысып, ағартушылық жұмыстарын жүргізсе игі.

Хадистерге амал ету керек десек те, кей хадистерге амал етуге болмайтынын қаперде ұстағанымыз жөн. Мұның мән-жайын білімді кісілерден сұрап алу керек. Өзгелерге тек амал етуге болатын хадистерді үйреткеніміз жөн. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерін басқаларға жеткізудің үкімі парыз кифая болып саналады.

материал «Хадис – ғылым бұлағы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: