25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Кім менің атымнан жалған айтса, тозақтағы орнына дайындала берсін»

«Кім менің атымнан жалған айтса, тозақтағы орнына дайындала берсін»

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Сахабалар арасында хадисті көп жаттаған Əбу Һурайра, Әнас ибн Мәлик еді. Бірақ олар үкім айтпайтын.

Үкім айтып, пəтуа беретін белгілі сахабалар болды. Мысалы: Ибн Аббас, əзірет Омар, Ибн Масғуд, Али, Айша анамыз т.б. Қате айтып қоямын деп хадис риуаят еткісі келмеген сахабалар да болды. Себебі мутауатир хадисте: «Кім менің атымнан əдейі жалған айтса, тозақтағы орнына дайындала берсін» – деген.

Халық арасында кең тараған «сауатсыз дәрігер жан алса, сауатсыз молда діннен шығарады» деген қанатты сөз бар. Дін адам баласының бұл дүние мен о дүниелік өмірін бірге қамтығандықтан, өте сақтықты талап етеді. Дін жайлы сөз сөйлейтін адам, егер сол саланың маманы болса адамдарды бұ дүние мен ақыретте бақытқа кенелтеді, ал шала сауатты біреу болса, адамдардың екі дүниесінің де астан-кестенін шығарады. Мұның соңы, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде келгендей «Нәтижесінде өздері де, өзгелер де адасып тынады». Сондықтан дін жайлы әңгіме қозғау үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, дін атынан сөйлеу, мәзһаб ұстанбау ижтиһад деңгейіне жеткен ғалымдарға ғана рұқсат етіледі. Қазіргі таңда біз мәзһаб ұстанбаймыз деп жүрген кейбір мұсылмандар сырқатқа шалдығып, ауруына ем іздеп әртүрлі балгер, тәуіптерге барған адамның кейпіне ұқсайды. Біреулер оған бір дәріні ұсынса, екінші біреу өзге бір дәріні береді. Әрбіреудің айтқанын тыңдап, сан алуан дәріні ішкен ол байғұс соңында ауруы асқынып, кемтар болады. Егер әуел баста білгір дәрігердің айтқанын істеп, жазып берген дәрісін қабылдаса, ауруынан Алланың қалауымен сол мезетте-ақ айығып кетер еді...

Бұл мысалдан ғибрат алар құрметті бауырлар! Адамдардың ғасырлар бойы қабылдап, емін жазып жүрген дәрісінен ішейік.Егер әр адам бір құлшылық істерде жеке дара жол ұстанып, амал жасайтын болса, оның үстіне жоғарыдағы ижтиһад жасайтындай шамасы болмаса, соңы құрдымға кетеді. Әркім өз жолына тартуға тырысса, ол қоғам ақыры құрдымға кетеді. Ал мәзһаб үкімдеріне келер болсақ, оның негізі отыз-қырық жыл бұрын емес он төрт ғасыр бұрын қаланған. Он төрт ғасыр бойы үкім шығаруға шамасы келмейтін қарапайым мұсылмандар осы жолды ұстанып келді. Соның нәтижесінде қазақ елі ғасырлар бойы қилы-қилы кезеңдерді басынан кешіріп, ынтымағын сақтай білген. Қазақта жесір дауы, жер дауы, ру дауы кездессе де, дін дауы болған емес. Ол әлбетте бір негізге жұмылғанның, бір үкімге бағынғанның нәтижесі. Бір мәзһабқа жүгінудің де негізгі мақсаты – мұсылмандарды ынтымақта, бірлікте ұстау.

21-ғасыр – озық технологиялар ғасыры, кез келген мәліметті ғаламтордан таба аласыз. Алайда тапқан мәліметіңіз әрдайым жарамды бола бермейді. Бұндай адамның мысалы қоқыс жәшігінен азық іздеген пақырдың жағдайына ұқсайды. Адамның бұл өмірде екі азығы болса, соның ішінде маңыздысы рухани азығын тек сенімді негіздерден алуы тиіс.

Сөзімді қорыта келе, ғаламторда фейсбук, вконтакты, ватсап, инстаграм т.б. желілер арқылы әртүрлі тақырыптардағы діни мәліметтерді таратуға әуес шаласауатты мұсылмандар бар. Бұл мәселеге немқұрайды көзқараспен қарауға әсте болмайды. Ондай мәліметті таратпас бұрын дін қызметкерінің пікірін сұрау керек. Осы орайда кейбір діндар қауымның арасында дін қызметкеріне қойған сұрақ сол сәтте жауабын таппай жатса, әдепсіздік танытып, оның діни біліктілігіне күмән келтіріп жатады. Шындығында, бұл – оның білімділігінің белгісі. Діни сауалдарға жауап таппаған кезде ҚМДБ-ға қарасты Пәтуа бөліміне хабарласып, жауап алу – ең тура, тиімді жол.

материал «№1 дұшпан (жақсы сөйле немесе үндеме)» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: