25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбардың (с.а.с) жүкті әйел мен жаңа туылған сәбиге қамқорлығы

Пайғамбардың (с.а.с) жүкті әйел мен жаңа туылған сәбиге қамқорлығы

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Алла елшісі (с.а.с.) сәбиге дүниеге келместен бұрын, ана құрсағында жатқанда-ақ көңіл бөле бастайтын. Фатима анамыз Хасанға жүкті болып, толғағы жақындаған шақта жиі барып хал-жағдайын сұрап, керек-жарағына көмектесті.

Сосын: «Бала дүниеге келген кезде маған хабар бермейінше, балаға еш нәрсе жасамаңдар», – деп ескертіп кетеді. Фатима анамыздың жанында Сәуда бинт Мисрах бала дүниеге келген сәтте Пайғамбарымызға (с.а.с.) ескертпестен сары түсті матаға орап қояды. Алла елшісі (с.а.с.) оны естігенде реніш білдіріп: «Менің айтқанымды істемедің», – деп кейіс танытып, ер балаға жараспайтын сары түсті жаялықты шешіп, ақ жаялыққа орайды. Сосын баланың аузына түкірігінен жағып, артынша Алиді (р.а.) шақырып атын кім қойғандығын сұрайды (Алиулмуттақи ибн Хусайддин әл-Һинди 974/1567; Кәнзул-Уммал фи Сунанил ақуал уал-афал, Хайдарабад 1945, 16/261). Расулалла (с.а.с.) ата-аналарға балаларын жынысына сай түспен киіндіру керектігін осындай әрекетпен көрсетеді.

Хүсейн туылғанда да осылай жасаған. Үммі Сүләймнің ұлы Абдулланың туылуы жақындаған сәтте Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Балаңның кіндігін кескенде мені шақыр, мен келмей тұрып ештеңеден дәм таттырма», – деп ескертеді (Қади Әбу Талип, «Шарху илали Тирмизи» Сараи).

Алла елшісі (с.а.с.) жаңадан туылған баланың таңдайына құрманың жұмсағын жағып дұға қылатын. Қос құлағына азан мен қамат айтып, есімін қоятын. Содан кейін шақалаққа жеті күн толғанда, ер баланы сүндетке отырғызып, алғаш шыққан шашын алдырып, сол шаштың салмағындай садақа беріп, ақиқа құрбандығын шалған.

Баланың дүниеге келгеніне қуанып, қуанышты хабарды алғашжеткізген кісіге сүйінші беру де сүннет. Баласы Ибраһимнің дүниеге келуін сүйіншілеп жеткізген Әбу Рафиаға Пайғамбарымыз бір қой берген (Ибн Абдулбарра «әл-Истиғаб фи мағрифатил-асхаб» Каир 1328 1/141).

Жаңа туылған баланың ішетін сүтіне де аса мән берген. Ибраһимнің анасы Марияның сүті аз болғандықтан, бір қой алып, соның сүтін ішкізген. Тіпті риуаяттарда сүт ана жалдағандығы да айтылады (Мүслим, Фадайл 63). Емізулі баласы бар ананың жүкті болуы (сүті өзгеріске ұшырайтындықтан), емшектегі бала үшін зиянды екендігін ескерткен.

Балалардың қоректенуіне байланысты бір айта кететін жайт: балалар су ішкісі келсе дереу су беру керек екендігі маңызды. Бұған дәлел Пайғамбарымыз (с.а.с.) бірде Фатиманың үйінде түнеген болатын. Түнде әуелі Хасан, сосын Хусейн су сұрайды. Алла елшісі (с.а.с.) дереу тұрып су береді (Ибн Хажар, әл-Маталибул-алия 4, 69). Бала су сұрағанда оны күткізбей, тіпті түннің жарымында болса да дереу талабын орындау керектігін осылайша үлгі еткен.

материал «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жайында 111 сұрақ» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: