25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбардың (с.ғ.с) қабірін зиярат ету үшін жолға шығу

Пайғамбардың (с.ғ.с) қабірін зиярат ету үшін жолға шығу

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Қазіргі қоғамда дін ұстануда шектен шығушылардың жаға ұстататын істерінің бірі – Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабірін және дүниеден өткен барша пайғамбарлардың (а.с), сонымен қатар, ислам тарихында өзіндік орны бар ізгі тұлғалардың қабірлерін зиярат етуді харам санаулары.

Олардың бұл таңғаларлық, оғаш әрекеті ғалымдар тарапынан бірауыздан келісіп, «الوسائل لها أحكام المقاصد» мағынасы: «Себептер мен құралдар – мақсаттардың үкімін алады» деген ережеге қайшы келеді. Сондықтан негізгі шариғат үкімі мәндүб (рұқсат етілген) істің себебін харам деу ақылға қонбайды.

Енді Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабірін зиярат етудің мұстахап екеніне қатысты фиқһ мазхабтарының бірауыздан келіскендігіне тоқталайық. Ханафи мазһабының ғалымы Имам Кәмәлуддин Мұхаммед бин Абдул Уахид «шарх Фатху әл-Қадир» кітабында: «Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабірін зиярат етуді ислам ғалымдары мәндүб (шариғи тұрғыдан дұрыс көрілген) амалдардын санаған. Ал, енді, «Манасик әл-Фариси уә шарх әл-Мұхтар» атты еңбекте зиярат ету мүмкіндігі бар адам үшін уәжіпке жақын», деген пәтуа бар. Мәлики мазһабының көрнекті ғалымы әл-Қарафи: «Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зиярат ету бекітілген сүннеттерден» деген.

Шәфиғи мазһабының ғалымы Имам Науауи: «Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабірін зиярат ету Аллаға жақындататын ең маңызды нәпіл құлшылықтарға әрі сауапты істерге жатады. Меккеден қайтуға бет алғанда қажылыр мен умра жасаушылырға Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зиярат ету үшін Мәдинаға қарай бет алу – сауапты іс жасау тұрғысынан мұстахаб. Бастысы зиярат етуші жасаған зияраты арқылы Аллаға жақындауды, әрі оған сапар шегуге, салауат айтуға ниеттену керек» деген.

Ханбали мазһабының ғалымы әл-Мардуи әл-Ханбали: «Қажылық амалдарын аяқтаған адамға Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабірі мен екі серігін (Әбу Бәкір, Омар (Алла екеуіне разы болсын) зиярат ету – мұстахаб. Міне, осы үкім – мазһабтың алдыңғы қатарлы ғалымдарының да, кейінгі ғалымдарының да ұстанымы» деген. Ал, мұстахабты харам санап, шатыстыруға не итермелейді, мұның мәні неде? Мұның негізгі себептерінің бірі – хадистерді ғалымдардың пікіріне құлақ аспай түсінуге тырыспауларында. Олар қандай да бір хадиске жолықса, оны ғылыми негізден алыс мағынада түсініп, жүзеге асырады. Олар «Харам мешіті, менің мешітім және Ақса мешітінен басқа жерге арнайы сапар шегілмейді» деген хадиске қайшы келеді. Олар осы хадиске сүйеніп, үш мешіттен басқа жерге сапар шегілмейді деп ойлайды. Сөйтіп, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), ізгі адамдардың қабірлерін зиярат ету үшін арнайы сапар шегуді харамға шығарады.

Имам ибн Хажар әл-Асқалани: «Мухаққиқ ғалымдардың кейбіреулері былай дейді: «Тек осы үш мешіт» дегенде (мустасна минһу) жалқыланатын мағына нақты айтылмаған. Бұдан қандай мақсатта, қай жерге болмасын, осы үш орыннан басқа бір жерге арнайы сапарға шықпа деген жалпы ұғымды түсінуге болады немесе одан да жекелеген мағына шығаруға болады. Олай болса, алғашқы мағынаға жол жоқ. Себебі, одан сауда-саттықұ, туыстық қарым-қатынас жасау, ілім талап ету сияқты басқа да істер үшін сапар шегуге болмайды деген ұғым шығады. Демек, бұл һадистен екінші мағынаның көзделгендігі байқалады. Бұл жағдайда көбірек сәйкес келетінін алған дұрыс. Соның бірі – намаз оқу үшін осы үш мешіттен басқа жерге арнайы сапар шегуге болмайды деген мағына. Міне, осы тұрғыдан Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)и және басқа да ізгі жандарджың қабірін зиярат етуге болмайды деген көзқарас жоққа шығады. Дұрысын Алла біледі» дейді.

Ибн Қудама қабірлерге, шейіт қорымдарына зиярат ету үшін сапар шегу жайында былай дейді: «Бұл – рұқсат берілген істерден және сол сапарда намазды қысқартып оқуға рұқсат етілген. Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құба деген жерге жаяу әрі көлікпен келетін. Әрі қабірлерге зиярат жасап: «Қабірлерді зиярат етіңдер! Ол сендерге ақыретті еске салады» дейтін. Ал, «Үш мешіттен басқаға арнайы сапарға шығуға болмайды» деуі басқасын осы үшеуінен артық көрмеуі деген мағынада. Бару харам деген сөз емес».

Көріп отырғанымыздай қасиетті үш мешіттен басқа мешітке арнайы сапар шегу – харам іс емес. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Рабиғ» мешіті деп аталатын Құба мешітіне арнайы барғандығы жайлы сахих хадистер бар. Ибн Омар (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әр сенбі күні жаяулап болсын, көлікпен болсын Құба мешітіне келетін» деген. Мұны Абдулла ибн Омар (Алла оған разы болсын) жасайтын. Ибн Хажар осы тұрғыдан келіп, «Хадистегі үш мешіттен басқасына арнайы сапарға шығуға болмайды деген тыйым оның харам екенін білдірмейді» деген.

Имам Ибн Абидин былай дейді: «Муттафақун алейһи (сахихи екендігіне келісілген) хадисте: «Қасиетті үш мешіттен басқасына арнайы сапарға шықпайды: ол Харам мешіті, менің мешітім және Ақса мешіті» делінген. Хадисте: «Осы үш мешіттен басқасына арнайы жолға шығу деуі осы үш мешітте басқаларына қарағанда сауап еселеп беріледі дегенді білдіреді. Ал, басқа мешіттер осы тұрғыдан бір – бірімен тең. Алайда , бұл хадис бұдан басқаға арнайы сапар шегуді туған – туысымен қатынас жасау, ілім үйрену, шәһидтер қорымын, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабірін, Ибраһим (а.с), басқа да имамдардың қабірін зиярат ету сияқты істерге тыйым салуды білдірмейді».

Демек, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабірін зиярат ету үшін жолға шығу шариғатта орны бар, ғалымдардың келісімі бар мұстахаб амал екендігі белгілі болды. Хадисте; Ибн Омардан  (Алла оған разы болсын) келіп жеткен;

عَنِ ابْنِ عُمَرَ ، قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ زَارَ قَبْرِي وَجَبَتْ لَهُ شَفَاعَتِي

«Кім менің қабірімді зиярат етсе, оған шапағатым уәжіп болады», делінген. Имам Байһақи риуаят еткен хадисте:

من زارني متعمداً، كان في جواري يوم القيامة

«Кім мені сауап ниетімен Мадинаға келіп зиярат етсе, қиямет күні менің көршім болады» деген. Алла бізге Хақ Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шынайы түрде сүюді әрі қадірлеуді нәсіп етсін. Барлық мадақ әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға тән! Аннығы тек Аллаға мәлім.

Нұрлан Рамазанов,

«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің бас имамы

Бөлісу: