25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Мәуліт мейрамын атап өтудің дініміздегі үкімі

Мәуліт мейрамын атап өтудің дініміздегі үкімі

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) туылған күнін қасиетті мереке ретінде атап өту үрдісі ислам әлемінде IV-V һижри ғасырлардан басталады. Ислам ғұламалары бұл жайлы көптеген құнды еңбектер жазып, мәуліттің дініміздегі орнын анықтауға тырысқан. Қазіргі таңда бұл мерекені бір-екі мемлекеттен тыс барлық ислам әлемі ерекше атап өтеді.

Мерекеде Алла Тағаланың кәламы – қасиетті Құран оқылып, пайғамбарымыз жайлы мадақ өлеңдер мен жырлар, салауаттар айтылып, сәлем жолданады. Пайғамбарымыздың өнегелі өмір жолы барынша қыр-сырымен насихатталып, үмметінің Алла Елшісіне (с.а.у.) деген сүйіспеншілік сезімдері одан әрі күшейтіле түседі.

Мүмкіндікке қарай қасиетті мәуліт күнін себеп етіп жұртқа сусын, тамақ таратып, сыйлықтар беріп, басқа да игі шаралар атқаруға болады. Мәуліт мерекесін атап өтуді дұрыс деген ғалымдардың бәрі бір ауыздан бұл мерекені атап өту барысында шариғатқа қайшы іс-әрекеттердің орын алмауын шарт қосуда.

Мәуліт мерекесіне байланысты дәлелдерді жазбас бұрын бұл мерекені арнайы атап өтудің пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисіндегі "...Кейіннен (дінде) шығарылған барлық жаңа нәрселер – бидғат, ал барлық бидғат – адасушылық" (әл-Мустадрак алас-сахихайн, 1-том, 174-бет, Дарул-кутибил-илмия, Бәйрут, 1990 ж.) деп ескерткен адастырушы бидғатқа қатысы бар-жоқтығын анықтап алайық.

Иә, мәуліт мерекесін тойлау пайғамбарымыздың заманында болмағаны рас. Пайғамбарымыздың заманы нда болмаған істі ғибадат ретінде тұрақты жасау бидғатқа жатады. Бірақ бидғат түсінігі ғұламалар арасында әр түрлі түсіндірмеге ие күрделі мәселе. Бір топ ғалымдар бойынша бидғат; «бидғат хасана», «бидғат саййа» яғни, жақсы және жаман бидғат болып екіге бөлінеді. Шариғатқа қайшы емес әрі мұсылмандарға пайдасы бар, құлды сауапқа жетелер барлық істер кейіннен қосылса да жақсы бидғатқа жатады. Бұл жайлы Имам Муслимнің хадис кітабына 18-том етіп кең түсіндірме жазған, әрі мұсылман әлемінде өте танымал «Риадус-салихин» (салиқалы құлдардың бақшалары» атты хадис кітабының авторы Имам Нәуәуи: «Пайғамбарымыздың заманында болмаған барлық істер бидғатқа жатады. Бірақ бидғаттың жақсы да жаманы да бар» деп бидғатқа түсінік берсе, Имам Шафиғи: «Кейіннен шығарылған істер екі түрлі болады. Біріншісі, Құранға, сүннетке, әсаарға яки ислам ғұламаларының ортақ ижмағына (үкімдегі ортақ көзқарас) қайшы келетін бидғаттар, бұл адастырушы бидғат. Ал екіншісі оларға ешкімнің қарсылығы жоқ жақсылық істер. Бұл дұрыс бидғат» (Әбу Бәкір Ахмед ибн әл-Хусайн ибн Али ибн Муса Әбу Ахмет, Мағрифатус-сунан уәл-әәсаар лил-Бәйһақи, 2-том, 521-бет. Дәрул-кутубил-илмия, Бәйрут) деп бидғатты екіге бөліп қараған.

Пайғамбарымыздан кейін қалыптасқан кейбір жақсы істер мен үрдістердің ғибадатта болса да жақсы бидғатқа жататындығына Омардың заманында болған мына бір оқиға дәлел бола алады: Абдур-Рахман ибну Абдил-Қаридан риуаят етілді. Ол былай деді: "Омармен бірге рамазанның бір түнінде мешітке бардым. Адамдар шашыраңқы. Біреуі жеке басына өзі намаз оқып жатса, енді бірі өзінше намаз оқып жатқанда артына келіп басқа бір топ адамдар оның оқып тұрған намазына ұйып жатыр. Мұны көріп Омар: "адамдардың бәрін бір қаридың артына жинасам жақсы болады деп ойлаймын",-деді де Убәй ибн Кәғбті имам етіп жамағатты артына ұйытты. Сосын басқа бір түні мешітке Омармен бірге бардым. Адамдардың бәрі бір қариға ұйып тұр. Мұны көрген Омар: "бұл қандай жақсы бидғат" деді. (Сахихул-Бухари, 2-том, 707-бет, Дәру Ибни Кәсир баспасы, Бәйрут, 1987 ж. Сунанул-Бәйһақил-кубра, 2-том, 493-бет, Мәктабату Дарил-Баз, Мекке, 1994 ж.) Яғни, пайғамбарымыздың заманында мұсылмандар рамазанның әр түнінде жамағат болып тарауих намазын мешітте оқымайтын. Пайғамбарымыз бастапқы кезде бір неше күн тарауиқ намазын мешітте оқыса да кейіннен мешітте оқымаған әрі тарауиқ үшін мешітке жамағатты жинамаған. Әбу Бәкірдің заманында да солай болған. Кейіннен Омар жамағаттың бәрін бір имамға жинап тарауих намазын күнде мешітте өткізу үрдісін қалыптастырған. Әрі "бұл қандай жақсы бидғат" деп бидғаттың барлығының жаман еместіген меңзеді. Рифағату ибну Рафиғ әз-Зурақииден риуаят етілген мына бір оқиғаны да дәлел ретінде келтіруге болады.

Рифағату ибну Рафиғ әз-Зурақии былай деді: "Бір күні пайғамбарымыздың артында намаз оқып тұр едік пайғамбарымыз рүкүғден басын көтерген кезде: "Самиғаллаһу лиман хамидаһ" (Алла Тағала мадақтың кім үшін екенін әлбетте естіді) деді. Артында тұрғандардың бірі: "Раббана уә лакал-хамду хамдан таййбан мүбәракан фиһ" (Раббымыз! күллі тамаша әрі мүбәрак мақтаулардың бәрі саған тән) деп дұға оқыды. Намаздан шыққаннан кейін Пайғамбарымыз: "Жаңағы сөйлеген кім?"-деді. Әлгі кісі: "Мен" деп жауап қайырды. Пайғамбарымыз: "отыз неше (Араб тілінде "бид'атун" сөзі үш пен тоғыз санының арасындағы мөлшерді білдіреді. Біз бұл жерде "неше" деп қазақ тіліндегі ең жақын баламасын ғана беріп отырмыз) періште (айтылған бұл дұған ың) сауабын қайсымыз бірінші жазамыз деп жарысқанын көрдім"-деді (Сахихул-Бухари, І/275, Дәру Ибни Кәсир баспасы, Бәйрут, 1987 ж. Және қосымша мына хадис кітаптарына қараңыз: Муснад Ахмад, Насаай, Муатта, Бәйһақи, Әбу Дәәуід. Сахиху Ибни Хиббан). Хадис саласының танымал хафиз ғалымы Ибн Хажар Асқалани бұл хадисті түсіндіру барысында: "осы хадис арқылы намазда сүннет дұғаларға қайшы емес, дұғаларды қосуға болатындығын дәлелдеді" (Ибн Хажар Асқалани, Фатхул-Бари шархул-Бухари, ІІ/287, Дарул-мағрифа баспасы, Бәйрут) деді. Пайғамбарымыз айтпаған бұл дұғаны әлгі сахабаның намазда айтуы әрі пайғамбармыздың әлгі сахабаға қарсы шықпауы, тіпті, айтқан дұғасының сауабының зор екенінен хабар беруі – пайғамбарымыз істемеген әрбір нәрсенің дінімізде тыйылмағандығын аңғартады. Намаздың өзінде осындай сүннет дұғаларға қайшы емес дұғаларды айтуға тыйым салынбаса, намаздың тысындағы істерде қаншалықты кеңдік бар екенін аңғару қиын емес.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) басқа бір хадисінде: "Кімде-кім исламда жақсы жол бастаса (салса, үрдіс қалыптастырса, ойлап шығарса), ол адамға сол істің сауабы және өзінен кейін сол жолмен қияметке дейін амал еткен барлық адамдардың алатын сауабындай сауап жазылады. Ал кім де кім исламда жаман жол бастаса (салса, үрдіс қалыптастырса, ойлап шығарса) ол адамға да сол жолдың күнәсі және өзінен кейін сол жолмен қияметке дейін амал еткен барша адамдардың күнәсындай күнә жазылады" (Сахих Муслим, ІІ/705, Дәру Ихиа'ит-турасил-араби баспасы, Бәйрут. Сунану Ибни Мәжа, І/74, Дәрул-фикр баспасы, Бәйрут) - деген. Демек, Сахих Муслимдегі бұл хадистен пайғамбарымыздан кейін қалыптасқан барлық істердің жаппай адастырушы бидғат емес екендігін, тіпті кейіннен қалыптасқан кейбір шариғатқа қайшы емес істердің өте сауапты іс екенін аңғаруға болады.

Ендеше, мәуліт мерекесін атап өту де иншалла "жақсы бидғаттың" қатарына жатады. Хадис саласының мәшһүр ғалымы Хафиз Жәләлуддин әс-Сюти өзінің "Мәуліт нәбиді атап өтудегі жақсы мақсат" деген кітабында мәуліттің үкімі жайлы сұралған сұраққа былай деп жауап берген: "...Мәуліт мерекесі жақсы бидғатқа жатады. Бұл амалды атқарушы сауапқа кенеледі. Себебі, мәулітте Пайғамбарымыздың қадір-қасиетін құрметтеу әрі Оның (с.а.у.) дүниеге келуіне қуануды көрсету бар" (Али Жум'а, әл-Баян ми'әту фәтуа ли радди әһәмми шубәһил-харижи уә лима шамилад-дахил, 166-бет, 2005 ж.) -деп жауап берген.

Енді бір топ ғалымдар бойынша бидғат; "жақсы", "жаман" делініп екіге бөлінбесе де, дінде негізі бар әрі шариғатқа қайшы емес кейіннен пайда болған барлық іс әрекеттер бидғатқа жатпайды. Енді мәулітті атап өтудің дұрыс, тіпті, мұстахаб амал екендігіне байланысты дәлелдерді саралап көрейік: Сахих Муслимде Әбу Қатададан мынандай хадис риуаят етілді. Ол былай деді: Пайғамбарымыздан (с.а.у.) дүйсенбі күнгі ораза жайлы сұралған еді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Бұл күні мен дүниеге келдім әрі елші болып жіберілдім немесе бұл күні маған құран түсті» (Пайғамбарымыздың елші болып жіберілдім дегенін яки Құран түсе бастады деп айтқанын хадисті риуаят етуші кісі нақты есіне сақтай алмағандықтан осылай риуаят еткен.) - деп жауап берді (Сахих Муслим, ІІ/819, Дәру Ихиа'ит-турасил-араби баспасы, Бәйрут. Сахих ибни Хиббан, ҮІІІ/403, Муәссатур-Рисалә, Бәйрут, 1993ж.). Хадисте пайғамбарымыздың дүниеге келген күнінің ерекшелігі мен қасиеттілігі, тіпті, бұл күнде Ұлы Жаратқанға шүкір ниетімен ораза ұстаудың сауаптылығы айтылған.

Иә, пайғамарымыздың дүниеге аяқ басуы Ұлы Жаратушының ғаламға сыйлаған ең үлкен нығметі мен жақсылығы екені сөзсіз. Құранда: «Біз сені күллі ғалам үшін рақым етіп қана жібердік» (Әнбия сүресі, 107-аят.) деп осы ақиқатты меңзеген. Сондықтан Оның (с.а.у.) дүниге аяқ басып, ғаламды нұрға бөлеуі – артына ерген үмметі үшін үлкен қуаныш. Ол (с.а.у.) дүниеге келмес бұрын барша ғалам қараңғылыққа тұншығып жатқан-ды. Адамзат небір меңіреу пұттарды құдай танып, ес-түссіз құлшылық ұрды. Ақ қара саналып, асыл құнсызданды. Небір сорақы істер мен арсыз қылықтар игілікке бағаланып, иелері атақ-абыройға кенеліп жатты. Осы бір сұрапыл да қараңғы заматта Пайғамбарымыз Нұр Мұхаммед (с.а.у.) дүниеге қадам басты. Оның құтты қадамы осынау қараңғы дәуірге нұр боп шашылды. Иә, біздер пайғамбарымыз (с.а.у.) арқылы Ұлы Жаратушыны қатесіз танып, оның тура жолын түсіндік. Ақ пен қараны ажыратып, жұмақ пен тозақты білдік. Бізге ғайып болған ақыреттің сырларына сүңгіп, небір тылсым дүнилерден хабардар болдық. Адамдық борышымыз бен асыл міндетімізді аңғарып, дүниенің мәні мен жаратылыстың мағынасын ұқтық. Ендеше, пайғамбарымыздың (с.а.у.) дүниеге келуі – мұсылмандар үшін зор қуаныш, Ұлы Иеміздің құлдарына жасаған ұлы жақсылығы. Ал қуанышты бөлісудің, оны белгілі бір жүйемен көрсетудің, Алла Тағаланың жақсылығы мен нығметін шүкір мақсатында жария етудің дінімізде негізі мен дәлелі бар. Құранда «Дұха» сүресінде: «Ал, Раббыңның саған берген нығметін (шүкір ету мақсатында) айт!»-десе, «Ибраһим» сүресінде: «...Алла Тағаланың күндерін олардың есіне сал» (Ибраһим сүресі, 5-аят.) делінеді. Ибн Аббас: «Алла Тағаланың күндерін» дегенді «Алла Тағаланың жақсылықтары берілген күндер»-деп те тәпсірлеген (Алфайруз Абади, Тануирул-миқбас мин тафсири Ибн Аббас, І/211, Дарлул-кутубил-илмия, Лубнан.). Олай болса, пайғамбарымыздың дүниеге келуін мереке ретінде атап өту – ең әуелі Алла Тағалаға шүкір етудің, көкіректегі қуанышты жария етіп бөлісудің көрінісі деуге әбден болады.

Иә, оның дүниеге келіп, ғаламды нұрға бөлей бастаған күнге қуанбау әсте мүмкін емес. Сахихул-Бухариде және басқа да хадис кітаптарында Әбу Ләһабтың әр дүйсенбі күні тозақтағы азабының аз да болса жеңілдейтіндігіне байланысты хабар бар (Сахихул-Бухари, 5-том, 1961-бет, Дәру Ибни Кәсир баспасы, Бәйрут, 1987 ж.). Себебі, Әбу Ләһаб Пайғамбарымыз дүниеге келгенін естіген кезде қуаныштан Суәйба атты күңін азат еткен. Ал енді өмірден кәпір боп өткен әрі Құранда Алла Тағаладан тікелей «екі қолы бірдей құрысын!» (Мәсад сүресі, 1-аят.) - деп қарғыс алған Әбу Ләһабтың пайғамбарымыздың дүниеге келгенін естіп, бір рет қуанғаны үшін тозақта аз да болса азабы жеңілдейтін болса, Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың дүниеге келгені үшін өмір бойы көкірегін қуаныш билеп, Раббысына сол үшін шексіз шүкір еткен мұсылман баласының ақыретте Ұлы Жаратушысынан алар сауабын пайымдау қиын болмаса керек-ті. Хафыз Шамсуддин ибн Насырид-димашқи былай деп бәйт жазған:

Ибн Хажар Асқалани мәуліт мерекесінің дұрыстығына байланысты Бухари мен Муслимде және басқа да хадис кітаптарында кездесетін Ибн Аббастан риуаят етілген мына бір сахих хадисті дәлел ретінде келтіреді: Пайғамбарымыз (с.а.у.) Меккеден Мәдинаға келген кезде еврейлердің Ашура күні ораза ұстап жатқанын көрді де: "Ораза ұстап жүрген бұл күндерің қандай күн?" деп сұрады. Олар: "Бұл – ұлы күн. Өйткені, бұл күні Алла Тағала перғауын мен оның жұртын суға батырып, Мұса пайғамбар мен оның қауымын құтқарған еді. Мұса пайғамбар осы күні Алла Тағалаға шүкір ниетімен ораза ұстайтын. Міне, біз де ораза ұстаймыз"- деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): "Мұса пайғамбарға біз сендерден де жақынбыз"-деп осы күні ораза ұстады әрі мұсылмандарға осы күні ораза ұстауды бұйырды" (Сахихул-Бухари, ІІ/704, Дәру Ибни Кәсир баспасы, Бәйрут, 1987ж. Сахих Муслим, ІІ/796, Дәру Ихиа'ит-турасил-араби баспасы, Бәйрут.). Ибн Хажар Асқалани бұл хадистен мәулітке байланысты мынандай дәлел шығарып отыр: "Бұл хадистен Алла Тағаланың арнайы бір күні құлдарына берген жақсылығы яки бір қиыншылықтан құтқарғаны үшін құлдарының оған алғыс білдіріп, шүкір етудің қажетті амал екенін түсінуге болады. Әрі бұл күн жыл сайын қайталанып отырады. Алла Тағалаға шүкір ету – сәжде жасау, ораза ұстау, садақа беріп, құран оқу секілді түрлі ғибадаттар арқылы жүзеге асады. Ендеше, рақым пайғамбар – Мұхаммедтің мәуліт күні дүниеге келуінен де артық Алла Тағаланың қандай жақсылығы, нендей үлкен нығметі бар?" (Али Жум'а, әл-Баян ми'әту фәтуа ли радди әһәмми шубәһил-харижи уә лима шамилад-дахил, 167-бет, 2005 ж.) -деп пайғамбарымыздың (с.а.у.) дүниеге келуінің Алла Тағаланың құлдарына берген ұлы жақсылығы екенін және мәуліт мерекесін атап өтудің Ұлы Жаратушының осы жақсылығына деген құлдарының алғысы мен шүкірі, пайғамбарларына деген сүйіспеншілігі екенін түсіндіруде. Иә, Ибн Хажар Асқалани секілді Сахих Бухариға "Фатхул-Бәри" атты кең түсіндірме жазған хадис саласының майталман шебері, "хафыз" ғалымының келтірген дәлелі ойлануға тұрарлық дәлел.

Әртүрлі зиянды яки пайдасыз мерекелердің көптеп аталатын бүгінгі қоғамда, сан-алуан жолдармен ділімізге, салт-санамызға жат ұғымдардың барынша жарнамаланып жатқан қиын да қым-қиғаш мына заманда мәуліт мерекесіне "бидғат" деп қарсы шығу былай тұрсын, оны жастарымыздың, жалпы халқымыздың имандылығының артып, пайғамбарына деген сүйіспеншілігінің нығайуы үшін бар мүмкіндігінше пайдалана білуіміз керек.

Сөз соңы, Пайғамбарымыздың өнегелі өмір жолын жан-жақты ашып түсіндіретін, исламның асыл құндылықтарын насихаттайтын түрлі рухани кештер мен жиындарды ұйымдастыру – мерекені атап өтудің негізгі мақсаты мен асыл мұраты екенін ұмытпағанымыз жөн. Әйтпесе, пайғамбарымыздың туылған күні – тек ән салып, ішіп-жеумен ғана өткізілетін пендешілік мереке емес. Сондықтан мәуліт мерекесін атап өту барысында шариғатқа қайшы түрлі іс-әрекеттерден барынша аулақ болуымыз ләзім. Бұған қоса, жыл сайынғы мәулітке орай ұйымдастырылатын іс-шараларды түрлендіріп, мазмұнын сан алуан тақырыптармен гүлдендіріп отырсақ халықтың ынта-ықыласының да артып, мерекенің берер нәтижесі де жемісті болары сөзсіз. Хақ Тағала баршамызды өзіне сүйікті құл, хазіреті Мұхамметке (с.а.у.) шынайы үммет болуды нәсіп еткей! Әмин!

материал «Дін мен діл» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: